КЕСІР-КЕСАПАТҚА САБЫР ЕТУ

27 ақпан 2024 1683 0
Оқу режимі

Өлім-жітім, кесел, жара-жарақат, сынық, аштық, қуаңшылық, жоқшылық тәрізді басқа түссе, адамға оңай тимейтін оқиғалар мен бәлекеттер аз емес. Мұсылман баласының табысы Алла Тағаланың ізгілігі, жақсылығы болғаны секілді, басқа түскен бүкіл бәле, кесапат та Алла Тағаланың тағдыры.

Тағдырға сену қиыншылық алдында жүрекке күш-қайрат береді. Қиында да, қызықта да адамға сабыр сақтайтын қажыр береді. Пенделікке сай әсер алғанмен, саспайды, қайғының ауыр салмағына да, қуаныштың мақтаны мен желігіне де берілмейді. Бәрінің Алла Тағаладан екенін және түрлі астыртын хикметтері бар екенін біледі. Екі жағдайда да көңілін  Алланың кешірімі мен ризашылығына бағыттап кішік әрі разы ниетпен міндетін атқарады.

Aлла Tағала Хадид сүресінің 22 және 23-ші аяттарында былай дейді –мағынасы-: “Жер бетінде орын алатын (қуаңшылық, зілзала, топан су сынды) қандай апат болмасын, яки бастарыңа келетін (ауыру-сырқау, ашаршылық, жақындарыңнан немесе дүние-мүліктеріңнен айырылу сынды) қандай ауыртпалық болмасын, бәрі де Біз оларды жаратпай тұрып-ақ кітапқа (лаухул-махфузға, тағдыр тақтасына) жазылып қойылған. Шүбәсіз, бұл Алла үшін оп-оңай. Бұл уыстарыңнан шығып кеткенге аһ ұрып өкінбеулерің және Алланың нәсіп еткен нығметтеріне масайрап, асып-таспауларың үшін. Алла кеудесіне нан пісіп, менменсіген мақтаншақтардың ешбірін ұнатпайды”.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: “Мұсылманның басына дерт, ауру, қайғы, мұң, қиыншылық немесе уайым секілді нәрселер келсе, тіптен әлдеқандай бір тікен кірсе, сөз жоқ, соның қарымы ретінде оның кей кемшіліктерін Алла Тағала кешіріп, бүркейді”. Бұл хадис мұсылмандар үшін үлкен қуанышты хабар. Шынында да мұсылман баласы денесіне, байлығына немесе қызметіне кесірі тиген жайлардың қандай да бір қарымы болатын біліп, Алланың тағдырына разы болып, сабыр мен байыптан айнымау керек.

(Дүние нығметтері үшін қатты қуанба да, кейіме де. Әй, көңіл, білгейсің, дүние бір қалпында тұрмайды).

Пікірлер Кіру