Карантин жайлы шариғат не дейді?

19 наурыз 2020 7227 0
Оқу режимі

Омар бин Хаттабтың (р.а.) халифалығы кезінде һижраның 18 жылы оба ауруы тарады. Тарихта бұл обаға Амуас обасы деген ат берілген. Амуас – оба шыққан ошақ. Палестинадағы Рамлә мен Байт-Мақдис арасында орналасқан шағын қала.

Оба Шам аймағында тез тарала бастады. Бұл дерт 25-30 мыңға жуық кісінің өмірін жалмады. Дерттен көз жұмғандар қатарында Әбу Убайда ибн Жаррах, Мұғаз бин Жабал, Сухайл бин Амр (р.а.) және де басқа да көптеген сахабалар шейіт болды. Бұл хабар Мәдина қаласына жеткенде халифа Омардың Шам аймағына мемлекет басшысы ретінде іс сапарға шығуы жоспарланған еді.

Аталған оқиғаны Абдулла бин Аббас (р.а.) еске алып былай деп баяндайды: «Халифа Омар (р.а.) Шам аймағына сапарға шығып, Мәдина қаласынан алыстап, Сарғ елдімекеніне де жетіп қалған еді. Осы кезде Шам қолбасшысы Әбу Убайда (р.а.) серіктерімен суық хабар алып келді. Шам аймағында оба барын хабарлады.

Халифа Омар (р.а.) Ибн Аббасқа алғашқы мұхажир сахабаларды шақыртып кеңес құрды. Меккелік мұхажир сахабалар бір шешімге келе алмады. Бір тобы: «Үлкен жоспармен жолға шықтыңыз. Кері қайтқаныңыз дұрыс болмайды», - десті. Екінші тарап: «Сізбен бірге бұл жолға Алла елшісінің сахабалары да шықты. Олардың басын бәйгеге тігіп оба жайылған жерге барғаныңыз жөн болмас», - деген пікір білдірді.

Халифа ансар сахабаларды шақыртып, олармен де жеке кеңес құрды. Мәдиналық сахабалар да бір тоқтамға келе алмады. Соңында халифа: «Ертең жолға шығамыз. Кері ораламыз, жұртқа хабар берілсін», – деді. Мұны естіген Әбу Убайда (р.а.): «Алланың тағдырынан қашып барасыз ба?» – деді.

Сонда Халифа бұл шешімін қолбасшыға былайша түсіндірді: «Иә, Алланың тағдырынан Алланың тағдырына бара жатырмын. Егер де сенің түйелерің болса, ал алдыңнан бір жағының шөбі шүйгін, екінші жағы сортаң жайылым кезіксе, түйелеріңді қалауыңмен шөбі шүйгін жағына жайсаң да, Алланың тағдырымен,  сортаң жағына жайсаң да Алланың тағдырымен жайған болмайсың ба?» деді.

Осы кезде жеке шаруасымен жүрген сахаба Абдурахман бин Ауф (р.а.) қайтып келе жатқан еді. Болған жайтты естіп, халифаға: Бұл мәселеге қатысты менде Алла елшісінен (с.ғ.с.) естіген риуаятым бар: «Бір жерден оба шықты деп естісеңдер, онда барушы болмаңдар. Ал егер сендер тұрған жерден шықса, обадан қашып ол жерден шықпаңдар», - деген еді» – дейді. Мұны естіген халифа Омар (р.а.) қабылдаған шешімінің хадиске сай келгеніне шүкіршілік етті. Міне, бұл риуаят жұқпалы ауру белең алған кезде орындалатын қажетті карантин шаралары.

Шариғатта қорғауға алынған бес негіздің ішінде: адам өмірі мен денсаулығын қорғау және сақтау бар. Оның көрінісі дәрет, намаз, ораза және басқа да құлшылықтарда көрініс табады. Бұл маңызды. Суық кезде салқын сумен дәрет алмау. Науқас адамдардың Рамазан оразасынан уақытша босатылуы осы негізде жүзеге асырылады.

Бүгінгі жағдайға байланысты Сахих Муслим жинағында Абдулла бин Аббас (р.а.) жаңбыр құйып тұрған күні азаншыға: «Алладан басқа құдай жоқ екеніне куәлік етемін, Мұхаммед Оның елшісі екеніне куәлік етемін» деген азан сөздерінен кейін «Намазға асығыңдар» деген сөздің орнына: «Үйлеріңде оқыңдар», - деп айт», – деген риуаят бар. Риуаяттың жалғасында: «Мұны жұрт құп көрмегендей сыңай танытты. Сонда сахаба Ибн Аббас (р.а.): «Сіздер бұған таң қалып тұрсыздар ма? Менен әлдеқайда қайырлы (ұлық, мәртебелі) адам мұны істеген», - деп пайғамбарымызды меңзеген екен. Ибн Аббас (р.а.) мұны жаңбыр нөсерлеп жауып тұрған уақытта көпшілікке жұмаға қатысуы қиындық тудыратынын түсініп, шешім қабылдаған. Бұл хадис Бұхари еңбегінде де кездеседі.

Абдулла бин Омар (р.а.) суық және дауылды түнде намаз азанында: «Көліктеріңнің жанында намаз оқыңдар», – деген сөз айтады. Оның себебін Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қатты суық және жаңбырлы түнде азаншыға: «Көліктеріңнің жанында намаз оқыңдар», - деп айттыратын, – дейді. Көліктері дегені жолаушылап жүргенде түйелері мен жүктерінің жанында. Демек, тұрғылықты және жолаушыға да өміріне немесе денсаулығына қауіп төнгенде сақтық шараларын жасау қажет екендігі риуаяттарда айтылған.

Мұсылман үшін әр жағдай қайырлы. Әр жағдайды өз игілігіне қарай икемдей біледі. Осы бір кезеңді тиімді пайдаланып, бала-шаға тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуге мүмкіндік деп білген жөн. Бала-шағамен жамағат боп үйде құлшылық ету, дұға тілеу – әрбіріміздің арманымыз. Ата-анасына айтарлықтай көңіл бөлуге уақыт таппай жүрген жанға да бұл бір мүмкіндік. Ал ойы түзу емес адам ең қолайлы сәттің өзінен бір мін немесе кемшілік таба алады. Өйткені, әркімнің көзі жүрегіндегі діттеген дүниесіне түсетіні мәлім.

Жұма намазы мен бес уақыт намазды мешітте жамағатпен оқуды уақытша тоқтату жөнінде ҚМДБ Ғұламалар кеңесі шығарған пәтуасы – бұқара халықтың денсаулығы мен амандығын сақтау мақсатында дер кезінде қабылданған шешім. Көршілес – Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Түркия, Иран, Сауд Арабия, Кувейт, Мысыр, Йордания, Палестина, Марокка, Малайзия елдерінде де осындай шешім қабылданып, жұма намазы уақытша тоқтатылды.

Құрметті бауырлар! Сол себепті, әртүрлі алыпқашпа әңгімелер мен өзге елде отырған «шейхсымақтардың» пәтуаларына алаңдамай ҚМДБ пәтуасына мойынсұнайық. Пәтуа – ғұламалардың ортақ шешімі. Ал ол пәтуаға бағыну –ел мұсылмандарына уәжіп. Бұл күн де өтер. Бастысы, қоғамның және өзіміздің амандығымыз үшін көрсетілген барлық сақтық шараларын жасайық. Алла Тағаладан жамағат боп барлық діни рәсімдеріміз бен құлшылықтарызды атқаратын күнге жеткізсін деп тілейік! Әумин!

Төлеби ОСПАН,
Ақтөбе облысының бас имамы

Пікірлер Кіру