ИСРА ЖӘНЕ МИҒРАЖ ОҚИҒАСЫ

17 ақпан 2023 4302 0
Оқу режимі

Алла Тағала Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) хижреттен (ұлы көштен) 1,5 жыл бұрын Ережеп айының 26-нан 27-не қараған түні Мекке қаласынан Ақса мешітіне апарып, сол жерден миғражға көтерді. Исра сүресінде: «Пендесін бір түні оған белгілерімізді көрсету үшін Харам мешітінен біз айналасын мүбәрәк қылған Ақса мешітіне (исра жасатып) апарған Алла Тағала әр түрлі кемшіліктен пәк», – делінген.

Алла елшісінің жұбайы Хадиша анамыз бен көкесі Әбу Талиб қайтыс болып, Таиф сапарынан қатты соққы алған т.б. оқиғалардан кейін Екі дүние сардарына жұбату іспеттес Миғраж оқиғасы орын алған еді. Бұл оқиға мүміндердің иманын қуаттаса, иманы әлсіз немесе күпір сенімдегілердің күпірлігін арттырды.

Аллаһ елшісі бұл түні Меккедегі қасиетті мешіттен Иерусалимдегі Бәйт әл-Мақдиске жеткізілген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ол жерге Бурақ деп аталатын жануарға мініп, Жәбірейілмен (ғ.с.) бірге барған. Бәйт әл-Макдиске тоқтап, Бурақты мешіттің қақпасының шығыршығына байлаған және басқа пайғамбарларға имам болып намаз оқыған.

Сонан сон Аллаһ елшісі (с.ғ.с.) сол түні Бәйт әл-Мақдистен ең төменгі аспанға көтеріліп, Жәбірейіл Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үшін аспан қақпасын ашуды сұраған және ол үшін аспан қақпасы ашылған. Сол орында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) адамзаттың атасы Адамды көріп, оған сәлем берген. Адам (ғ.с.)  оған «қош келіпсің» айтып сәлеміне жауап қайтарған және оның пайғамбарлығын мойындаған. Сондай-ақ Аллаһ Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Адамның оң жағынан шәһидтердің рухтарын, сол жағынан бақытсыздардың рухтарын көрсеткен.

Сонан соң Пайғамбарымызды (с.ғ.с.)  екінші, үшінші, төртінші, бесінші аспанға алып шығып, Жәбірейіл ол үшін қақпалардың ашылуын сұраған. Аллаһ елшісі (с.ғ.с.)  әр аспаннан Яхия ибн Зәкәрия мен Иса ибн Мәриямді, Юсуф пайғамбарды, Идрис пайғамбарды, Һарун ибн Имранды көрген. Оларға жолыққан және сәлем берген, олар оның сәлеміне жауап қайтарып, «қош келіпсің» айтқан және оның пайғамбарлығын мойындаған.

Сонан соң Аллаһ елшісін (с.ғ.с.) алтыншы аспанға алып шыққан. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ол жерде Мұса ибн Имранды жолықтырып, оған сәлем берген. Мұса пайғамбар да оған «қош келіпсің» айтқан және оның пайғамбарлығын мойындаған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  жанынан өтіп бара жатқанда, Мұса жылаған. Одан: «Не үшін жылайсың?» - деп сұралғанда, ол: «Менен кейін жіберілген баланың үмбетінен жәннатқа кіретіндер менің үмбетімнен жаннатқа кіретіндерден көп болатындығы үшін жылаймын», – деп жауап берген.

Содан кейін Пайғамбарымызды (с.ғ.с.)  жетінші аспанға алып шыққан. Аллаһ елшісі (с.ғ.с.) ол жерде Ибраһим пайғамбарды (ғ.с.) жолықтырып, оған сәлем берген. Ибраһим оған «қош келіпсің» айтқан және оның пайғамбарлығын мойындаған.

Содан кейін Аллаһ елшісі (с.ғ.с.)  шегіне жететін орындағы Сидраға[1] дейін көтерілген. Сонан соң оған Бәйт әл-Мағмур[2] көрсетілген.

Содан кейін Пайғамбарымызды (с.ғ.с.)  Ұлы Аллаһтың алдына алып барған. Раббысы пендесіне уахи еткенін уахи еткен және елу намазды міндеттеген. Сосын Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) кері қайтып, Мұсаның жанынан өткенде, Мұса одан: «Раббың саған не бұйырды?» – деп сұраған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Елу намазды бұйырды», – деген. Мұса: «Негізінде, үмбетіңнің бұған шамасы келмейді. Раббыңа қайта барып, Одан үмбетің үшін жеңілдік сұра», Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Жәбірейілге бұрылып, осы жайлы одан кеңес сұрағандай болған. Жәбірейіл «қаласаң, иә» дегенді нұсқаған.

Сөйтіп, Жәбірейіл оны алып көтеріліп, аса игі әрі бәрінен жоғары Ұлы Аллаһқа апарған. Аллаһ тағала одан он намазды алып тастаған. Сонан соң Пай- ғамбарымыз (с.ғ.с.) төмен түсіріліп, Мұсаның жанына келгенде, оған жағдайды баяндаған. Мұса тағы да: «Раббыңа қайта барып, одан жеңілдік сұра», - деген. Аллаһ елшісі (с.ғ.с.)  осылай Мұса пайғамбар мен Аллаһ тағаланың ортасында Раббысы міндеттеген намазын бесеу еткенше жүрген. Мұса оған бұдан кейін де кайта барып, жеңілдік сұрауды бұйырған. Бірақ Пайғамбарымыз: – «Мен Раббымнан ұялдым, енді мен разы боламын және бойұсынамын», - деген. Содан кейін бір жаршы: «Ақиқатында, парызымды бекіттім және пенделеріме жеңілдік жасадым», - деп дауыстаған.

Исра жайлы баяндаған кейбір риуаяттарда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.)  бала күніндегідей бұл ретте де Жәбірейіл кеудесін жарып, оны Зәмзәм суымен жуғаны және кеудесіне даналық пен иман құйғаны айтылған. Сондай-ақ Аллаһ елшісі (с.ғ.с.) осы сапары кезінде бірнеше оқиғаның куәсі болған:

– Жәбірейіл оған бір ыдыспен шарап және бір ыдыспен сүт ұсынғанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  сүтті таңдаған. Сонда Жәбірейіл: «Сен фитраны (яғни Исламды) таңдадың. Егер де шарапты алғаныңда, үмбетің жолдан таяр eдi»,-деген.

– Аллаһ елшісі (с.ғ.с.) миғраж кезінде жәннатта екеуі көрініп жатқан, екеуі жасырын төрт өзенді көрген. Ол мұның не екендігін сұрағанда, Жәбірейіл: «Жасырын жатқан екеуі – жаннаттағы екі өзен, ал көзге көрініп тұрған екеуі Ніл мен Евфрат», - деп жауап берген. Сірә, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.)   миғражда Ніл мен Евфратты көруінің мәнісі көп ұзамай Исламның бұл өзендердің жағаларына тарайтындығын аңдатқан болса керек. Анығы Аллаһқа аян.

– Аллаһ елшісі (с.ғ.с.)  миғражда тозақтың сақшысы Мәликті, оның еш күлмейтіндігін, жүзінде ешқандай жылылық, жайдарылық жоқтығын көрген. Сондай-ақ, жаннат пен тозақты көрген.

– Жетімдердің дүниесін әділетсіздікпен жейтіндерді, олардың еріндері түйелердің еріндері сияқты екенін, олардың ауыздарына тас тәрізді от кесектері салынып, бұл кесектер олардың арттарынан шығатындығын көрген.

– Өсім жеушілерді, олардың үлкен қарындары бар екенін, қарындарының үлкендігінен орындарынан қозғала алмайтындығын, тозаққа айдалып келе жатқан Перғауынның нөкерлерінің оларды таптап өтетіндігін көрген.

– Зинақорларды, олардың алдарында семіз, жас ет, ал оның жанында арық, сасыған ет тұрғанын, сонда олардың семіз, жас еттен бас тартып, арық, сасыған етті жейтіндерін көрген.

– Басқа еркектерден тапқан балаларын күйеулеріне таңатын әйелдерді, олардың емшектерінен асылып қойылғандығын көрген.

– Пайғамбар (с.ғ.с.) жолда меккеліктердің қайтып келе жатқан керуенін көрген және олардың қашып кеткен түйелерінің қайда жүргендігін айтқан. Керуеншілер ұйықтап жатқанда беті жабық ыдыстағы суларын ішіп, ыдысты беті жабылған күйінде қалдырған. Бұл Аллаһ елшісінің (с.ғ.с.)  исра түнінің ертеңіне айткандарының растығына дәлел болды.

Ертесіне таңертең Аллаһ елшісі (с.ғ.с.) тайпаластарына Аллаһ тағала өзіне көрсеткен ұлы мұғжизалар туралы айтқан еді, бірақ олар Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) бұрынғыдан да өтірікші санады, оны одан бетер ренжітті және оған деген кысастықтары одан сайын арта түсті. Олар Аллаһ елшісінен (с.ғ.с.) Иерусалимдегі Ақса мешітін сипаттап беруін талап етті. Сол кезде Аллаһ тағала Ақса мешітін Пайғамбарының) (с.ғ.с.) көз алдына келтіріп, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мешітті көріп тұрып, оның сипаттарын айта бастады. Меккеліктер онын айтқандарының ешқайсысын теріске шығара алмай қалды. Сонымен бірге Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оларға жолда сапардан қайтып келе жатқан меккелік сауда керуенін көргенін, оның қашан жететінін, керуеннен бұрын қашып кеткен бір түйелері келетіндігіне дейін айтып берді және айтқандары түгелімен рас шықты. Бірақ бұл олардың безінулерін одан әрі арттырып, әділетсіздер кәпірліктен өзге ештеңені қаламады.

«Аллаһ елшісі (с.ғ.с.) адамдарға осы оқиғаны әңгімелеп, олар сенбегенде, Әбу Бәкір бұған күмәнсіз сенгендігі үшін «Сыддық» (шыншыл) деген лақапқа ие болған» деген пікір бар.

Бұл түнгі сапардың мәнісін түсіндіретін қысқа да нұсқа, ең ұлы сөз – Аллаһ тағаланың: «Оған кереметтеріміздің кейбірін көрсетуіміз үшін» (Исра, 1-аят) деген аяты. Бұл – Аллаһ тағаланың пайғамбарларына қатысты үрдісі. Ол жалғыз Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.) ғана емес, өзге де барлық пайғамбарларға осындай кереметтерін көрсеткен. Бұған Құрандағы мына аяттар айқын дәлел болады. Аллаһ тағала: «Сөйтіп, Ибраһимге айқын сенушілерден болуы үшін аспандар мен жердің кереметтерін көрсеттік», десе, Мұса пайғамбарға: «Саған ең үлкен кереметтеріміздің кейбірін көрсетуіміз үшін» деп түсіндірген.  

Пайғамбарлардың білімдері Аллаһтың кереметтерін көзбен көруге негізделген соң, олар шексіз, өлшемсіз сенімге ие болатын. Өйткені әлдене жайлы хабар оны көзбен көргендей бола алмайды. Сондықтан да Аллаһтың кереметтерін көзбен көрген пайғамбарлар Раббыларының жолында өзгелер көтере алмайтын жүкті көтеретін, олардың алдында осы өмірдегі күштердің барлығы масаның канатындай әлсіз көрініп, бастарына сан қилы қиын сынақтар мен ауыр азаптар түссе де, мұны аса бір елеместен, мойымай көтеріп өткен.

Негізінде, бұл сапардың бөліктерінде жасырынған даналықтар мен құпия сырлар шариғаттың даналықтарына арналған кітаптарда зерттелуі керек…

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру