Исламдағы «ғылым» термині және ғылым үйренудің маңызы

18 маусым 2021 7899 0
Оқу режимі

Араб тілінде білу мағынасына келетін «ғылым» сөзі көбінесе білім, мағлұмат деген мағыналарға келеді. Бір нәрсені нақты үйреніп сенуді ғылым дейміз. Білімсіздіктің, надандықтың антонимі болып табылатын «ғылым» сөзінен ғалым, мағлұмат, мұғалім және тағы басқа сөздер шыққан[1]. Ислам ғалымдары ғылымды «Кісінің ақыл және сана сезіміне сыйымды мағлұмат» деп түсіндіреді. «Ғылым бір нәрсенің өз кейпінде танылуы».

Ғылым екіге бөлінеді, біріншісі – «Қадим ғылымы (О бастан бар болған ғылым)». Екіншісі – кейіннен берілген «Хадис ғылымы». Қадим ғылымы – Алла Тағаланың заты және сипатына байланысты ғылым. Ол жаратылғандардың ғылымына ұқсамайды. Тек қана Алла Тағалаға толық мағынада Алим деп айта аламыз. Өткені тек қана Жаратушымыз барлық нәрсені толық білуші. Хадис ғылымы – Жаратылғандардың ғылымы, яғни Алла Тағаланың жаратқандарына берген ғылымы. Ол екіге бөлінеді.

Бірінші – «Қажетті ғылым». Ол адамның ізденіп үйренуі қажет етпейтін, өздігінен пайда болатын ғылым. Мысалы, нәрестенің анасын емуі, жүруі, жеп-ішуі, сөйлеп-күлуі, ненің үлкен, ненің кішкентай екендігін, ненің жұмсақ, ненің қатты екендігін білуі сияқты.

Екіншісі – «Назари және Истидләли» ғылым. Назар – сөздікте қарау, көру, ойлану, зерттеу нәтижесінде шешім беру деген мағынаға келеді[2]. Истидләл болса дәлелге сүйену, дәлелдер келтіру деген мағынада. Назари және Истидләли ғылым адамдардың қалауымен яғни қарау, көру, ойлану нәтижесінде сағаттар, күндер тіпті жылдар бойы ізденіп дәлелдеуі арқылы пайда болған білімі. Мұндай білімге құл, қалау және іздену арқылы жететіндігі үшін біз оған Иқтисади (еңбек арқылы қол жеткізілген) ғылым деп атаймыз. Алла Тағала Құран кәрімде «Зүмәр» сүресінің тоғызыншы аятында «Білгендер мен білмегендер тең бола ма?» – дейді. Тағы бір аятта «Сендерден иман келтіргендердің, ғылым бергендердің дәрежелерін көтереді», – делінген. Пайғамбарымыз да білім үйренудің мұсылмандар үшін өте маңызды парыз екенін көрсете отырып, былай дейді: «Кімде-кім білім іздеу жолына түссе Алла Тағала оған жәннатқа бару жолын жеңілдетеді. Періштелер ғылым іздеушінің талабына разы болып, оның аяғының астына қанаттарын жаяды. Шын мәнінде, ғалымға көктегілер және жердегілер, тіпті судағы балықтарға дейін жарылқау тілейді».

Адамды азғырып тура жолдан тайдырушы әзәзіл шайтан үшін де шариғатты жетік меңгерген ғалым, білімі шамалы қатардағы қарапайым мың мұсылманнан әлдеқайда қорқынышты екен. Дінімізді неғұрлым біліп тани түскен сайын азғырушыдан алыстап, тақуалыққа жақындай түсеміз. Хадисте: «Бір фақих (Шариғатты жетік меңгерген ғалым) шайтанға мың қарапайым мұсылманнан қорқыныштырақ» делінеді. Діни ғұламалық Алла Тағаланың сүйікті пендесіне ғана нәсіп болмақ. Сол нәсіптен үміт етуші әрбір мұсылманға қойылар талап: «Кімде-кім білімді үйренсе, Раббысының разылығына лайықты болуы үшін үйренуі тиіс. Ал, керісінше, тек қана дүниені иелену, байлық, мансап үшін үйренген болса, ол пенде қиямет күні жәннаттың өзі тұрмақ иісін де сезбейді», «Ілім үйрену – мұсылман еркек пен  әйелге парыз»[3].

Дініміздің осы әмірлеріне сәйкес аталарымыз білімге аса мән беріп, ілім адамдарына құрметпен бас иген. Түрік билеушісі Явуз Сұлтан Сәлім Мысырдан қайтып келе жатқан кезінде жанында атақты дін ғалымы Ибн Кемалмен бірге балшықты жерден өтіп бара жатады. Ибн Кемалдың астындағы аттың аяғынан шашыраған балшық Явуздың киімдерін ластап, Ибн Кемал қысылып ұялады. Ұстаздың қысылып, қымтырылғанын көрген Явуз Сұлтан Сәлім: «Қысылма, ұстазым! Ғалымның атының аяғынан шашыраған балшық – біз үшін сәнді әшекей. Бұл көйлек осы балшығымен сақталып, өлгенде табытымның үстіне қойылсын» деп өсиет айтып, ғалымдарға деген құрметтің үлгісін көрсете білген[4].

Хазірет Али (р.а.) Күмейілге: «Ғылым – байлықтан қайырлы. Өйткені малды сен қорғайсың, ал ғылым болса сені қорғайды. Ғылым бағындырушы, байлық бағынушы. Байлық, берсең азаяды, білім, берсең көбейеді» деген екен.

«Бір ғалымның дәрежесі аузы берік болса да соғысқа қатысып, түнін ғибадат етумен өткізген мужахид құлдан жоғары». «Бір ғалымның өлімінен кейін Ислам әлемінде қаңырап қалған бос орын, сол сияқты ғалым өсіп жетілмегенше толықтырылмайды».

Әбул Әсуад: «Ғылымнан бағалы нәрсе болмайды. Өйткені сұлтандар адамдарға басшы, ал ғалымдар сұлтандарға басшы» – дейді.

Фәтхи Мусылы: «Ғылым және хикметтен (Алла Тағаланың сүйікті құлдарына беретін ғылымы) мақұрым жүрек ішіп-жей алмайтын ауру сияқты, өлімге душар болды деген сөз өте орынды. Өйткені денені жеп-ішу арқылы сақтаймыз, ал жүректің асы – ғылым және хикмет. Жүрек осы екеуімен өмір сүреді. Ғылымсыз жүрек өлімге жақын» деген.

Хасан Басри: «Ғалымдардың қаламы шейіттердің қанымен таразыға тартылады және ауыр басады».

Ибн Масғұд (р.а.) «Ғылым жоқ болмастан алдын оқыңдар. Ғылымның жоғалуы ғалымдардың өлімімен болады. Жаным қолында болған Алланың атымен ант етемін, Алла разылығы үшін өлген шейіттер ғалымдарға берілген жоғарғы дәрежелерді көргенде, ғалым болу үшін дүниеге қайта келуді тілейді» дейді.

Ибн Аббас (р.а.): «Мен үшін түннің аз да болса бөлігін ғылым үйренумен өткізу түні бойы ғибадат етуден жоғары» дейді.

Хасан Басри «Бақара» сүресінің 201-аятындағы: «Уа, Раббымыз! Бізге бұл дүниеде жақсылық бер және ақыретте жақсылық бер» деген аятта бұл дүниедегі жақсылық бізге ғылым және ғибадат, ал ақыреттегі жақсылық жәннатқа кіргіз деген мағынада айтылған дұға» дейді.

Зүбәйр ибн Әбу Бәкір: «Әкем Иракта жүргендегі хатында маған былай деп жазды: «Оқы, өйткені ғылым – жоқшылығыңда байлық, байлығыңда сән болар».

Хазірет Лұқман (ғ.с.) ұлына берген насихатында былай деген: «Ұлым! Ғалымдардың мәжілісіне қатыс. Көктем жаңбырымен жерді көгертетін Алла хикмет нұрымен мұсылмандардың жүрегін толтырады». «Ғалымның өліміне теңізде балықтар, көкте құстарға шейін әр жаратылыс жоқтап жылайды» делінген де сөз бар.

Яхья ибн Муаз (р.а.): «Ғалымдар мұсылман үмбетіне әке-шешелерінен де мейірімді. Өйткені әке-шешелері оларды дүниедегі оттан қорғайды, ал ғалымдар ақыреттегі оттан қорғайды».

Хасан Басри: «Ғалымдар болмаса, адамдардың басқа жан иелерінен айырмашылығы болмас еді. Өйткені олардың оқытуымен адамдар адамдық дәрежеге жеткен» дейді[5].

Бақытжан Өткелбаев

 


[1] Дұрак Пусмаз, Ислам Ансиклопедиси, Илим. М. ХІІІ т. Стамбул 2000.
[2] Ибн Манзур, Әбул Фазл Жамалуддин Мухаммед ибн Мукаррам, Лисанул-Араб, «Тахқиқул-Тарас» баспасы, Байрут/Лубнан 1993, 66 б.
[3] Нәуәуи Әбу Зәкәрия Яхя бин Шәрәф, Риязу-с Салихин, аударма және түсініктеме: (Яшар Кандемир, Исмайл Лютфи Чакан, Рашит Күчүк), I-VIII, Стамбул 1997.
[4] Ғұсман Кескіұлы, Сияр – Нәби, 227 б.
[5] Бухари, Саум, 13 б. Мүслим, Сиям, 98 б.

 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру