ИСЛАМ ЖӘНЕ ТӘЛІМ-ТӘРБИЕ

02 мамыр 2024 1663 0
Оқу режимі

Қазақ халқы бала тәрбиесіне ерекше қараған. Жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, сапалы білім беріп, бар ықыласын балаға бөліп, болашағын бағамдаған.

Баланың бойындағы мінез-құлық ауытқулары ата-аналардың нашар тәрбиесі деп есептеген.

Ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген ұрпақ дені сау, білімді, ақылды, ұлтжанды, еңбекқор, сыпайы және кішіпейіл болып өседі. Демек, елдің болашағы ұлттық тәрбиеге байланысты.

Ұлттық тәрбие жас ұрпақты әсемдікті игеруге, әсемдікті сезінуге және құрметтеуге, оны өз бойына сіңіруге, ең бастысы рухани дамуға жетелейді. Әбу Насыр әл-Фараби айтқандай: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі».

Өмірге жақсы ұрпақ әкелу әуелде көргенді жерден, ары бар, ақылы бар, текті отбасыдан шыққан ұяты бар иманды жар таңдаудан басталатындығының өзі Ислам тәрбиесінің қаншалықты кеңдігін, ауқымдылығын ұқтырады.

 Исламда бала тәрбиесіне қатты көңіл бөлінген. Асыл Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) исламдық тәрбиені қалыптастыруда балаларды назардан тыс қалдырмаған. Сәби туылғанға дейін нәресте туралы ойлап, алаңдаған. Баланың дүниеге келуімен діни рәсімдер жасалып, мұсылман үмбетінің тағы бір адамға толысқанын қуаныш көрген. Әрі сол мұсылман үмбеті деген атқа сай тәрбие алуын қадағалаған.

«Баланың жақсысы қызық, жаманы күйік» демекші, балаға «Алланың аманаты» деп қаралуының өзі исламда балаға қаншалықты көңіл бөлінгендігін білдіреді.

Кез келген халықтың әдет-ғұрпы мен дәстүрі сол халықтың мінез-құлқы мен қасиеттерін көрсетеді. Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары халықтың тұрмыс-тіршілігімен, тәрбиесі және мінезімен, наным-сенімдері және ырымдарымен қалыптасады. Алаш жұрты: «Алты жыл аш болсаң да, ата салтыңды ұмытпа», – деп ұрпағын өсірген. Дін дәстүрдің таразысы әрі негізі саналады. Тілдің, дәстүр мен мәдениеттің дамуында да оның тигізер әсері мол.

Қыран ұшса, қанаты талатын, құлан жортса, тұяғы тозатын шексіз кеңістікте ғұмыр кешкен бабаларымыз «өлім ұяттан күшті» деген. Осыған байланысты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):« Ұят тек жақсылық әкеледі», – дейді.

Дін мен дәстүр – біздің ұлттық ерекшелігіміз. Ежелгі дәуірде дәстүр бұлжымас заң рөлін атқарды, сондықтан оның елде тәрбиелік және ұлттық маңызы зор болды. Халықтардың дәстүрлері мен ұлттық ерекшеліктеріне әлі күнге дейін үлкен мән беріледі.

Ата-бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық дәстүр мен ата-ананы құрметтеуге негізделген. Сондықтан қазіргі ұрпақ әлемдегі ең жақсы дін исламды құрметтеп, ата-баба дәстүрін ұстануы керек.

А. ҚОЙШЫБАЕВА

 

Пікірлер Кіру