ИСЛАМ ҚАЗАҚ ТОПЫРАҒЫНА ҚАШАН КЕЛДІ?

01 наурыз 2024 2292 0
Оқу режимі

«Оқыған сайын өзіңнің дым білмейтініңді сезінесің» демекші, осы күнге дейін бүгінгі қазақ халқын құраған ру-тайпалардың ислам дінін қабылдағаны 751 жылғы Талас-Атлаһ соғысынан басталған деп түсініп жүргенмін. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының таяуда жарық көрген «Бабалар ізімен. Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» деп аталатын ұжымдық еңбегі менің бұл түсінігімнің тым үстірттеу екендігін байқатты. Түркілердің алды сонау Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) заманында-ақ исламды қабылдаған екен. Кітапта келтірілген Кутайба ибн Мүслімнің әскерінің қатарында түркілердің де болғаны туралы деректер мені таң қалдырды.

Маураннахрге алғаш дін таратуға келгендер қатарында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) немере інісі Құсам ибн Аббас пен хазірет Османның ұлы Сағид та болыпты. Оның жанындағы сахаба, табиғин, табаға табиғин сияқты ізгі жандардың қатарында тегі басралық табиғин Әбу әл Алия Руфайға түркі жерінде алғаш болып азан айту бақыты бұйырған екен. Қандай ғажап деректер.

Түркілердің бастапқы бөлігі исламды ҮІІ ғасырдың басында қабылдағанымен бүтіндей бір имани сенімнің астына бірігуі екі-үш ғасырға созылғаны сөзсіз. Тарих ғылымының докторы, профессор Нәзира Нұртазинаның түркілердің исламды қабылдауын үш кезеңге бөліп қарастыру туралы ұсыныстары көкейге қонады.

Онда бірінші кезең – 751 жылғы Талас-Атлаһ шайқасынан бастап, алғашқы түркі мұсылман мемлекеті Қарахан қағанаты құрылғанға дейін, екінші кезең – түркілер исламды жаппай қабылдаған Х ғасырдың екінші жартысынан бастап ХІІІ ғасырдың басына дейін, үшінші, соңғы кезең – ХІІІ ғасырдың екінші жартысынан ХІҮ ғасырға дейінгі мерзімді қамтиды. Исламның ата-бабалар әдет-ғұрпын жоққа шығармастан, егер Құран мен хадиске қайшы келмесе, соларды басшылыққа алуы – түркілерге қош келді. Орта Азия тарихын көбірек зерттеген В.Бартольдтың өзі ислам қару-жарақтың күшімен емес, қайта мұсылман саудагерлерінің сәтті саудасының арқасында тарағанын айтады.

Қожа Ахмет Иассауиге қатысты «Насабнамаларда» Ысқақ бап, Әбді Жалил бап, Әбді Рахым бап секілді Баптардың түркі халықтарының исламды қабылдауына үлкен рөл атқарғаны көрсетіледі. Осы кітапта да ғалымдардың «Баптарға» ерекше назар аударатыны айтылған. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Алла тағала кімге жақсылық қаласа, оған дінде терең түсінік береді», – дейді ғой. Міне, сондай терең түсінік берілген тұлғалар дінімізге айтулы еңбек сіңірді емес пе?!

«Бап» сөзі «есік» деген мағына береді екен. Қазақ қоғамында кең тараған «Отырарда отыз бап, Сайрамда сансыз бап, баптардың бабы Арыстан бап» деген қанатты сөз бар. Олар жаңа өлкелерді басып алып, исламды күшпен қабылдату жолымен емес, жаңа өлкелердің қақпасын ашып, исламға келіп-келмеуді жергілікті тұрғындардың еркіне қалдыру арқылы таратқан.

Ислам нұрын шашқан әз Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бен оның сахабаларынан кейін дін таратуға толқын-толқын үлес қосқан табиғин, табаға табиғин, баптар, пірлер, сопылар, әулиелер, оқымыстылар, Алаш қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері болып буын-буын жалғасып жатқаны мәлім. Бүгінгі буынға да Алла тағала дінімізді қорғау, жастар арасында адастырмайтындай үгіт-насихат жүргізу, дін мен ғылымның, дін мен дәстүрдің ажырамас бірлігін көрсету сияқты миссия жүктелген.

 Алматыда, Ұлттық кітапханада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен «Бабалар ізімен. Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» аталатын жинақтың танытылымында өте керемет ойлар ортаға салынды. Өкініштісі таралымы небары 5 мың ғана екен. Бас мүфтидің жетекшілік етуімен бұдан бұрын дүниеге келген «Ихсан», «Толық адам» сияқты күрделі тақырыптарды көтерген шығармалар легіне енді міне, жаңа кітап келіп қосылды. Әлеуметтік желіде «қазақтарға ислам күшпен таңылды, оның келгеніне небары бір жарым, екі ғасыр ғана болды» деп көкитіндерге бұл кітап ғылыми түрде тосқауыл қояды.

 

Жазушы-публицист

Марат Бәйділдаұлы (Тоқашбаев)

Пікірлер Кіру