Ислам кері тартушы дін бе?
Негізгі көпшілік, оның ішінде өзіміздің мұсылман қауымының кейбірі де, ғылым мен дінді, дәлірек айтсақ, Ислам діні мен ғылымды бөле қарайды. Ал, Ислам діні мен ғылым ешуақытта да әсте бөлінбек емес. Сол үшін де дін мен ғылым хақындағы сөзімізді, дәлел-дәйектерімізге, қайнар-көздер мен ойшыл ғалымдардың айтқандарына сүйендірсек. Төрткүл дүниеге аты мәшһүр ғалымдар дін мен ғылымды ешқашан бөліп қарамаған. Өткен ғасырдың ғалымдарының бірі, ұлыбританиялық Луи Пастер: «Иман, яғни Жаратушының барлығына деген сенім, ешқашан адамзаттың алға басу процесіне тосқауыл болмайды. Өйткені прогрестің әрбір сатысы Алланың жаратқан таңғажайып нәрселерін анықтап көрсетіп берді», – деген. Негізі ғылымды діннен бөліп қараудың бірден-бір себебі – Құдайға деген сенімнің әлсіздігі немесе жоқтығы. Бұл жөнінде тарихшы Фебер: «Әрбір дәуірдің өз ерекшелігі болады. Біздің дәуірдің ерекшелігі – Жаратушыға деген сенімсіздік. Менің Жаратушыға деген сенімімді тартып алғаннан гөрі терімді сыдырып алса, соған разы болар едім»,– депті.
Мұсылман шығыс ғалымдарының ғылым тарихындағы орны
Ислам тарихына көз жүгіртсек, ежелгі сахаралық арабтар дін келмей тұрып нағыз надандықтың шырмауында болатын. Не мәдениет саласында, не ғылым саласында іліп аларлық дәнеме жоқ. Олардың ел сыйларлық, санасарлық, та-ғылым аларлық дәрежеге жет-кендігі осы діннің арқасында. Неге десеңіз, әлгі әлемді дүр сілкіндірген небір ғұламалар осы алдыңғы надан, кейінгі ойшыл ғұлама арабтардан шықпап па еді?! Яғни, Ислам дінінің алып келген ұлы мәдениетінен кейін. Содан барып XI-XII ғасырларда бұл көркем мәдениет өзімен қоса өзге елдерге, әсіресе, Еуропа елдеріне қатты әсерін тигізеді. Өйткені ежелгі грек тіліндегі ғылыми және философиялық кітаптарды араб ғалымдары арабшаға аударып, оны аударумен ғана шектелмей, мазмұнын әрмен қарай дамытты да. Ал осы аудармаларды кейін еуропалықтар латын және басқа да шет тілдеріне аударып қажетіне жаратты. Бұны мұсылман емес, сол діні, ділі, түрі, тілі бөлек Еуропа ғалымдарырының өздері де мойындап, тілге тиек еткен.[1] Сонау кеңестік дәуірдің дүркіреп тұрған кезінің өзінде Мұхтар Әуезов жұртшылыққа жақыннан танымал «Абай жолы» романында Абай мен досы әрі ұстазы болған орыс ғалымы Михайлов арасында өрбіген маңызы өте зор, бір сұхбатты келтірген. Онда Михайлов Ислам діні турасында ой бөлісе келіп, Абайдың бұл дін туралы үстірт, қате ойлайтынын аңғарып, өзінің дін жайындағы өте құнды пікірлерін білдірген. Романдағы тексті сол күйінде келтірсек:
– Ендеше, мен сізге айтайын, Ислам тарихы – білім, ол үлкен білім! Тек қандай тарихшы жазғанын талдау керек, – деп, Михайлов Абайды қайран еткен қызық жаңалықтар айтып кетті. Ислам, араб өнері жалпы дүние жүзінің ғылыми дамуына көп ғасырлар бойы аса зор жемістер берген. Ескі антик өнері мен Еуропаның беріде келіп шыққан ояну дәуірінің арасында жатқан бірнеше жүз жылдар меңіреулігі бар. Сондағы көп ғасырдың қараңғылық заманына сәуле беретін тек араб (Ислам) мәдениеті екенін айтып өтті. Арыдағы Сократ, Платон, Аристотель мирастарын жеткізушілер Шығыстан шыққан данышпандар болғанын ескертті».[2]
Мұсылман араб ғалымдарының ғылымдағы орны мен жетістіктері жөнінде кезінде Еуропа ғалымдары да көп айтқан. Мысалға алсақ, И. Г. Гердер: «Арабтар болмаса, Гердер де, Альберт Великий де, Вилла Новалық Арнольд те, Роджер Бэко да, Луллия Раймунд та болмас еді. Олардың бәрі Испанияда арабтардан оқыды немесе солардың шығармаларын оқыды. Тіптен Фридрик ІІ-нің өзі араб кітаптарын аударуға қамқор болып, ғылымдарының жандануына жағдай жасады», – деп жазып қалдырса, Роберт Брифаулт «The Making of Hummanitу» атты кітабында мынаны келтіреді: «Еуропаның жетістікке жеткен әрбір саласында міндетті түрде Ислам мәдениеті маңызды рөл атқарған. Тигізген пайдасы мен әсері шаш-етектен». Әрине, ғылым тек Ислам әлемінен ғана тарады деген жаңсақ пікірден аулақпыз. Өйткені, білім-ғылым біреудің меншігінде тұрған зат емес. Кім еңбектенсе, соған ашылады. Сондықтан да, ғылым кейде батысқа, кейде шығысқа ауысып отырған. Тек Ислам әлемі ғана демей, шығыс пен батыс деп бекер атап отырғам жоқ. Неге десеңіз, шығысқа Ислам әлемімен бірге Қытай, Үндістан секілді ғылымға өзіндік үлкен үлестерін қосқан алып елдер мен мәдениеттер де кіреді.
Исламның қайнар көзі – Құран және сүннет
Құран – Ислам мәдениеті-нің және құрылымдарының ең маңызды және басты қайнар бұлағы. Әлеуметтік топтардың мойынсұнуын қажет ететін заң. Әрбір кісінің мемлекет пен халық алдындағы міндеттерін көрсетіп, тура жолды меңзейтін қасиетті кітап. Бұл кітап мұсылман жамағатының діни, саяси, әлеуметтік, ахлақи және әскери құрылымдарының құрылып, ары қарай өркендеуіне себепші болды. Өйткені мұсылмандар білгісі келген нәрселердің барлығын Құраннан алатын еді. Құранда артық, керексіз болған ешбір нәрсе жоқ. Адамдарды тура жолға шақырушы бұл кітапта ақыл иелеріне айтылған «Оқы» сөзінен-ақ, Алла Тағаланың білімге берген маңызын түсінуге болады. Исламның бұл әміріне мойынсұнған және маңызын түсінген әртүрлі нәсілдегі мұсылмандар әдебиет, ахлақ, социология, философия, өнер, құқық және методология сияқты ғылым салаларын зерттеуге белсенді талпыныстар көрсетті.
Хазіретті Пайғамбар (с.ғ.с.) адамдардың Құрандағы түсіне алмаған аяттарын хадисімен, іс-әрекеттерімен, амалдарымен білдіріп отырған. Осылайша оның әрбір іс-әрекеті және амалдарынан шыққан сүннеті Ислам әлемінің ең маңызды жол көрсетуші қайнар көзі болып есептеледі. Шындығында да Ислам әлеуметі үшін мемлекеттің басшысы, қолбасшысы, соты, мұғалімі және тәрбиешісі болған Мұхаммед (с.ғ.с.) ең алдымен пайғамбар еді. Оның сүннеті Құранның түсіндірмесі, ал өзі тірі «Құран» еді. Ол екі дүниеде де бақытты болу жолын көрсетуші, жетекші. Сахабалар тұтас тәрбиені Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) үйренсе, Алла елшісін Раббымыз өзі тәрбиелеген. Осы себептен де оның іс-әрекеттері өзінің қалауы бойынша емес, уахи жолымен болатын еді. Сахабалар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ең ұсақ әрекеттеріне дейін елеусіз қалдырмайтын. Оның әрбір әрекетін иләһи әмір ретінде қабылдайтын. Әрбір мәселеде сүннетін үлгі тұтатын, тіпті қазіргі таңдағы және ақыр заманға дейінгі үмбет осылай жалғастырмақ.
Құран кәрімдегі: «Пайғамбар сендерге нені берсе, қабыл алыңдар, нені тыйым салған болса, тыйылыңдар» («Хашыр» сүресі, 6-аят), – деген аят мұсылмандардың Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әмірлеріне, оның күнделікті іс-әрекеттеріне көп көңіл бөлулеріне себепші болған.
Бақытжан Өткелбаев
[1] Ғарифолла Есім, Фалсафа тарихы, 2 басылым, «Раритет», баспасы, Алматы-2004
[2] Мұхтар Әуезов, Абай жолы, ІІ том, «Жазушы» баспасы, Алматы 2002, 153-154
Дереккөз: muslim.kz