ІЛІММЕН АМАЛ ЖАСАУДЫҢ ҚАЖЕТТІЛІГІ

22 қаңтар 2024 1978 0
Оқу режимі

قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: وَكُلُّ عِلْمٍ وَبَالٌ عَلَى صَاحِبِهِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ إِلَّا مَنْ عَمِلَ بِهِ. (طب)

Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: “ Ілімімен амал жасаған адамның ілімінен  басқасы өзінің иесіне қиямет күні (амал етпегені үшін) қарсы куәлік ететінболады”. (Taбарани, әл-Mужам ул-кәбир)

Тәубе сүресінің 122-аятында:

“Сонымен қатар, мүміндердің (бір мезетте) жаппай жорыққа аттанғаны да лайықсыз. Ендеше, әр елден (әр қоғамнан, әр рудан) бір топ адам қалып діни ілімдерді терең меңгеріп, жорыққа аттанғандар қайтып оралғанда жат қылықтардан, күнә атаулыдан аулақ жүруі үшін оларды ескертуі (яғни, оларға жөн сілтеп, уағыз-насихат айтуы һәм шариғат талаптарын үйретуі) керек емес пе?!” 

Ал хадисте “Aлла Tағала әлдекімге қайыр тілесе, оны дінде фақиһ қылады” дейді. 

Бұл жердегі фиқһ арқылы айтылғаны: "Жүрекке терең бойлап, тамыр жайған ілім, оның ізі ағзаларда бой көрсетеді. Ол адам жүрегіндегі осы хақ ілімге қайшы ештеңе істей алмайды. Ондай болмаған адамды ғұлама демейді. Расында, жүрегіндегі Алла қорқынышы адамдардан тартынғаннан әрі аспайтын болса, Алла Тағала оның бойындағы ілім мен түсінікті алып қояды. Алладан қорқу- ілімнің пайдасын көрудің бірден-бір жолы. Адамның ілімі артқанмен, Алла қорқынышы артпаса, бұл оның Алладан алшақтығын ұлғайта түседі. Фатыр сүресінің 28- аятында: “…Шынтуайтында, Алладан құлдарының арасынан тек ғұламалар ғана шын именеді…” - дейді.

Адам ықыласпен ілімі арқылы амалға қол жеткізгенде, ештеңе айтпаса да, оның қалып-күйі басқаларға әсер ете бастайды. 

Ілімге терең бойлап, салиқалы амалдарға қол жеткізу үшін, салих кісілердің сұқбатына, ілімімен амал ететін ғұламалардың мәжілісіне үзбей қатысып тұру керек. Өйткені шынайы ғұламалар халықты Алла Тағала разы болатын жолға салады, пайғамбарлар мен әулиелердің жайына қанықтырады. Ол мүбәрак тұлғалардың жай-жапсарын түсіндіруден мүминдердің жүрегі қуаттанып, руханияты артады. Аятта: “(Уа, Мұхаммед!) Өзіңе айтылғандардың барлығы пайғамбарлардың өмірінен алынған, сенің жүрегіңді орнықтыратын ғибратқа толы үзінділер...” - деп баяндалады. (Худ сүресі, 120-аят), 

 

قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: خِيَارُ أُمَّتِي عُلَمَاؤُهَا وَخِيَارُ عُلَمَائِهَا رُحَمَاؤُهَا أَلَا وَإِنَّ اللهَ تَعَالَى لَيَغْفِرُ لِلْعَالِمِ أَرْبَعِينَ ذَنْبًا قَبْلَ أَنْ يَغْفِرَ لِلْجَاهِلِ ذَنْبًا وَاحِدًا. (فيض)

 

Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: “Үмметімнің ең қайырлысы ғұламалар. Ғұламаның ең қайырлысы мейірімді болғаны. Естеріңде болсын!  Aлла Tағала жаһилдің бір күнәсін кешпес бұрын, (мейірімді әрі ілімімен амал еткен) ғұламаның қырық күнәсін кешеді”. (Мүнәуи, Фәйз ул-қадир)

Ілімімен амал етпейтін, ықылассыз жұрттың сұхбаттары жүректі қатайтып, мұңайтады. Фудайл ибн Ыйаз (рaх.): “Ғалым егер дүниеқұмар болса, оның сұхбаты жаһилдің надандығын, күнәһардың бүлігін арттырады, ал мүміннің жүрегін қатайтады” деген. 

Исраил ұрпақтарынан біреу саны жоқ есепсіз кітап жияды. Алла Тағала сол заманның пайғамбарына былай уахи түсіреді: “Oл ғалымға айт, жеті қат көк пен жердей кітап жыйса да, мына үш нәрсемен амал етпейінше ол кітаптар пайда бермейді: 

Дүниені жақсы көрмеу. Өйткені дүние мүміннің мәңгілік мекені емес. 

Шайтанның алдында босаңдық танытпау. Өйткені шайтан мұсылманға ешқашан жақсылық ойламайды. 

Бірде-бір мұсылманға азап көрсетпеу”.

Сәһл ибн Aбдулла Түстәри (рaх.) айтқан: “Ілімнің бәрі дүнияуи, оның ақыретке тәні болса, тек амал болғаны. Амалдың да бәрі зая кетеді, тек ықыласпен атқарылғаны ғана бұған жатпайды”.

Ілімімен амал жасаған ғұламалардың сұхбатынан қол үзбеу керек, сонда жаман дағды мен мінезден құтылуға болады. Омар ибн Хаттаб (р.a.) айтқан: “Әлдекім үйінен шығады, үстін Тихамә тауындай күнә басқан. Бір ілім мәжілісінде хикметті бір сөз естіп, жүрегінде Алла қорқынышы оянып дереу күнәларынан беті қайтады. Үйіне оралғанда үстінде еш күнә қалмаған болады”.

Міне, сол себепті ілім мәжілісі мәжілістердің ең құрметтісі. Расында Әбу Зәр (р.a.) риуаят еткен хадисте “Ілім мәжілісіне қатысу мың рәкағат нәпіл намаз оқығаннан, науқастың көңілін сұрап барғаннан, мың жаназаға қатысқаннан гөрі ізгірек” дейді. 

Пікірлер Кіру