ІЛІМ АЛУДЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ

07 наурыз 2026 88 0
Оқу режимі

7 наурыз

Он сегізінші күн

ІЛІМ АЛУДЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ

اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

 

 

Дінімізде білім алудың маңызы өте үлкен. Алла Тағала ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алғаш уахи етіп түсірген аяттарында:

اقْرَأْ بِاسْمِ رَبِّكَ الَّذِي خَلَقَ . خَلَقَ الْإِنْسَانَ مِنْ عَلَقٍ . اقْرَأْ وَرَبُّكَ الْأَكْرَمُ . الَّذِي عَلَّمَ بِالْقَلَمِ . عَلَّمَ الْإِنْسَانَ مَا لَمْ يَعْلَمْ .

«Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың аса ардақты. Ол қаламмен (хат жазуды) үйретті. Адамға білмеген нәрселерді білдірді», – деп, оқуға бұйырған («Алақ» сүресі, 1-5-аят).

Бұл аяттардан оқудың, білім алудың дінімізде ең басты талаптың бірі екенін ұғамыз. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінің әрбір сәтінде сахабаларын оқып-білуге, білгенін іске асырып амал етуге және өзгелерге де үйретуге шақырған. Мысалы, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандардың сауатын арттыру үшін Бәдір шайқасында қолға түскен меккелік тұтқындардың оқу-жазу білетіндеріне 10 мұсылманға оқу-жазу үйрету шартымен азаттық берген. Пайғамбар мешітінің шетінен қоныс аударып келген жағдайы жоқ сахабаларға арнайы жай әзірлеп, мешітке жинап, іліммен шұғылдануға жұмылдырған. Хадис шәріпте:

طَلَبُ العِلْمِ فَرِيْضَةٌ عَلَىْ كُلِّ مُسْلِمٍ

«Білімді талап ету – әрбір мұсылманға парыз», – деп, білім алудың әрбір ер және әйел мұсылманға міндет екенін айтқан (имам Ибн Мәжа).

Бір күні атақты сахаба ибн Аббасқа (Алла оған разы болсын) Басра қаласынан арнайы келген бір жолаушы: «Дүние артық па, әлде білім артық па?» – деп сұрайды. Сонда ибн Аббас (Алла оған разы болсын): «Білім артық», – деп жауап береді. Әлгі адам: «Оны қалай дәлелдейсің?» – дегенде, ибн Аббас (Алла оған разы болсын): «Дүние – перғауындардың мирасы, ал білім – Пайғамбарлардың мирасы. Дүниені Алла Тағала кез келген құлына береді, білімді тек сүйген құлына ғана береді. Дүниені жұмсасаң, таусылып қалады. Ал білімді қанша жұмсасаң да таусылмайды, керісінше арта түседі. Дүние жиған адам қияметте қайдан алып, қалай жұмсағаны жайлы сұралады. Бірақ білімді адам қияметте білім алғаны үшін де, оны жұмсағаны үшін де мол сауапқа кенеледі», – деп жауап берген екен.

Ата-бабаларымыз да мақал-мәтелдерде: «Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні кәріп»«Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл»«Білегі күшті бірді жығады, білімі күшті мыңды жығады», – деп білім алудың артықшылықтары жөнінде өте көп айтқан.

Білім алуға ықылас қойып, оған амал етуді көздеген адам мынадай істерге мән беруі қажет:

Бірінші: әрдайым ізденісте болу

Адам баласы алған білімін қанағат тұтып тоқтап қалмай, өмірбақи ізденіп, даму үстінде болуы қажет. Сол себепті де бұрынғы өткен даналар: «Екі адам тоймайды. Бірі – дүние іздеген адам, ал екіншісі – білім іздеген адам», – деген. Халқымыздың көрнекті жазушысы Жүсіпбек Аймауытов:

Оқу, білім – жанған шырақ, ойласаң.

Үйренерсің, іздеп көрсең, қоймасаң.

Қу өнерді, бу беліңді, жігер сал,

Пайда аларсың, қаужанарсың, тоймасаң, – деген.

Төрт мәзһаб ғалымдарының бірі имам Ахмадтың қолына қалам мен сия сауыт ұстап, өз заманындағы бір ғалымның дәрісінен шығып келе жатқанын бір кісі байқап қалып: «Уа, Құрметті имам! Сіз білімнің шыңына жеттіңіз емес пе? Әлі күнге дейін бір қолыңызға қалам, бір қолыңызға сия сауыт ұстап жүргеніңіз қалай?» – деп таңданып сұрайды. Сонда имам: «Мен бұл сиясауытты қабірге барғанға дейін арқалап жүремін», – деп жауап қатқан екен.

Екінші: кітап оқу

Алла Тағала қасиетті Құранның «Қалам» сүресі, 1-аятында:

وَالْقَلَمِ وَمَا يَسْطُرُونَ

«Қалам әрі оның жазған нәрселеріне серт», – деп қаламмен ант етеді. Алла Тағала қандай да бір затпен ант етуі арқылы сол заттың маңыздылығын көрсететіні белгілі. Ендеше, пайдалы дүниелерді жазу мен оны оқудың адам баласының екі дүниесіне тигізетін пайдасы өте мол. Кітап оқу адамның ақылы мен ой-өрісін дамытып, білімін арттырып, рухани кемелденуіне ықпал етеді.

Әрине, мұсылман адамның ең көп оқитын кітабы – Алла Тағаланың Кәләмі болған қасиетті Құран. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

اقْرَؤوا الْقُرْآنَ فَإِنَّهُ يَأْتِي يَوْمَ الْقِيَامَةِ شَافِعًا لأَصْحَابِهِ

«Құран оқыңдар, өйткені ол Қиямет күні өзін оқығандарға шапағатшы болып келеді», – деген (имам Мүслим).

Ибн Масғуд (Алла оған разы болсын): «Егер білімді қаласаңдар, онда Құран оқыңдар. Күмәнсіз, оның ішінде бұрынғылар мен кейінгілердің білімі бар», – деп айтқан.

Кітап оқудың артықшылығы жайлы ғалымдардан жеткен сөздер өте көп. Мысалы, имам Бұхариден (Алла оны рақымына алсын): «Адамның жаттау қабілетін арттыратын не нәрсе?» – деп сұрағанда, ол: «Кітапқа көп үңілу» деп жауап берген екен. Омар ибн Абдуләзиз (Алла оны рақымына алсын): «Мен адамға қабірден артық ескертуші, кітаптан артық ләззат сыйлайтын затты білмеймін», – деген. 

Үшінші: білетіндерден үйрену

Білім алуды көздеген адам білмегенін білім иесінен үйренуге, сұрауға ешқашан арланбауы қажет. Алла Тағала Құранның «Нахыл» сүресі, 43-аятында:

فَاسْأَلُوا أَهْلَ الذِّكْرِ إِن كُنْتُم لاَ تَعْلَمُونَ

«Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар», – деп айтқан.

Жәбірейіл періштенің Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адам кейіпінде келіп, «Ислам», «Иман» және «Ихсан» жайында сұрайтын оқиғасы баршамызға белгілі. Сол хадисте Жәбірейіл періштеге қатысты:

فَأَسْنَدَ رُكْبَتَيْهِ إِلَى رُكْبَتَيْهِ وَوَضَعَ كَفَّيْهِ عَلَى فَخِذَيْهِ

«Ол (Пайғамбарымыздың) тізелеріне тізелерін тигізіп, (қарсы) отырды да, екі қолын сандарына қойды», – деп айтылған.

Жәбірейіл періште (оған Алланың сәлемі болсын) сұрақ қоярдың алдында бұлай отыруының өзіндік мәні бар. Ғалымдарымыз хадистің бұл тұсында ұстаз бен шәкірттің қарым-қатынас әдебі көрсетілгенін айтқан. Яғни шәкірт ұстазымен қаншалықты жақын болса, соншалықты оның бойына білімнің, тәлім-тәрбиенің сіңуіне ықпал етеді.

Кезінде Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар Бәни исраил қауымына өте әсерлі бір уағыз айтқан екен. Сонда адамдардың ішінен біреуі: «Адамдардың ішіндегі ең білімдісі кім?» – деп сұрақ қояды. Сол кезде Мұса: «Адамдардың ең білгірі – менмін», – деп жауап қатады. Алайда, Алла Тағала оған: «Екі теңіздің қосылған жерінде сенен де білімдірек құлым бар», – деп уахи етеді. Сол кезде Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар қасиетті Құранда айтылғандай:

لَآ أَبْرَحُ حَتَّىٰٓ أَبْلُغَ مَجْمَعَ ٱلْبَحْرَيْنِ أَوْ أَمْضِىَ حُقُبًا

«Екі теңіздің қосылған жеріне дейін тоқтамаймын. Немесе жүріспен жылдар өткіземін», – дейді. Бұл аят бізге білім алуға деген құштарлықтың, үйренуге деген талап-талпыныстың қаншалықты деңгейде жоғары болу керектігін үйретеді.

Төртінші: алған білімді өзгелерге үйрету

Оқығаныңды өзгелермен бөлісудің, адамдарға үйретудің де маңызы үлкен. Себебі үйрету арқылы адам білгенін өз бойына одан әрі сіңіріп, білімінің бекуіне ықпал етуімен қатар өзгелердің де білмегенін білуіне себепші болады. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

خَيْرُكُمْ مَنْ تَعَلَّمَ القُرْآنَ وَعَلَّمَهُ

«Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп, оны өзгелерге үйреткендерің», – деген хадисінің бір мағынасы осы (имам Термизи).

Дінімізде өзгелерге үйретіп кеткен пайдалы білім ешуақытта тоқтамайды, сауап болып жазылады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِذَا مَاتَ الإنْسَانُ انْقَطَعَ عَنْهُ عَمَلُهُ إِلاَّ مِنْ ثَلاثَة: إِلاَّ مِنْ صَدَقَةٍ جَارِيَةٍ ، أَوْ عِلْمٍ يُنْتَفَعُ بِهِ ، أَوْ وَلَدٍ صَالِحٍ يَدْعُو لَهُ

«Адам дүниеден өткенде, оның үш амалынан басқасының бәрі тоқтап қалады. Олар – үзілмейтін садақа, басқаларға пайдасы тиетін білім және салиқалы ұрпақтың оған арнап жасайтын дұғасы», – деп айтқан (имам Мүслим).

Ендеше, Махмұд Қашқаридың: «Білім қалар артыңда, ғұмыр сырғып жоғалар», – деген сөзін әр адам қаперінде ұстап, оқып, үйреніп, білгенін өзгелерге үйрету арқылы ғибратты із қалдыруға тырысуы қажет.

Қорыта айтқанда, білім иесінің екі дүниеде де дәрежесі жоғары болмақ. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мужәдәлә» сүресі, 11-аятында:

يَرْفَعِ اللَّهُ الَّذِينَ آمَنُوا مِنْكُمْ وَالَّذِينَ أُوتُوا الْعِلْمَ دَرَجَاتٍ وَاللَّهُ بِمَا تَعْمَلُونَ خَبِيرٌ

«Алла Тағала сендерден иман келтіргендер мен ғылым берілгендердің дәрежесін жоғарылатады. Алла сендердің істегендеріңнен хабардар», – деп айтқан.

Үлкендік екі түрлі себеппен болады. Оның бірі адамның қанша өмір сүргендігіне қатысты жасының үлкендігі болса, екіншісі – алған білімінің үлкендігі. Сол себепті де Хакім Абай:

Адамды жөн бiлетiн дана деп бiл,

Iстерiн жалқау жанның шала деп бiл.

Құр жасы елулерге келсе-дағы,

Бiлiмсiз сондай жанды бала деп бiл, – деген.

Алла Тағала қасиетті Рамазан айын баршамызға мүбәрак етіп, ұстаған ораза, тілеген дұғаларымызды қабыл еткей!

 

 

 

 

Дереккөз: ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі 

Пікірлер Кіру