ЕС ПЕН МІНЕЗ ТУРАЛЫ

07 қыркүйек 2023 2497 0
Оқу режимі

Біз мінез деген сөздің ұғымдық аясын жоғалтып алған сияқтымыз. Мысалы, мінездің қатал, не жұмсақ, ашық, не ұяң болатыны белгілі.

Ал енді «мінезі ұрыншақ» еді деген не сөз ?

Мінез ұрыншақ бола ма ?

Қазір мектептерге психологтар жұмыс істей бастады, солардың негізгі шаруасы осыны анықтау болса керек. Бұл жерде адамның мінезінде емес, ақыл -есінде бір кемшілік бар дегеніміз жөн емес пе ? 

Аңғарсаңыз Абай «ақыл» мен «ес» сөздерін бөлек қолданған.

Ес –дегеніміз не?

Ол суық пен ыстықты, аш пен тоқты, қауіп пен қатерді т.б. сезу. Осы қарапайым түсініктерді білген баланы «есі кірді» дейді, білмегенді «жарым ес» дейді.

Ес -не ата, не ана жақтан келетін табиғи қасиет болып табылады, оны тәрбиемен қалыптастыра алмайсың. Мен жоғарғы оқу орнын бітірсе де, жасы жетіп қартайса да есі түгел емес адамдарды көрдім. Біреу бағдарлама жасап берсе дұрыс жүреді, бағдарламадан шығып кетсе апат. Олардың ішінде біреудің ақылымен жүретіні де, «өзі білмей, өзгенің тілін алмайтыны» да бар. «Өз еркімен жүрген әйел -ұрыншақ болады» дейді қазақ. Ол да бір пәлеге жолықпай қоймайды. 

Ес- ақылдың ірге тасы, ақыл ес бар жерге қонады. Естен «есеп» деген дүние шығады, есептен «есеп білмеген есек» деген сөз шығады, яғни олармен бірге шаруашылық жасаймын деп үміт артпа.

 

Ж.Артықбаев

Пікірлер Кіру