Ережеп айының қасиеттері

24 ақпан 2020 10642 0
Оқу режимі

Ережеп айы Исламнан алдын арабтар үшін қасиетті айдың бірі болатын. Осы ай кірген кезде араб тайпалары өзара соғыс пен жанжалдарын тоқтатып, қылыштарын қынына, жебесін қорабына салып, ешкімге тимеуге тырысатын. Сондықтан бұл айда араб қауымы өздерін қауіпсіз сезінетін. Өйткені, харам айдың бірі болғандықтан өзгелерге қиянат жасау, қанын төгу, ұрып соғу ісін күнә санайтын. Тіпті, әкесін өлтірген жанға да бұл айда қол көтермейтін. Қылмыс жасаған жағдайда қоғам тарапынан қатты айыпталатын.

Ислам діні келген соң да бұл айдың артықшылығы арта түсті. Адамзат тарихында қайталанбас мұғжиза болған миғраж оқиғасы – осы айдың 26-нан 27-не қараған түні болған. Ол түн Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Меккеден Құдысқа, ол жерден көк қабатына көтерілуімен ерекшеленеді.

Мұсылман күнтізбесі бойынша, 12 ай болған болса, соның ішінде 4 ай харам айлар болып табылған. Құранда бұл жайында Алла Тағала былай дейді:

﴿إِنَّ عِدَّةَ الشُّهُورِ عِندَ اللّهِ اثْنَا عَشَر شَهْراً فِي كِتَابِ اللّهِ يَوْمَ خَلَقَ السَّمَاوَات وَالأَرْضَ مِنْهَا أَرْبَعَةٌ حُرُمٌ ذَلِكَ الدِّينُ الْقَيِّمُ فَلاَ تَظْلِمُواْ فِيهِنَّ أَنفُسَكُمْ﴾

«Тегінде аспан мен жер жаратылған күннен бастап Алла айдың санын 12 етіп белгілеген. Оның төртеуі – (Зулқағда, Зулхиджа, Мұхаррам, Ережеп) соғысуға тыйым салынған айлар. Дінде бұл дұрыс. Бұл айларда сендер өздеріңе зиян жасамаңдар».[1]

Харам айларға қатысты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген:  «Жыл он екі айдан тұрады. Бұлардың төртеуі – харам айлар. Оның үшеуі бірінен кейін бірі келеді. Бұл айлар зилқағда, зилхиджа, мұхаррам. Төртіншісі – Ережеп».[2]

«Харам айларда бір күн ораза ұстап, бір күн ауыз ашқанның артықшылығы көп»,[3] – деп бұйырған ардақты Пайғамбар (с.ғ.с.).

Ережеп айы барысында нәпіл ораза ұстауға болады. Бірақ бір ай бойы ораза ұстау дініміз бойынша бұйырылмаған. Себебі, айлық ораза рамазан айында ұсталуы парыз. Ал, нәпіл ораза ретінде бірнеше күн ауыз бекітуге рұқсат етіледі.

Сайд бин Жубайрден (р.а.) Ережеп айының оразасы жайында сұралғанда: Ибн Аббасты тыңдадым, ол былай деді: «Алланың Елшісі (с.ғ.с.) ережеп айында кей жылдары сондай ораза ұстайтын, біз күнде ораза ұстайды дейтінбіз. Ал, кей жылы ішіп-жеп жүргенін көріп, әсте еш ұстамайтын шығар дейтінбіз».[4] Демек, Ережеп айында нәпіл ораза ұстасақ болады екен.

Ережеп айы басталғанда ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дұға еткен: «Ей, Аллам! Ережеп пен шағбанды бізге мүбарак еткейсің. Бізді рамазанға қауыштыра гөр».[5]

Осы айда ерекше атап өтетін оқиға – Миғраж түні. Миғраж сөзінің тілдік мағынасы – «көтерілу, биікке  шығу, рухани дәреженің шыңына биіктеу» дегенді білдіреді. Осы түні екі дүние Сұлтаны (с.ғ.с.) Алла Тағаланың шексіз құдіретіне куә болған киелі сапар жасады. Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) Меккеден Мадинаға һижра жасамастан алдын бір жарым жыл бұрын, яғни 621-жылы ережеп айының 26-нан 27-не қараған түні Жәбірейіл (ғ.с.) періште пырақпен Меккеден Құдыс шаһарына апарып, Ақса мешітінде намаз оқып, көкке көтеріледі. Бұл Жаратушының рұқсатымен болған таңғажайып кездесу еді. Бұл түн мұсылман мемлекеттерінде және елімізде де ерекше аталып өтіледі. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір тарихында ерекше назар аударатын осы бір түн – Жаратушының Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) берген сыйы. Бір түн ішінде Алла Тағала сүйікті құлын, адамзаттың ардақтысы Мұхаммедті (с.ғ.с.) Меккеден Құдысқа, Құдыстан көкке, одан кейін ешбір періштенің жете алмаған мақамдарына көтерген. Миғраж және Исра оқиғасы – өзге пайғамбарларға нәсіп болмаған, тек Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) ғана бұйырған ең үлкен мұғжиза.

Бұл жайында Құранда «Исра» сүресінің 1-ші аятында былай деп келтіреді:

 سُبْحَانَ الَّذِي أَسْرَى بِعَبْدِهِ لَيْلاً مِّنَ الْمَسْجِدِ الْحَرَامِ إِلَى الْمَسْجِدِ الأَقْصَى الَّذِي بَارَكْنَا حَوْلَهُ لِنُرِيَهُ مِنْ آيَاتِنَا إِنَّهُ هُوَ السَّمِيعُ البَصِيرُ

«Құлын (Мұхаммедті) бір түні өзіне белгілерімізді көрсету үшін Харам мешітінен біз айналасын мүбарак қылған Ақса мешітіне апарған Алла Тағала әртүрлі кемшіліктен пәк. Шексіз Ол естуші, білуші».[6]

Ережеп айының мұсылмандар үшін ең үлкен ерекшелігі Алла Тағала осы түнде бес уақыт намазды парыз етті. Сонымен қатар, осы түнде Алла Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) «Бақара» сүресінің соңғы  аяттарын уахи етті және Аллаға серік қоспаған жанды кешіретінін сүйіншілеген[7].

 


[1] «Тәубе» сүресі, 36-аят.
[2] Бұхари, Муслим.
[3] Әбу Дәуід.
[4] Бұхари, Саум.
[5] Ахмад Ибн Ханбал, Муснәд І, 259
[6] «Исра» сүресі, 1-аят.
[7] Лүтфи Шентүрік. Өрнек ваазлар. – Анкара, 2011. 1-том. 189-бет.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру