Ердің табысты болуы әйелге байланысты

10 қаңтар 2020 8621 0
Оқу режимі

Ер адамның табысты болуы әйеліне тікелей байланысты. Сіз мұнымен келіспейтін шығарсыз... Десек те, бұл сөздің растығына уақыт пен тарих куә.

Бұл мақаламда Францияның ең әйгілі саяси және қоғам қайраткері Шарль де Голль мен ерін жетістікке жеткізу қолынан келетініне өте сенімді болған оның жұбайы Ивонне Вандру туралы мына оқиғаны атап өтуді жөн көрдім.

Шарль де Голль Францияның ең ұлы Президенттерінің бірі болған. Францияны Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде басқарды. Француз ұлтының рухани қазынасы  ақсүйектер қауымы болғандықтан, Шарль де Голльдің балалық  шағы  отаншылдық пен салт-дәстүрге, діл мен дінге адалдық тәрбиесінен  тұрған. Жұбайы Ивонне Вандрумен 1921 жылы танысып, отбасын құрады. Өмірінде  бір-ақ  рет үйленген ол өз әйелін сүйіп өтіпті. Жұбайы Ивонне Вандру  да зайыбына адалдығын өмір бойы сақтап, сенімді серік бола білген. Жолдасын іссапарға шығарып саларда  бір шабаданға киімдерін, бір шабаданға кітаптарын салып береді екен. Отбасында да, саясатта да «бұл сенің қолыңнан келеді, мен саған сенемін!» деп үнемі үлкен қолдау білдіріп отырған. Сүйікті әйелінің сұрық­сыздау екенін айтқан адамдарға генерал: «Саясаткердің әйелінің сұлу болуы шарт емес. Ол еріне көмекші бола білсе, оған  сол-ақ, жарап жатыр», - деген  уәж айтқан екен.

Саясаттың қайнаған ортасында жүріп, тыныштықты қалаған қайраткер бір күні жұбайына ешбір күзетшіні қасына ертпей Париждің бір мейрамханасына барып тамақтанып, серуендеп қайтуды ұсынады. Жұбайы екеуі мейрамхананың ішіне кіреді. Мейрамхана қожайыны оларды жылы шыраймен қарсы алып, білдей президенттің өзі тамақтану үшін осындай қарапайым мейрамханаға келгеніне таңданады. Олар тамақтанып отырғанда мейрамхана қожайыны келіп,  Ивонне Вандруге оңаша шығып сөйлесуі керек екенін жеткізеді. Президент бұл сөзге таңқалса да, олардың оңашада сөйлесуіне рұқсат береді. Президенттің жұбайы мейрамхана қожайынымен сөйлесіп келіп, дастарханға қайта жайғасады. Шарль де Голль жұбайынан ол адам сенімен не туралы сөйлескісі келді деп сұрағанда, жұбайы: «мен бұл кісімен бұрын таныс болғаным есіме түсті. Осыдан көп жыл бұрын бұл адам маған үйленбек болған. Мені танып, жағдайымды сұрамақ болған ниетпен оңаша сөйлескісі келіпті», – деп жауап береді. Бұл сөздер күйеуіне ұнамай қалып, іштей қызғаныш сезімімен: «Егер сен сол кезде осы адамға тұрмысқа шыққанда, қазір осы қарапайым мейрамхананың  қожайыны болар едің!» – деген сөздермен қағытып қалады. Сол сәтте жұбайы оған: «Жоқ, олай емес! Егер мен сол кезде осы адамға тұрмысқа шыққанда, ол адам мейрамхана қожайыны емес, Франция елінің қазіргі президенті болар еді», - деп жауап берген екен. Ол бұл сөзімен «мен сен Президент болғаныңша сені үнемі қолдай берер едім. Сені елдің басшысы еткен мен және менің саған деген сыйластығым мен қолдауым» дегенді айтқысы келген болатын. Қараңызшы, әйел адам үшін қандай батыл сөздер.

Бұл оқиға әрбір ер адамның жетістігінің артында оның жары тұрады дегенді дәлелдеп бергендей. Сіз де күйеуіңізді жетістікке жеткізуге, табысты етуге қабілеттісіз. Тек, күйеуіңіздің жұмысының әрбір деталіне мән беріп, оны өзіңізден алыстатып алмай,  оған осы салада қолдау көрсетсеңіз жетіп жатыр. 

«Жасыма! Әлбетте сені Алла өзі қорғайды! Себебі сен жақындарыңа қарасасың, қиналғанға қол ұшын беріп, мұқтаж жандардан барыңды аямайсың. Қонақтарың да саған дән риза. Сен әрдайым шыншылсың әрі жақсылық жолына бар ынта-шынтаңмен кірісетін жансың!..»...

Бұл сөздер Хира үңгірінде алғаш рет Жәбірейіл періштені көріп абдырап, тосын кездесуден үрейленіп  Меккеге келген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) естіген алғашқы сөздері және бұны айтқан Алла елшісінің (с.ғ.с.) сүйікті жары хазіреті Хадиша (р.а) анамыз еді. Өміріндегі таңсық бір оқиғаға тап болғанда еш аласармаған, көңілі жабырқаулы серігіне демеу болып соңғы сәтке дейін жанынан табыла білген, үнемі қолдау көрсетіп,  оның (с.ғ.с.) әу бастағы адамгершіліктерін есіне сап жұбатуға тырысқан, Уарақа ибн Нәуфәл сынды білімді кісінің айтқандарына қосылып жұбайына қолдау білдірген хазіреті Хадиша (р.а) анамыз осы ісімен барша мұсылман қауымына, әйел адамдарға керемет үлгі көрсетіп кетті.

Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) әйелі ретінде үлкен қолдау көрсетіп, жігерлендірді. Дінді алғаш болып қабылдаған да осы  Хадиша анамыз еді.  Сол үшін Алла Тағала  хазіреті Хадишаны осы дүниеде де, ақыретте де құрметке лайықты төрт әйелдің бірі және жәннаттың ханшайымы етті.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үшін де, дініміз үшін де Хадиша анамыздың орны бір төбе. Осы себепті пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ел менен теріс айналған кезде, Хадиша маған сенді. Айтқандарымды ешкім қабылдамағанда, мені алғашқы болып растаған сол еді», – деп, оны өмір бойы ұмытпай, жақсылықтарын әрдайым еске алып отырған. Хадиша анамыз мұсылман болған соң, кейін қыздары Руқия, Зейнеп, Үммү Күлсім және Фатима да Ислам дінін қабылдаған. Дін жолындағы осындай табанды ерліктері мен қажырлы еңбектерін бағалап пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бірде: «Осы дүниеде де, ақыретте де құрметке ие болатын төрт әйел бар: Имранның қызы – Мәриям, перғауынның жары – Әсия, Хуайлидтің қызы – Хадиша, Мұхаммедтің қызы – Фатима», – деген еді. (Ибн Исхақ Мухаммед, Сира, ред: М.Хамидуллаһ, Кония, 1981. Б. 228.).

Әйелдер қауымының дәрежесін ешбір дін дәл Исламдағыдай биіктете алған емес. Шаңырағы биік отбасының іргетасын  қашан да иманды, ибалы, салихалы, бойсұнушы әйел адам ғана қалай алады. Қалап қана қоймай, ерінің де жетістікке жетуіне, табысты болуына себепші болады. Дана қазақ айтқан «Еркекті ер қылатын да, жер қылатын да әйел» деген осы болса керек. Күйеуіңізге сеніңіз, бағалаңыз, қолдау көрсетіңіз! Ол – сіздің жәннатыңыз.

Лаура Қанатқызы 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру