ЕҢБЕК ЖӘНЕ МАСЫЛДЫҚ!
Жақында әлеужеліде бір әйелдің: «Жалданып (еден жуып) жетпіс мың тапқанша тағы екі бала дүниеге әкеліп мелмекеттің жәрдемақысын алып отырмаймын ба?!» деген мағынада видеосы тарады. Әрине, бұл оның налығаннан айтқан сөзі, кейбір адамдардың азғандай қаражат беріп, онысын бұлдағанынан болар деп түсіндім. Бірақ, әрбір денсаулығы бар, шамасы келетін адамның еңбек етуі, нәпақа табуы құптарлық іс.
Ислам адамзатты алдымен Аллаға иман келтіруге, сосын сол иманның аясында ізгі іс істеуге шақырады. Адал еңбегімен мал тауып, өз күнін көру - ата-анаға, туыстарға масыл болғаннан әлдеқайда қайырлы. Пайғамбарымыз: «Сендердің біреулерің қолына жіп алып, даладан отын арқалап әкеліп, сол арқылы Алланың қалауымен күн кешкені адамдардан қайыр сұрағанынан әлдеқайда жақсы!» (Бұхари) деген.
Хакім Абай: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп еңбек етуге, адалынан табыс табуға шақырған. Шәкәрім Құдайбердіұлы атамыз: «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа анық бола алады. Олар – барлығынан басым болатын адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек. Бұл сапалар адамды дүниеге келген күннен бастап тәрбиелейді» дейді.
Ислам діні масылдыққа салынуды құптамайды. Адам ата Алла Тағалаға ғибадат етумен қатар егін егіп, темір ұстасы болып, күнкөріс үшін құрал-сайман жасап еңбектенгені баршамызға аян. Қайыр тілеп өмір сүру - нағыз ұят іс. Алла Тағала ақыл, сана, денсаулық, жігер бергесін адал бала-шағасын өз адал табысымен асырауға қамдануы керек. Еңбекқорлық мынадай жеті сипатта көрініс табады: Еңбек сүйгіштік, жауаптылық, бастамашылдық, ұқыптылық., майталмандық, талаптылық» делінеді.
Пайғамбар хадисінде: «Адам баласының жегендерінен ең жақсысы, өз еңбегімен тапқан рыздығы» (Әбу Дәуіт, Ижара, 77) және «Кімде-кім адал тамақ жеп сүннет бойынша амал қылып, басқа адамдарға зиянын тигізбеген болса ол кісі жәннатқа кіреді» (Тирмизи, Сифатул-Қиямет, 60) деп бұйырады.
Ал Құран Кәрімде: «Олай болса, Алланың сендерге рызық ретінде бергендерінен адалын және тазасын жеңдер; егер оған құлшылық етсеңдер Алланың нығыметіне шүкірлік етіңдер» (Нахл сүресі, 114) делінеді. Осыған мағыналас ондаған аяттарды келтіруге болады.
Адал рызық іздеу, адал кәсіп жасау әрбір мұсылман адам үшін міндет. Алаяқтық, кісі ақысын жеу дінімізде арам әрекет. Сондықтан намаз оқып, дінге бет бұрып жүрген азаматтар бұл мәселеде өте абай болуы тиіс. Өйткені біздің құлшылығымыз бен ұстанымдарымыздың арқасында өзіміздің ғана беделіміз емес, барша мұсылманшылықтың, тіпті асыл дініміздің беделі тұр. Сондықтан, жасаған құлшылығымыздың және Алла мен оның пайғамбарының бұйрығын, мақсатын орындау, бірден болмаса да соған тырысу әрбір мүминге міндет. Пайғамбарымыз (с.а.у.) да біздерге төмендегідей дұға жасауды үйретеді: «Уа Алла! Маған адал рызығыңды нәсіп етіп арамдардан сақта! Мені өзіңнен басқаға мұқтаж қыла көрме!» (Тирмизи, Дұғалар, 110)