ЕЛІН ОЙЛАМАҒАННЫҢ — ЕРЛІГІ ЗАЯ, ЕРТЕҢІН ОЙЛАМАҒАННЫҢ — ТІРЛІГІ ЗАЯ!

11 шілде 2024 1250 0
Оқу режимі

Періштелердің: «Онда (Жер бетінде) бұзақылық істеп, қан төгетін біреуді жаратасың ба?..»(Бақара сүресі, 30)- деп, Жаратқанға шағымдануы бекер емес секілді...  Әрине, адамды Алла қан төксін, бұзсын, бүлдірсін деп жаратпаған. Адам жаратылғанда оған құрмет ретінде періштелерге тағзым еткізіп, барлық нәрсенің атауын үйретіп, мақсатын да айқындап берген. Ол қандай мақсат еді? Ол ‒ жер бетінде өсіп-өніп, өркендеп, дамып, дамытып, өркениет қалыптастыруымыз.

Ал бұзу мен бүлдіру, қан төгу көбіне өзіңе өлшеніп берілген ризығыңа разы болмаудан туады. Асылында, жердің асты-үсті қанша бай болғанмен, ол бағыңа байланбаса, пешенең онымен майланбаса, бәрібір бұйырмайды. Өйткені «Алла ризығын қалағанына үйіп-төгіп береді, қалағанына өлшеп береді» (Зүмәр, 52). Сондай-ақ адамдар, басшың мейлі қосшың болсын, қанша әділетсіз болды дегенмен, Алла әділетсіз емес. Әрекеті барға Алланың берер берекеті бар, ол таусылмайды. Ал «Еңбек етпесең, елге өкпелеме. Егін екпесең, жерге өкпелеме»... Бәріне қол жеткізуге болады, бейбітшілік болса. Отыз жыл өз қолыңмен тұрғызып, көктеткен бәйтерегіңді шауып тастай салу отыз сағаттық іс делік. Бірақ, тыныштықты бақ деп білу ‒ адамдық асыл қасиет. Ибраһим (а.с.) пайғамбардың Құранда екі жерде келетін дұғасы бар: «Раббым! Бұл мекенді бейбіт ет әрі оның Аллаға және Ақырет күніне сенген тұрғындарын жемістермен ризықтандыр» (Бақара, 126); «Раббым! Бұл мекенді қауіпсіз ет! Мені де, ұрпағымды да пұттарға табынудан аулақ қыл» (Ибраһим, 35), ‒ делінетін.

Ең үлкен, ең қауіпті күнә саналатын пұтқа табынудан алдын әрі адам өмірі үшін ең маңызды саналған ризықтан да бұрын мекеннің бейбіт, қауіпсіз болуын тілеуі ‒ тыныштықтың ұлы маңызын білдіреді. Себебі, тыныштық болса, күнәңнан қайтуға мұрсат бар, түзеліп, бәрін түзетуге, иманға келіп, ізгілікті жаюға, өсіп-өркендеп, дамуға мүмкіндік бар.

Ал, бүлінген, бұзылған мекенде болашақ болмайды. Осы үшін де Құран бізге: «Бүлдірмеңдер!»; «Бұзушы болмаңдар!»; «Бүлік шығармаңдар!» деген бұйрықты көп ескертеді. Бір адамды өлтірдің, бүлікке себепші болдың ‒ бүкіл адамды өлтіргенмен тең күнәға қалдың деген сөз. Себебі, сол бір адам ‒ бір отанның бөлшегі, бір отбасының тірегі, ата-анасының өмірінің мәні еді. Ал Алла адал етпеген мүлікті меншіктеп, от ішінде олжа теру ‒ өзің көксеп, төбеден талап етіп шыққан әділдікке өзің сай болмай тұрғаныңның көрсеткіші емес пе? Елірдің, бүлдірдің, бүлінгеннен бүлдіргі алдың, бұл ‒ «елін ойламағанның ‒ ерлігі зая, ертеңін ойламағанның ‒ тірлігі зая» кеткені. Жүрек тыныштығын, бас амандығын аңсап өткен, жарлы болса да арлы болған, қанағатты ‒ түгесімейтін қазына деп білген қазақтың ұрпағы тек дүние мен байлықты құндылық көріп, өз құнын төмендетпеуі тиіс. Дүниені белден басу ‒ бақыт емес. Бақытты терден іздеу керек. Азға қанағат қылып, барға шүкірлік етпегеннің, мол нығмет берілсе де шүкіршілік етпейтіні, кімнің адамға рақметі болмаса, Аллаға да алғыс білдірмейтіні хадисте бекер айтылмайды.

Кінәмшіл, өкпешіл, талапшыл болу ‒ өсіретін жол емес. Ұстамдылық танытып, әр істің артын күтуді, сабыр етуді, ақылмен іс қылуды үйреніп, жастарды да соған үйретуіміз керек. Асылында, дүниелік дағдарыстан емес, рухани аштықтың себебінен елді арандатып және арандап қалып жатырмыз. Бір ойшыл: «Кез-келген мемлекеттің түбіне жететін нәрсе ‒ қаржы дағдарысы емес, рухани құндылықтардың дағдарысы», ‒ деген екен.

Ұйқыдағы арыстан секілді жатқан бүлікті ояту ‒ ел бірлігіне, бейбіт өмірге орны толмас шығын, кесір, кесапат алып келетіндігі үшін тыйым салынған. Осы үшін де Аллаһ елшісі (с.а.с) күнәға бұйырған жағдайдан басқасының барлығында басшыға бағынуды қаттаң ескерткен. Мылтықтың үні мен бүліктің түтінінен терезеге үңілуден қорқып қалған халықтың үрейі басылар, бірақ баласынан айрылып боталаған, боздаған аналар мен балалардың қайғысын кім баса алады енді..? Алла ел-жерімізді барлық бүлік пен дұшпаннан, қауіп-қатерден, қайғы мен қасіреттен аман сақтап, тыныштығымыздан Қияметке дейін айырмағай. Президентіміздің қолдаушысы, тілекшісі болайық, ағайын! Қазақтың қазақтан басқа жанашыры, Қазақстаннан басқа панасы жоқ.

 

Қайрат ҚҰРМАНБАЕВ,

PhD докторы

 

 

Пікірлер Кіру