«ДҮЙСЕНБІ – АУЫР КҮН» БЕ?

07 ақпан 2022 6498 0
Оқу режимі

Адамзат ақыл-ойының ұшқырлығына, қиял мен сенім жасампаздығына ешбір дау жоқ. Бұл қасиеттер шындап келгенде небір құбылыстарға да апаруы мүмкін. Айтпағымыздың бірі – адам баласының пайдалы мен пайдасыз, қажетті мен қажетсіз нәрселерге сенім білдіруі. Десек те, сенім мен илану мәселелерінде әр нәрсенің шегі мен ақиқаты бар. Ендеше, мақаламызда «понедельник – день тяжелый» деген ұғымның көпшілік санасына сіңіп, дерт болып қалыптасып қалғаны жайлы қозғамақпыз.

Қазіргі таңда батыстық мәдениет дүйсенбіге жаңа жұмыс аптасының басталуы деп қарайды. Үлкендер жұмысқа кетеді, ал балалар демалыстан кейін мектепке барады. Дүйсенбі атауы араб, португал, грек, грузин, тәжік және бірқатар тілдерде «екінші күн» немесе «сенбіден кейінгі екінші күн» дегенді білдіреді. Христиан мен иудейлік діни ұғымда Библия күнтізбесі бойынша дүйсенбі аптаның екінші күні дегенді білдіреді. Дүйсенбіге деген бұндай көзқарастар АҚШ, Жапония, Канада мемлекеттерінде де бар.

Әлеуметтік зерттеу көрсеткіштері

Ал, Ресейде «дүйсенбі – ауыр күн» деп аталады. Тіпті, 1963ж. СССР кезеңінде М.Горький атындағы киностудияда бұл күннің атауы туралы фильм түсірілген екен.

Ал, Британ ғалымдары жүргізген дүйсенбі туралы әлеуметтік зерттеулердің нәтижесі төмендегідей:

–  Көп адамдар бұл күні сағат 11-ге дейін күле бермейді
–  Қызметкерлердің 50% дүйсенбі күндері жұмысқа кешігіп келеді
–  Жұмысшылар 3,5 сағатқа дейін өз күш-қуаттарын сақтай алады
–  Инфаркт құрбандарының саны 20%-ға артады
–  Адамдар орташа есеппен  34 минутын дүйсенбіні ауыр күн деп жоруына жұмсайды
–  Аптаның алғашқы күнінің ауырлығымен мұңаятындар 45-54 жас аралығындағылар
–  Өз-өзіне қол жұмсау осы күні көп жасалады
–  Жаңбыр ең аз жауатын күн
–  12 минут уақыт шағымдануға жұмсалады
–  Автокөліктің сатылуы жексенбіге қарағанда дүйсенбіде сәтті болатынына сенетін сатушылар көлік бағасына да керегінше жеңілдік жасайтын көрінеді.

Сондай-ақ, апта соңында ішкілікке салынғандар үшін аптаның алғашқы күні шынымен де қиын соғады. Әрине, осындай демалыс күндерінен соң өздеріне келе алмауларын былай қойғанда, жұмысқа деген ынтызарлық жоғалады. Шаршап-шалдыққан ол амалсыздан апта басын ауыр санап, соған сене бастайды. Бұл өз кезегінде адамның бір күндік қуатының әлсірете түсетіні сөзсіз.

Мұсылмандар мұнымен келіспейді

Алайда, мұсылман қауымы дүйсенбінің «ауырлығын» сезінбейді. Өйткені, олар үшін күн жеңіл және ешбір ауыртпалықсыз өтеді. Бұл күн құлшылықты құлшынып орындауға ұнамды, қадір қасиетке толы уақыт саналады. Ерекше мәні бар болуының тағы бір сыры бұл күні – адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) дүниеге келген. Алла Елшісі (с.ғ.с.) дүйсенбіге қараған түні туылған әрі адамдарға көптеген құбылыс белгілер білінген. Осы түні Қағба қатты дірілдеп, қабырғаға ілінген барлық пұттар қираған.

Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) дүйсенбі турасында сұрағанда: «Бұл күн – саяхат пен сауда күні»,[1] – деп жауап берген. Шұғайып (ғ.с.) пайғамбар дүйсенбіде сапарға аттанып, дүйсенбі күні сауда келісімінен табысты олжамен оралған. Алла Елшісі (с.ғ.с.) мен Әбу Бәкір (р.а.) екеуі дүйсенбіге қараған түні іздеріне түскен құрайыштықтардың іздеуінен құтылған болатын.

Имам Хаким бин Байи мен Имам Ахмад ибн Ханбал: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүйсенбіде туылған, Меккеден Мәдинаға қарай мұхажир болып шығып, Мәдинаға дүйсенбі келген әрі осы күні дүние салған»,[2] – деген.

Әбу Лахабқа өзінің қызметші күңі Суайба Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туылғандығын хабарлағанда оны құлдықтан азат еткен. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) нағашысы Аббас (р.а.) түс көріп, түсінде Әбу Лахабтың осы күнгі хабарға қуанғаны үшін дүйсенбі күндері қабір азабынан азат етілгенін көрген. Тіпті, шектен шығып, тура жолдан адасқан, күнәһар Әбу Лахабқа Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туылғанына қуанғаны үшін азабы жеңілдетілетін болса, онда Жаратушының бар екендігін шынайы мойындаған, пайғамбарды құрметтеген адамға қиямет күні қандай сый берілмек?!

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің дүниеге келген күнді қастерлеп қадір тұтқан, Алла Тағалаға әр дүйсенбіде ораза ұстау арқылы шүкір етіп, алғысын білдірген. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Менің өмірім де, өлімім де сендер үшін игілік», – деген. Сахабалар: «Сенің өмірің біз үшін игілік, алайда өліміңіз қалайша игілік болады», – деп сұрағанда: «Әр дүйсенбі мен бейсенбі күндері маған үмметімнің істеген амалдары ұсынылады. Жақсы амалдары ұсынылғанда, Аллаға мадақ айтамын, жамандарын ұсынғанда, кешіруін сұраймын»,[3] – деп жауап берген.

Қарап отырсақ, әрбір діннің, ұлттың, дәстүрдің өздеріне тән «дүйсенбі» күніне қатысты әдеп-ғұрыптары, түсініктері мен ырымдары қалыптасқан. Дін жағынан алып келгенде, базбіреулер бұл күннің орны Исламдағы орны ерекше болғандығы үшін оны әдейілеп дүйім жұртқа кертартпа қисық сипатта кеңінен тараған деп түсіндіреді. Ізгілікке толы дініміз әр нәрсені жаман ырымға балап, соған сеніп, өмірімізді соған негіздемеуге үндейді. Қысқасы, бұл Жаратушының емес, жаратылушылар тарапынан енген құбылыс. Демек, Құдайдың құдыреті тұрғанда адамның ойдан шығарғанына сену – ақиқаттан алшақ болу деген сөз. Қашанда адамзат баласы Алла Тағаланың: «Алланың жазмышынан бөлек бізге ешнәрсе де болмайды»,[4] – деп,  соқырға таяқ ұстатқандай бұл аятты сеніміміздің көзілдірігіндей етіп алуымыз керек.

Руслан Абдуллаев

 


[1] Танбих аль-ауам ила даъуаталь-Қуран.
[2] Фазаил аль-хабиб уа манақибу табиб.
[3] Танбих аль-ауам ила даъуаталь-Қуран.
[4] Тәубе сүресі, 51 аят.

Дереккөз: muslim.kz мұрағатынан

Пікірлер Кіру