ДҮНИЕ – ПӘНИ, АҚЫРЕТ – МӘҢГІ-БАҚИ

28 қараша 2023 2091 0
Оқу режимі

Мұсылман баласы дүниеде түрлі қайғы, қиыншылыққа тап болса да, олардың өткінші әрі хикметке сай болатынын ойлап үмітсіздікке берілмеуі және уайым-зарға түспеуі керек. Негізгі ақырет бақытын бұйыртатын себептерге ұмтылып, сонымен көңілін тоқ ұстап өмір сүруге тиіс. Әйтпесе дүние де, дүнияуи барлық та пәни. Адам өзін ғапылдыққа түсіретін, ұлы мақсаттан тайдыратын пәни нәрселер үшін мәңгілік бақытына себеп болатын міндеттерінен қол үзбеуі қажет.

Дүние біреуге мәңгілік тұрақтайтын болса, Пайғамбарымыз (с.а.у.) дүниеде мәңгі-бақи қалар еді. Оның өзіне бақи болмаған дүниенің басқаларға мәңгілік, тұрақты болуы мүмкін бе? Сол себепті адамдар ақыреттік өмірін әдемілеп әзірлеу үшін дүниеде мойындарына жүктелген құлшылық міндеттерін атқарып, мәңгілік әлемде тұрақты Илаһи нығметтерге қол жеткізу үшін талаптануы керек, уақытын бекерге зая кетірмеуге тиіс.

Қарым мен жазалардың толық әрі кемел түрде орын алатын жері – ақырет. Кейбіреулер дүниеде-ақ кей амалдарының бір бөлік қарымын немесе жазасын көреді. Алайда бұлар өткінші, пәни, жеткілікті емес. Көбіне адамдар амалдарының қарымын дүниеде көрмейді.

Mәселен, бір шейіт жанын қияды және мұның қарымын дүниеде өзі көре алмайды. Бір күнәһар да жария болмай істеген қылмысының жазасын мына дүниеде тартпауы мүмкін. Әйткенмен негізгі қарым мен жаза ақырет әлемінде, ол жерде әркім өзіне лайықты қарым мен жазаны көреді. Шынында өмірден өткендер де қабірінде өзінше қарым мен жазасын тартады. Қабір олар үшін Жәннат бағының бір бұрышы немесе жаһаннам шұңқырларының бірі болады. Дегенмен бұлар да өзінше бір қарым. Жаза мен қарымның толық көрінуі қиямет күнінен басталады.

Сол себепті дүнияуи уайымға беріліп басты мәңгілік өмір әлеміндегі шынайы салауат пен бақытқа жетудің қамын жасап, сонымен жұбанып ождан тыныштығын тапқан жөн.

Уайым емес өтер дүние, қалар дін

Уайым сол кімде қалар дүние, өтер дін

Пікірлер Кіру