ДҰҒАНЫҢ ҚАБЫЛ БОЛМАУЫНЫҢ 7 СЕБЕБІ...

17 қараша 2021 9951 0
Оқу режимі

Адамдар: «Біз Алладан дұға тілейміз, бірақ Алла біздің дұғаларымызды қабыл етпейді. Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Маған жалбарыңдар! Тілектеріңді қабылдаймын»[1] деп айтты емес пе?» - деп айтады. Сонда бір ғұлама: «Сендердің дұғаларың қабыл болмайды, өйткені оның қабыл болуына жеті себеп кедергі келтіреді», - деп жауап берген екен.

- Қандай себептер? – деп сұрайды адамдар. Сонда ғұлама былай деп жауап береді:

«Біріншіден, сендер Алланың ашуына қалдыңдар, Оның разылығын алуды қаламадыңдар, яғни, сендер Алла Тағаланы ашуландыратын амалдар жасадыңдар. Сендер мұндай амалдарды жасауды қоймадыңдар да, өкінбедіңдер де.

Екіншіден, «Біз Алланың құлдарымыз» дейсіңдер де, бірақ Алланың шынайы құлдары жасайтын амалдарды жасамайсыңдар.

Үшіншіден, Құранды оқисыңдар, алайда оны дәріптемейсіңдер, оқығандарың жөнінде ой жүгіртпейсіңдер, Құранға сай әрекет етпейсіңдер.

Төртіншіден, «Біз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмбетіміз» дейсіңдер де, бірақ оның (с.ғ.с.) сүннетін ұстанбайсыңдар, яғни, сендер күмәнді әрі тыйым салынған тағамды жейсіңдер әрі оны жеуден өздеріңді тыймайсыңдар.

Бесіншіден, «Бұл баянсыз дүние Алла үшін масаның қанатындай ғана» дейсіңдер де, бірақ, ақиқатында, жүректеріңді осы дүниеге байлап қоясыңдар.

Алтыншыдан, «Бұл дүние уақытша» дейсіңдер, алайда жасап жатқан амалдарың – бұл дүниеде мәңгі қалатын сияқты жасалатын амалдар.

Жетіншіден, «Фәни дүниеден ақырет артық» дейсіңдер, бірақ өздерің ақыретке дайындалмайсыңдар да бұл дүниені ақыреттен артық дәріптеп кетесіңдер».

Факих (р.а.) былай айтқан: «Аллаға дұға жасайтын адамның қарны харамнан таза болуы керек, өйткені тыйым салынған нәрсе дұғаның қабыл болуына кедергі келтіреді».

Саид (р.а.) есімді сахаба: «Уа, Алла Елшісі, мен Аллаға дұға жасаймын, бірақ менің дұғам қабыл болмайды», – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деп жауап берген екен: «Әй, Саид, харамнан сақтан. Егер харамның бір кесегі болсын адамның ішіне түсер болса, онда қырық күн бойы оның дұғасы қабыл болмайды».

Дұға жасаған адамда асығыстық болмауы керек, өйткені Алла Тағала Өзіне дұға жасағандардың дұғаларын қабыл етпей қоймайды. Дұға айтылған кезде немесе біршама уақыт өткен соң, не болмаса ақиретте қабыл болады делінген.

Мұса (ғ.с.) Перғауынға және оның тайпасына лағынет айтады, ал Харун (ғ.с.) Алла Тағаладан бұл дұғаның қабыл болуын тілейді. Алла Тағала оларға Қасиетті Құранда былай деп жауап берген: «Екеуіңнің тілектерің қабылданды. Онда тура жолда болыңдар да, білмейтіндердің жолына ермеңдер!», - деді»[2]. Бұл жөнінде Ибн Аббас (р.а.) былай айтқан: «Дұға жасалған уақыт пен оның қабыл болуының арасында қырық жыл өткен».

Кейбір ғалымдар «Төрт адамға бақыт жоқ» деп айтады:
- Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтпайтындарға;
- азаншының соңнан азан сөздерін қайталамайтындарға;
- жақсылық жасауға қол ұшын бермейтіндерге;
- намаздан соң өзі үшін және өзге де мұсылмандар үшін дұға жасамайтындарға».

Абдулла Антаки былай айтқан: «Келесі бес амал жүректің дәрісі болып табылады»:
- тақуалармен дос болу;
- Құран оқу;
- ішті харамнан босату;
- түнді құлшылықпен өткізу
- таңсәріде Аллаға дұға жасау.

 


[1] «Мүмін» сүресі, 60-аят.

[2] «Юнус» сүресі, 89-аят.

Дереккөз: Asyldin.kz

Пікірлер Кіру