Діни әдебиеттерді қайдан алып жүрсіз?

25 маусым 2019 10680 0
Оқу режимі

Қазіргі таңда дінді жеткізудің әртүрлі құралдары бар. Оның ішінде баспа өнімдерінен бөлек ғаламтор арқылы, әлеуметтік желілер, тағысын тағы да дегендей. Жоғарыда айтылған барлық құралдар бүгінгі таңда мемлекеттің назарында. Жыл сайын тиісті органдар тарапынан дінтану сараптамасы арқылы мыңдаған әлеуметтік желілерде ашылған парақшалар мен діни сайттар жабылып, жүздеген діни әдебиеттер дінтану сараптамасынан өтпей жатыр. Бір ғана себеп, олардың жазбалары мен идеологиясы қоғамда іріткі салуы мүмкін.

Есте сақтайтын жайт, елімізде діни әдебиетті немесе діни мазмұндағы басқа да материалдарды кез келген жерде сатуға және таратуға заң бойынша рұқсат етілмеген.

Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де материалдарды, діни мақсаттағы заттарды әкелуге, әзірлеуге, шығаруға, басып шығаруға және (немесе) таратуға болмайды. Бұл – ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 490-бабы. Олай болмағанда, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жеке тұлғаларға – 50, заңды тұлғаларға 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Осы ретте, діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де материалдар мен заттарды қалай түсінеміз?

Ол деген…

Дін істері агенттігінің 2013 жылы бекіткен Діни әдебиеттерді және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы тұрақты үй-жайлардың, сондай-ақ ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни жораларды өткізуге арналған үй-жайлардың орналастырылуын анықтау бойынша нұсқаулығы бар. Сол маңызды құжатқа сәйкес діни әдебиет – діни мазмұнға ие (теологиялық, діни-каноникалық, ритуалдық-мистикалық, әлеуметтік-теологиялық) және тұрғындардың діни және рухани-діни ұстанымдарынан туындайтын өзге де әлеуметтік мәні бар сұраныстарын қанағаттандыруға бағытталған баспа немесе электрондық өнім. Оның ішіне кітаптар, кітапшалар мен брошюралар да жатады.

Діни мазмұндағы ақпараттық материалдарға;

– діни мазмұндағы ақпаратты қамтитын, діни әдебиетке жатпайтын баспа түріндегі немесе электрондық өнім.

– діни мазмұндағы ақпараттық бюллетендер, – діни уағыздар, құдай ілімі туралы сөз сөйлеу, діни-канондық мәтіндерге түсініктеме,

– діни лекциялар және діни білім беруге арналған сөз сөйлеу мәтіндік материалдары және жинақтарын да осы қатарға қосуға болады.

Сондай-ақ, діни бірлестіктермен өткізілетін және теологиялық тақырыпқа арналған семинарлар, дөңгелек үстелдер және конференциялар материалдары, діни мазмұндағы мәтіндері бар үндеухаттар, бүктемелер, діни ілім мәтіндері, діни сипаттағы цитаталары бар діни күнтізбелер, діни әдебиетке, теологиялық, діни-канондық, ритуалды-мистикалық, әлеуметтік-теологиялық діни мазмұны бар кітаптар, баспа немесе электрондық түріндегі брошюралар да жатады.

Діни әдебиеттер мен заттарды қайдан алуға болады?

Бұл бүгінгі күннің басты сауалы болуға тиіс. Өйткені имандылыққа бет бұрып жатқан жастарымыз көп. Олар әлі қай нәрсенің шынайы, қайсысының алабөтен ықпалы барын білмейді.

Тәуелсіздік алған жылдары діни мазмұндағы кітаптар мен заттарды кез келген сату дүкендерінде немесе басқа да сауда орталықтарында сата беру мүмкіндігі болса, 2011 жылдан бастап «Діни бірлестіктер және діни бірлестіктердің қызметі туралы» Заңына сәйкес әдебиет сататын орындар міндетті түрде рұқсат алуы керек. Ол жердің өзінде дінтану сараптамасынан өткен діни әдебиеттер ғана сатылады.

ҚР 2011 жылғы 11 қазандағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 9-бабында «Діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге ақпараттық материалдарды, дінге қатысты құралдарды тек қана ғибадат үйлерінде (құрылыстарда), діни білім беру мекемелерінде, сонымен қатар, облыс (республикалық маңызды қалалардың, астананың) жергілікті атқару органдары бекіткен арнайы стационарлық үй-жайларында таратуға болады» делінген.

Дегенмен, заңмен шектеу қойылғанына қарамастан, өңірлерде кейбір азаматтар бірлі-жарым заңсыз діни әдебиеттерді таратылғаны туралы деректер айтылуда. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық даму басқармасының берген мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері дін саласына қатысты 33 құқықбұзушылық әрекеттер тіркелсе, соның 13-і заңсыз орындарда діни әдебиет сатылған.

Тағы да назар аударатын мәселе, қазір пойыздарда жолаушыларға дұғалардың түр-түрін үйрететін кітаптар да еркін сатылуда. Оны бақылап, сараптамаға ұсынып жатқан жан жоқ. Бұл кітаптардың діни экстремизмге қатысы болмағанымен, белгілі бір конфессияның насихатын жасауы мүмкін. Бұл туралы да жауапты мекемелер ойлануы керек-ақ.

Елімізде 292 арнайы стационарлық орын тіркелген

Дін – нәзік, бірақ өткір сала. Сондықтан бұл саланың тамыры мен жапырағын қадағалап отыру – маңызды жұмыс. Мысалы, қарапайым экономикалық заттарды сату үшін де арнайы орын даярлап, оған рұқсат аласыз. Халыққа сататын тауарыңыздың мерзімі мен сертификаты, сапасы туралы мәлімет міндетті түрде қаралады. Дін мәселесі де дәл осы секілді шарттарды талап етеді.

Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және облыс әкімдіктерінің Дін істері басқармаларының мәліметтеріне сүйенсек, ел аумағында барлығы 292 арнайы стационарлық орындар тіркелген. Оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласында – 8, Алматы қаласында – 14, Ақмолада – 2, Ақтөбеде – 24, Алматыда – 20, Атырауда – 12, Шығыс Қазақстанда – 108, Батыс Қазақстанда – 16, Қарағандыда – 12, Қостанайда – 2, Қызылордада – 2, Маңғыстауда – 11, Павлодарда – 40 және Солтүстік Қазақстанда 12 орын белгіленген. Ал Түркістан, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласында стационарлық үй-жайлар бекітілмеген. Осы ретте көңіл аудару керек мәселе бар, елімізде тіркелген діни бірлестіктердің аумағында әдебиеттер мен заттар сату тек сол бірлестік басшысының келісімімен ғана сатылады. Ал мешіттен тыс аумақта діни әдебиеттер сатуға болмайды. Тек арнайы рұқсаты бар стационарлық үй-жайларда ғана жүзеге асады.

 Кез келген шаһар орталығындағы діни кітаптар мен сол мазмұндағы материалдарды сататын орын заңсыз болуы ықтимал. Өйткені елімізде діни әдебиеттерді, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды және діни мақсаттағы заттарды тарату мәселесі тиісті заңнамалық актілерімен реттелген.

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы № 483-ІV «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 4-бабы 11-тармағына сәйкес діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы тұрақты үй-жайлардың, сондай-ақ ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шаралар өткізуге арналған үй-жайлардың орналастырылуын айқындау жөніндегі нұсқаулықты бекіту дін саласындағы уәкілетті органға жүктелген.

Аталған норма елімізде алғаш рет 2013 жылғы Дін істері агенттігінің бұйрығымен бекітілген болатын. Одан кейін 2015 жылы Діни қызмет саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан қайта ұйғарылды. Дәл осы құжатқа 2017 жылы Дін істері және азаматтық қоғам министрінің бұйрығымен қайта өзгерістер енгізілді.

Аталмыш нұсқаулыққа сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары арнайы тұрақты үй-жайлардың орналасуын бекітеді және діни жораларды өткізуге арналған үй-жайлардың орналасуына келісімін береді.  

Кез келген жеке кәсіпкер стационарлық орын ашу үшін ең әуелі өз өтінішін, жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi немесе діни бірлестікті мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшiрмесi, арнайы тұрақты үй-жайлардың орналастырылуы туралы еркін нысандағы негіздеме, жылжымайтын мүліктің техникалық паспортының көшірмесі, құқық белгілеуші құжаттың көшірмесі, меншік иесінің үй-жайды пайдалануға рұқсат етуге келісім туралы құжаттарын рәсімдеп өткізсе болғаны, – дейді Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Нұрдәулет Әлмұқанов.

Нұсқаулықта көрсетілгендей діни заттарды сататын дүкендер мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың, сот және құқық қорғау органдарының, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен, жеке тұлғалардың өмірі мен денсаулығын қорғаумен байланысты басқа да қызметтердің, діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, білім беру ұйымдарының аумағында және ғимараттарында орналастыруға жол берілмейді. Тек бұлардан 300 метрден кем емес қашықтықта орналасу керек.

Діни әдебиеттерді таратуға арналған стационарлық орындардың қызметін бақылау және ол жерде тек дінтану сараптамасынан өткен әдебиеттердің сатылуын жергілікті атқару органдары бақылауда ұстауда. Діни мазмұндағы заттар мен әдебиеттерді кез келген жерде сатуға немесе таратуға болмайды. Тек жергілікті атқарушы органдары тарапынан арнайы белгіленген тұрақты үй-жайларда ғана таратуға жол беріледі. Бұл заңдық тұрғыдан белгіленген талаптар және орындалуы тиіс.

Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ
 

Пікірлер Кіру