ДІН ЖӘНЕ ДҮМШЕЛІК
«Әрбір жан Алланың рұқсатымен ғана иманға келеді. Алла азапты ақылдарын істетпейтіндерге береді» («Юнус» сүресі, 100-аят).
Қазір «дін қараңғылығына батып кетпейік» деген ескерту жиі айтыла бастады. Себеп те жоқ емес. Бірақ кейбір кісілер бұл сөзді жалпы діннен, оның ішінде ата дінімізден алшақтату үшін қолданатын болды. Сонымен бұл ұғым нені білдіреді? Түпнұсқасы сақталмаған немесе біздің мәдениетке қатысы жоқ діндерді былай ысыра тұрып, төл дініміз Ислам тұрғысынан сараптап көрсек: дін «қараңғылығы» неден туындайды?
Дін «қараңғылығы» – дінді қате түсінуден туындайды. Жіктесек: 1) естіген-оқығанын өз ой, өз түсінігімен қабылдап алудан (өз түсінігіне лайықтап алудан); 2) тікелей (мән-мағынасына үңілместен, байланыстырып сараламастан), сөзбе-сөз (буквализм) қабылдаудан; 3) қате, бұрмаланған түсіндірмеге (тәпсірге) ілесуден туындайды. Бір сөзбен айтсақ: дінді – «ілім, ғылым» деп ұғынбаудың салдарынан, надандықтың себебінен қателікке ұрынады. Осы себептің жалғасы ретінде кім көрінгеннің (ешқандай арнайы діни білімі жоқтығына қарамастан) дін мәселесіне кірісіп, өз көзқарасын «ең дұрысы осы» деген ұстаныммен айтысуы, жік-жік болып тартысуы – қараңғылықты қоюлата түседі…
Дінді «қараңғылық» деп ұғынуға: атеистер мен басқа дін ұстанушылардың шабуылынан бөлек, ағымдарға ілескен адасушы топтар, «тіл-мұсылман» екіжүзділер және қате түсінікке ұрынған дүмшелер мен дін тереңіне бойламаған саяз білімді мұсылмандар да кінәлі.
Бұл туралы халық мәтелінде: «Дүмше молда – дін бұзар» делінсе, Шәкәрім атамыз:
«Жаман тәпсiр жайылып жер жүзiне‚
Дiн десе тұра қашты естi азамат.
Бар обалы олардың тәпсiршiде,
Адасып нұрлы аятқа жағыпты тат», – депті. Ал Абай хәкім:
«Жамандық, жақсылық пен – оған бір бәс,
Дін ісін, Құдай ісін айыра алмас», – деп толғапты…
Жасыратыны жоқ, білімнің саяздығы мен бұрыс түсініктің жетегінде кеткен, салт-дәстүрді (қазақылықты) мәнсұқтаған; «әріпке» жабысқан діншілдер (діншіл – шектен шығушы, діндар – сеніміне адал, парасатты жан) басында таңырқатса, кейіннен шошытты. Ал асыра сілтеуші «ақилар», талақ айтқыш «таза исламшылар» мен сырт күштердің құралына айналған «жиһад» аңсағыш содырлардың лаңы асыл дінді одан ары былапыттады. Ұлттық мәдениеттен жерініп, қазақы (мұсылман) мінезден алшақ тұрған ондай «мұсылмандарды» көрген қарапайым жұрт әрі-сәрі күйге түспегенде қайтеді? Діннің бұл «қараңғылығын» көрген адам ойланып қалмағанда қайтеді? (Екінші қырынан қарағанда бұл үдеріс – заңды құбылыс. Өйткені жаңа келген немесе қайта оралған дүние шикілікпен, кемшілікпен келеді; көш жүре түзеледі. Бірақ арқаны кеңге салуға тағы болмайды…) Сондықтан гүл мен тікенді айырып беру, тіпті гүлдің тікенсіз болмайтынын түсіндіру, сөйтіп битке өкпелеп тонын отқа лақтырмақшы болған жұртты сабыр мен парасатқа шақыру – әр білікті маманның, әр діндардың ісі.
Ата-бабамыздан келе жатқан діни таным мен тәжірибенің үзілуі – «қараңғылықтың» тағы бір себебі. Адам баласы «кеше-бүгін-ертең» деген Уақыт тізбегінің ішінде өмір сүреді. Кешегіден үзілу – тамырыңнан ажырап мәңгүрттенудің, бүгініңді бағаламау – қапы қалудың, болашақта Меженің (арман, мақсаттың) болмауы – құрдымға құлаудың хабаршысы. Сондықтан дәстүр сабақтастығы секілді, дін сабақтастығы да – аса қажет дүние; ал сабақтастық немесе тарихи тізбек – ұлттық өзгешелік пен өз қалыбымызды сақтап қалудың және дамудың шарты.
Діни білім беру мен насихат барысында сонау 7-ші ғасырдағы сахабалар дәуірінен 20-шы ғасырдың басына, әуелі соңына бір-ақ ыршу, арадағы 12 ғасырлық тәжірибе мен ізденістің елеусіз қалуы – тарихи тізбектің үзіле, сабақтастықтың жоғала жаздағанынан хабар береді. Осы аңтаңдақты толтыру – талай күмән мен таластың ініне су құятыны сөзсіз…
«Жаңа» діндарлардың кей түсінігі мен мінезінің күні кешегі аузы дуалы ақсақалдар мен ақ кимешекті әжелердің кейпі мен болмысына ұқсай қоймауы да – «қараңғылық» деп шошуға себеп болғаны сөзсіз, сабақтастықтың үзілуінен хабар беретін көріністің бірі де осы. Әрине, қазіргі жастар мен орта буынның ата-әже болуына біраз уақыт бар, оның үстіне заман өзгерісінің таңбасы (кешегі дінсіз сәбеттік кезең, қазіргі жаһандану) тағы бар, дәл бұрынғы бейне қайта оралуы екіталай. Алайда болмыс, мінез оралуы тиіс; «қазақылық» деген атаумен ішіне мұсылманшылықты, тұтас адамшылықты қамтыған төл мінезімізді қайта табуға күш салу – біздің буынның міндеті.
Негізі дін атаулы әр ұлысқа, ұлтқа белгілі бір өзгешелікпен сіңеді. Яғни дін белгілі бір мәдениетке келіп «қонады». Сол себепті діннің өзіндік реңі, көрінісі, өзгешелігі пайда болады. «Дәстүрлі дін» дегеніміз – осы. Біз – әлемдік Ислам өркениетінің түркі-қазақ бұтағымыз. Ата-бабаларымыздың, негізінен, асыл дініміздің «ихсан» дәрежесін меңгеруге тырысқаны, сопылық бағыттағы мұсылмандықты ұстанғаны, оның басында Яссауи бабамыздың (Ол кісіні Алла рақымына бөлесін!) тұрғаны, тәңірлік сеніммен жалғасқан түркі-ислам өркениетінің белді өкілі екеніміз анық. Осы сабақтастықты зерттеу, осы тарихи тізбекті қайта, жаңа сапада жалғау; осы жолда тізе қосып ғылыми зерттеулер жүргізу; топтық, жамағаттық мүддеден үмбеттік биіктікке көтерілу; «мұсылман-мүмін-мухсин» сатыларын пайымдап, меңгеру; «ең әуелі – құлшылық, сонан кейін – тіршілік» мақамынан «тіршілігім – құлшылығым» дәрежесіне өту; сыртқы формадан – ішкі мазмұнға ойысу; сенімді тұрмыс-салтқа, ұстанымды мінезге, иман хәлін өнерге айналдыру; мұсылмандық пен қазақылықты қайта қабыстыру; дін мен ғылымды қауыштыру – біз жүруге тиіс Жол…
Дін «қараңғылығына» ұрынудың басты себебі – дінді нәпсі деңгейінде қабылдауда! Яғни өзіңнің кім екеніңді тани алмау, өзіңді нәпсіңмен теңгеру, сөйтіп нәпсі жетегінде кету – дін ұстанып жүріп, қараңғылыққа бату деген сөз. Оның үстіне, негізінен сана қабатында әрекет ететін азғырушының (шайтанның) негізгі майдан алаңы да – дін алаңы болғандықтан, діндар адамға екі есе сақтық қажет. Өйткені «дұрыстың» (діннің) ішінде жүріп «адастым» деп ойламайсың; ал адассаң – мойындамайсың (байқасаңыз: «Фатиха» сүресін әр намаз сайын қайталап оқи берудің бір сыры осында)…
Дін «қараңғылығына» ұрынғанның діні қатты болады. Бұл «қараңғылықтың» жарқын көрінісі – діни фанатизм. Фанатизм – терең танымның, пәлсапалық парасаттың жоқтығынан пайда болатын құбылыс; үстірт түсінік пен нәпсілік бөлектенудің, жаттану мен дінді меншіктеудің, қысқасы нәпсісін пұт қылған қисық қисын, тұман түсініктің нәтижесі. Бұл «қараңғылықтың» қисынына салсаң: әр ұлттың өз Құдайы бар сияқты, өзгелерден үстем болу – мықтылық пен мақсат сияқты; сыртыңды ұқсатсаң (құлшылықтың сыртқы формасын орындасаң) – соған Алла разы сияқты; сені ғана (сенің ұлтыңды ғана) ерекше жаратқан сияқты; өзіңдікі ғана – жөн, басқалар – адасқан сияқты; дінге бөліп, қырқыстырып қою – Құдайдың қалауы сияқты…
Жалпы дін дегеніміз – «Келдім қайдан? Қайтсем пайдам? Өлгеннен соң не болам?» деген мәңгілік сауалдарға нақты жауап беретін, өмірдің мәнін анықтайтын Ілім. Сондықтан «дін ұстанам, сеніміме сай өмір сүрем» деп жүріп, әзәзілдің торына түсіп қалмау үшін әр үкімнің байыбына бару, мақсаты мен мәнін түсініп алу; діннің басқа үкімдерімен байланысын, яғни Тұстас діннің талабы мен қағидатын, мақсат-мәнін ұғынып алу – дін «қараңғылығынан», соқыр фанатизмнен, дүмшелік пен надандықтан сақтайды. «Не үшін? Мағынасы не? Не мәні бар?» деген сұрақтарды әрдайым өзімізге қойып отыруға, жауаптарын табуға тиіспіз.
Мысалы: «Алла Тағала не үшін намаз оқуға бұйырды? Намаздың мақсаты не? Жаратушы менің құлшылығыма мұқтаж емес қой. Ендеше намаз оқуымда, ораза ұстауымда не мән бар, қандай мақсат бар? Жалпы дінді не мақсатпен, не үшін түсірген? Діннің негізгі қағидасы, өзегі не?» деген секілді сауалдарға жауап табу – жадағайлық пен жалғандықтан, надандық пен қараңғылықтан сақтайды. Әйтпесе жаттанды сөз бен жансыз әрекеттен құралған құрғақ құлшылық опа бермейді. Бұл сөзіміздің жүйесі Абай хакімнің «Үш сүю немесе Иманигүл» тұжырымында тамаша талданған.
Жалпы ата дінімізді Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп аталарымыздың жүлгесімен түсіндіру, сол дәстүрлі танымды ислами білім беру әдіснамасы (методологиясы) ету – қараңғылықтан сақтайтын ғана емес, хақ нұрын жарқырата көсететін тәсіл, мектеп. Осы мәселені реттей алсақ, онда «дін саласындағы сабақтастық, тарихи тізбекке жалғану, тамырыңды табу» деген асыл мақсаттың орындалғаны…
Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!): «Әркімнің діні – оның түсінігі. Ақылы жоқтың – діні де жоқ!»[1] дегеніндей, «Саяз жүзер сайқалдар ғапыл қалар, Хақиқат та, дін дағы – тереңінде» деп Абай хакім, «Дiн тазасын дiннен iзде, Дiн шатағын сынға сал; Анық айна – өзiңiзде, Айда ақылды қаттырақ!» деп Шәкәрім атамыз айтқанындай, асыл дініміздің тұңғиығына бойлау үшін: мәдениет, салт-дәстүр, ұлттық діл секілді қабаттар ескерілген тарихи таным мен ғылымның сыни пайымы қатар қажет. Ол үшін үздіксіз ізденіс, ашықтық пен сынға төзімділік, ұжымдық еңбек керек; парыздан бұрынғы Парызды – алғашқы түскен аяттағы басты Үкімді («Оқы!») жүзеге асыру жолындағы харекет керек!
Исламның соңғы әрі хақ дін екеніне иман келтіру – кемшіліктің бұл дінде емес, біздің танымымызда екенін қатар мойындау деген сөз. Ұлы Жаратушының Өзі секілді Оның діні де – мінсіз! Сондықтан діни ұғымдарды терең пайымдау, үкімдерді қағидаттар қалыбында қарастыру, Құранды тұтас Мәтін ретінде қарастыру, алдыңғы жиналған қазынаны (базаны) меңгерумен қатар, заманауи ғылым арқылы қорыту (синтездеу) – дұрыс танымға жетелейді, жаңа көкжиектердің ашылуына сеп болады. Адамзатқа ортақ (тарихи жағынан соңғы, мазмұны-мәні жағынан Жалғыз) хақ дін Исламның қасиеті мен әлеуеті біз ойлағаннан да, біз білгеннен де зор екені даусыз!..
Сөзімізді түйіндесек: асыл дінімізде қараңғылық жоқ, жеке тұлғалардың танымы мен тәжірибесінде шатасу бар. Дін ұстанушы адамның қателігі – діннің қателігі емес! Дін ұстанушы пенденің қараңғылығы – дін қараңғылығы емес! Негіз бен қосымшаны, себеп пен салдарды ажырата білу, нәпсі деңгейінен көтеріле білген терең таным мен байыпты пайым – қараңғылықтан қорған… Алла Тағала адасудан және басқаларды адастырудан сақтасын! Бір атауы «Нұр» деп айтылған қасиетті Құранның жарығымен қауыштырсын!
Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ
[1] (Әл-Ғәлләма Қади-хан әл-һинди, Канзул ғұммэл фи сүнәнил ақуал уэл афғал, 7033-хадис). Жалпы Құранда 256 жерде «Ойланбайсыңдар ма? Ақылға салмайсыңдар ма?» делінген. Сонымен қатар 700-дей жерде білім мен ғылым туралы айтылған.