ДІН БІРЕУ, ШАРИҒАТ ӘРТҮРЛІ

19 желтоқсан 2023 1942 0
Оқу режимі

Құран Кәрім 23 жылда белгілі бір оқиғаға, сұрақ немесе мәселеге байланысты аят-аят болып түсті. Сондықтан табиғиндер (Пайғамбардың көзін көрмеген, сахабалармен жүздескен тұлғалар) мен әтбағут-табиғиндер (сахабалармен кездесіп, тәлім алмаған бірақ табиғиндерді көргендер) кезеңінде Құран аяттарының түсу себептері (сәбәбу ән-нузул) пікір алуандығын туғызды. Сахабалар дәуірінде Құран аяттарының мағынасын, тәпсірін, мақсатын Пайғамбарымыз (оған Алланың салуаты мен сәлемі болсын) айтып отырғандықтан, ешқандай артық сұрақ тумайтын. Керек десеңіз, осы айтылған мәселелерді тереңірек зерттеуді қажет етпеді.

Уақыт өте келе сахабалар азайып, Исламды насихаттау мен қорғауға табиғиндер мен әтбағут-табиғиндер көшті. Бұл уақытта кейбір аяттардың түсу себебі жайында түрлі пікірлер айтылып, үкім шығаруда қиындықтар туды.

Сонымен қатар Құран сүрелерін тәпсірлеу барысында кейбір аятты түсіндіруде ауытқушылықтар бой көрсете бастады. Кейбір ғалымдар аятты сыртқы мағынасы бойынша түсіндірсе (заһир), кейбіреуі астарлы (батин) мағынасымен тәпсірлеп, үкім шығаруға тырысты. Алайда аятқа қисынсыз астарлы мағына беріп, амал етушілерді «батынилер» деп атады. Олар барлық аяттан астар іздеп, мүлде қатысы жоқ ұғыммен тәпсірледі.

Харижиттер Құран аяттарын тікелей мағынасында тәпсірлесе, муғтазилиттер ақылға салып, ұғым шығарды. Қадарилар Құранда тағдырға иман ету жайында аят жоқ десе, шииттер Хазіреті Алиді дәріптеу үшін кейбір аяттардан қисынсыз мағына шығарып, қоғамның бірлігіне сызат түсірді. 

Құран аяттары түсінігі жағынан «мухкәм» (түсінікті) және «мутәшабиһ» (құпия) болып екіге бөлінеді. Мухкәм және мутәшабиһ аяттар ағымдардың пайда болуына тікелей себепші болмағанымен, кейбір саяси мүддемен әрекет еткен ағымдар Құранның мутәшабиһ аяттарын өз мақсаттарына пайдаланған. Сол секілді муржия, муғтазилә, мушәббиһа, мужассима сынды ағымдар мутәшабиһат мәселесін көбірек қозғау нәтижесінде жеке дара ағым ретінде қалыптасты. Мысалы, муғтазилиттер мутәшабиһ аяттарға жататын Құран мен хадисте айтылған Алланың сипаттарына келгенде мақлұқатқа ұқсатпау үшін Алланың сипаттарын қабыл етпейді. Мушәббиһа мен мужассима, керісінше Алланы адамға ұқсатуға тырысты. Алланың тән ішіндегі жанға ұқсатқаны үшін оларды антропоморфистер деп те атады.

Адасқан ағым өкілдері Хазіреті Пайғамбарымыздың (оған Алланың салуаты мен сәлемі болсын): «Жетпіс үштің біреуі ғана құтылады», – деген хадисіндегі жұмаққа кіретін топтың өздері екенін Құранмен дәлелдеу үшін мутәшабиһ аяттарға қисынсыз мағыналар беруге тырысқан.

Мәзһабтардың туындауына әсер еткен себептердің бірі –  Құран аяттарындағы бір сөздің астарлы мағынасынан тыс негізгі бірнеше мағынасының болуы, кейбір аяттарда анық белгілеудің, шектеудің болмауы, араб тілі грамматикасының ерекшелігіне байланысты еді.  Сонымен қатар, бір хадисті талқылауда бірнеше көзқарастың болуы да араб тілінің өте ерекше тіл құрылымына ие болуынан деп білеміз. Мәселен, бір сөз араб тілінде әртүрлі қалыпта оқылғандықтан, мағыналары да оқылған формаға (уазнға) сай өзгеріп отырады. Сол себепті ғалымдар бір сөзден түрлі үкімдер шығарған.

Сонымен қатар, бір хадистің әртүрлі мағынада риуаят етілуі, бір сұраққа қатысты әртүрлі мағынадағы бірнеше хадистердің кездесуі, Хазіреті Пайғамбарымыздың (оған Алланың салуаты мен сәлемі болсын) іс-әрекеті мен сөздерінің әр келкі жорамалдануы, имамдардың хадис іліміндегі дәрежелерінің әртүрлі болуы, хадис дәрежелерін белгілеудегі тәсілдердің әртүрлі болуы, хадистегі насих (үкімі күшінде болған), мансух (үкімі жойылған) мәселесі ғалымдар арасында пікір қайшылығы туындап, әртүрлі үкімдердің шығуына ықпал жасады.

Ислам кең етек жайып, көптеген өлкелер Ислам мемлекетінің құрамына енуімен сахабалар исламның бесігі атанған Мекке мен Мәдинадан тыс өзге өлкелерге қоныс аударғаны мәлім. Олардың білім деңгейлерінің әртүрлілігіне байланысты және қоныстанған елді мекендеріндегі негізін қалаған мектептер де өзгешеленді. Ағымға бөлінуде этностық жағдайлар да әсер етті.

Мұсылман әскерлерінің тоқтаусыз жорықтары нәтижесінде шығыстағы мың жылдан астам тарихы бар парсы патшалығы мен солтүстіктегі кішігірім хандықтар тарихпен қош айтысуға мәжбүр болды. Ирандықтар, яһудилер және христиандар Ислам дінін күшпен жеңе алмайтындықтарына көздері жеткен соң оны іштен іріту үшін негізі жоқ кейбір тұжырымдарды астыртын түрде Исламға енгізіп отырды. Сахабалар дәуірінде басталған мұндай әрекеттер табиғиндер заманында және одан кейінгі кезеңдерде де кең етек алып, ақырында тәпсір кітаптарында келтірілген деректердің қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін ажырату қиынға соқты.

Тәпсір саласына енгізілген негізсіз мәліметтер діни әдебиеттерде «исрайлият» деп аталады. Белгілі бір саяси мүддені көздеген адамдар қарапайым халықты өздеріне тарта білу үшін мұндай мәліметтерді ұтымды қолдана білді. Мұндай факторлар ағымға бөлінуге азда болса өзіндік әсерін тигізді.

Қала берсе мұсылман қауымы арасында қалалық пен далалық болып бөліну де қоғам ішінде пікір қайшылығын туғызды. Мысалы, харижит және шиит сеніміндегі мұсылмандардың басым көпшілігі шала сауатты көшпелі дала тұрғыны еді.

Ислам тарихына көз жүгіртіп, әһлі сүннет ғалымдары тарапынан адасқан деп үкім етілген ағымдарды зерттеп қарайтын болсақ, басым көпшілігі жеке бастың қамы немесе белгілі бір топтың билікке келу жолындағы саяси мүдде мен мақсаттың негізінде шыққандығы байқалады. Олар көздеген мақсаттарына жету үшін Құран аяттары мен сүннеттен дәлел іздеп, шариғатты бұрмалап, өз жолдарын ақтауға тырысқан. Алайда, тарих өзіне өзі төреші демекші, мұндай адасқан ағымдар уақыт өте келе әшкереленіп, жойылуға мәжбүр болған. 

Қазақ топырағына VIII ғасырдың соңы IX ғасырдың басында ене бастаған Исламның шариғи нормалары Имам Ағзам мәзһабының сунниттік бағытын ұстанатын Ханафи мектебі арқылы тарады. Үммет болып бір мәзһабтың төңірегінде ұйысқан ұлтымыздың тарихында діни алауыздық болмады.

Діни кеңістіктегі тұрақтылықтың арқасында бір кездері Қазақ жері исламның ханафиттік мәзһабының орталықтарының бірі ретінде танылды, әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Махмұт Қашғари, Һибатулла Тарази, Хұсамуддин ас-Сығнақи, Ахмет Ясауи, Мәшһүр Жүсіп Көпей, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Сәдуақас Ғылмани сынды ислам діні мен мәдениетіне сүбелі үлес қосқан көрнекті ғалымдар мен ойшылдарды дүниеге әкелді.

Бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанған бағыты да ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан діни дәстүрлерімізді жаңғырту, елдің рухани құндылықтарының қайта түленуіне мұрындық болу.

Жаратқан Иеміз Еліміздің тәуелсіздігін, тыныштығын баянды етіп, өзге ағым жетегінде жұргендерге тура жолды нәсіп етіп, жан-жақты дамыған, имандылық салтанат құрған іргелі елге айналдырсын!

 

Ерболат НҰРЫЛДАҰЛЫ,

Астана қаласының бас имамы

«Мұнара» газеті, №19, 2023 жыл  

 

Дереккөз: Мұнара газеті

Пікірлер Кіру