Бірлік – береке бастауы

01 мамыр 2020 8173 0
Оқу режимі

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл мереке Қазақстан Республикасының азаматы, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, діни салада 30 жылдан астам қызмет етіп келе жатқан мен үшін өте маңызды.

Біз қандай жетістікке жетсек де бірлігіміздің арқасында қол жеткіздік.  Достық пен ынтымақ, татулық пен бірлік сынды құндылықтар барша қазақстандық азамат үшін аса маңызды игілікке айналды.  Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, бейбітшілік пен қоғамдық келісім – баға жетпес байлығымыз. Біздің бірлігіміз бекем, мақсатымыз ортақ, рухымыз асқақ. Соның арқасында кез келген қиындықты жеңіп, дамудың даңғыл жолында келеміз.

Биылғы Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі ерекше сәтке сәйкес келіп отыр. Біріншіден, қасиетті Рамазан айына сәйкес келсе, екіншіден бүгін қасиетті жұма. Жұма – мұсылманның дұғасы қабыл болатын күн.

Қазақастан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфтиіміз Наурызбай қажы Тағанұлы бүгін, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен жалпы қауымды құттықтауында: «Алланың қалауымен биыл оразаны оқшаулану жағдайында қарсы алып, бірлік мерекесін үйде атап өтуге тура келді. Елімізде төтенше жағдайдың жариялануы – аса қажетті уақытта қабылданған шешім. Бұл халықтың денсаулығы мен өмірін сақтау жолындағы игі қадам дер едік. Ендігі мақсат – бірлігімізді танытып, карантин талаптарын сақтап, жұқпалы дертпен жұмыла күресу», – деп атап өтті.

Расында, Бас мүфти атап өткендей, қоғамның даму жолында халықтың бірлігі қашан да қымбат құндылық болған. Әлемді жайлаған бүгінгі сындарлы сәтте оның маңыздылығы одан сайын арта түсуде. Бірліктің арқасында жұқпалы дертті жойған елді көріп отырмыз.

«Ислам діні барша ұлтты татулықта, өзара құрмет пен келісім аясында өмір сүруге үндейді. Жаратушы Жаббар Иеміз қасиетті Құранда адамзат баласына: «Алланың жібінен мықтап ұстаңдар, ажырап бөлінбеңдер» («Әли-Имран» сүресі, 103-аят), – деп бұйырған. Дана халқымыз «Ырыс алды – ынтымақ» дейді. Бірлігі бекем елге береке орнайды. Жаратқанның жәрдемімен ынтымақтың арқасында осы сынақты де еңсереміз деген үміттеміз», – деп атап өткен Бас мүфтидің тілегі мен батасы қабыл болсын дегіміз келеді.

Дінаралық және ұлтаралық түсіністік – Ислам дінінің негізгі жолының бірі. Алла тағала Құран Кәрімде «Сіздерді біз бір атадан, бір анадан жараттық, бір-біріңмен танысып, білісу үшін түрлі ұлттарға, руларға бөлдік» дейді. Барша мұсылман бір-біріне туыс, бауыр. Сонымен қатар, көршімен және басқа да діндегілермен өзара қарым-қатынас сияқты мәселелердің жол-жобасы бізге белгіленіп берілген.

Қасиетті кітабымыз Құранда бірлік туралы көп жерде баяндалған. Соңғы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде де адамзаттың ауызбіршілігі уағыздалған. Алла Тағала «Әли Имран» сүресінде: «...Бөлінбеңдер», – деп бұйырған.

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «...Көпшілікпен бірге болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар», – деп өсиет еткен. Дін ғұламалары қашан да барша адам баласын мейірімділікке, ортақ мақсатқа үндеген. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да өз кезегінде жамағатты әркез бірлікке шақырып, жақсылыққа үндеп келеді.

Майқы бидің: «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді», – деген сөзінде үлкен мән бар. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, бірлік – баға жетпес байлығымыз. Тұрақтылық – біздің татулығымыз берік болуы үшін табан тірейтін тұғырымыз.  

Алла Тағала ел қамында жүрген барша азаматтарға қуат, денсаулық беріп, халқымызды және елімізді алдыңғы қатарлы елдердің қатарына қосылуға нәсіп етсін.

Еліміздегі жұқпалы індет тез жойылып, мереке күндерде басқосуды жазсын! 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі құтты болсын!

Бүгінгі қасиетті жұмада айтылған барша дұға-тілек қабыл болсын! Әмин!

 

Жақия қажы ИСМАИЛОВ,

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ырыскелді қажы»

 мешітінің Бас имамы

Пікірлер Кіру