БЕСІК ЖЫРЫ

27 мамыр 2024 2214 0
Оқу режимі

Діни аңыздарда бесік жырын ең алғаш орындаған Хауа ана деп айтылады. Бірде ол егіз ұлын жұбата алмай, қиналып отырады. Сол кезде көктен жеті періште түсіп:

"Алла, Алла, Алла", - деп, Тәңірдің атын әдемі әуезге салып әндетеді. Әдемі әуенге елтіген Хауаның бөбектері жұбанып, тәтті ұйқыға кетеді. Ән анасына да ұнап қалады.

Ол періштелерге:

Маған да үйретіңдер, - деп өтінеді. Періштелер Хауаға жеті күн бойы әлди әуендерін үйретіпті.

Кейін Хауа ана өзінің барлық баларын сол әнмен тербетуді әдетке айналдырады.

Бұл әуез дами келе бесік жырына айналған екен. Қазақтағы "Әлди, әлди, әлди-ай" деп басталатын бесік жырының төркіні Хауа ананың "Алла, Алла, Алла-ай" деген әуеннен шыққан деседі.

Ертеде бесік жырын үйретудің арнайы мектебі болыпты. Бесік жырының мазмұнына, әуезіне қатты мән берілген. Тәжірибелі аналар оның иләһи мазмұндарын таза сақтап, келіндеріне үйретіпті. Бесік жыры жайлы "Алла-наме", "Әлдинаме" деген ескіше жазылған кітаптардың да болғанын айтады. "Аналар әлдисіз жасай алмас" деген нақыл сөз содан қалған дейді.

Осыған орай, біз ғасырлар сүзгісінен өткен, иләһи мазмұндағы, мағынасы терең, мәні жағынан әлемдік классикалық бесік жырларымен теңесе алатын бесік жырларын ұсынамыз.

Менің балам осы ма?

Басында бақыт құсы ма?

Ғайып ерен қырық шілтен

Бөбегімнің досы ма?

Әлди, әлди, әлди-ай.

Лә иләһә иллалла,

Иллаллада пайда бар.

Мұхамбеттің үмбеті

Осындай бала қайда бар?

Әлди, әлди, әлди-ай.

Балам менің Жүсіптей

Болар ма екен келбетті?

Ажарың айдай толсын деп,

Иллалалап тербеттім.

Әлди, әлди, әлди-ай.

Ер Дәуіттей қайратты

Ұста болар ма екенсің?

Дос-жаранға айбатты

Нұсқа болар ма екенсің?

Әлди, әлди, әлди-ай.

Тақ Сүлеймен нәбидей

Патша болар ма екенсің?

Халқың үшін қамданып,

Атқа қонар ма екенсің?

Әлди, әлди, әлди-ай.

Қазығұртқа кеп тоқтаған

Нұхтай болар ма екенсің?

Отбасыма орнаған

Құттай болар ма екенсің?

Әлди, әлди, әлди-ай.

Ымыранның ұлы Мұсадай

Досы болғын Құдайдың.

Қызыр ерсін қасыңа,

Тәңірден соны сұраймын.

Әлди, әлди, әлди-ай.

Ғайсадай нұр бітімің

Салих болар ма екенсің?

Хақтың жолын таныған

Ариф болар ма екенсің?

Әлди, әлди, әлди-ай.

Әзіреті Мұхамбет

Сәруары болған ғаламның.

Разматының тамшысы

Нұрынан сен жаралдың.

Әлди, әлди, әлди-ай.

Төрт шадияр - достарың,

Жадыңа тоқы, құлыным.

Нұрланып иман - бостаның.

Жүзіңнен тамсын шырының.

Әлди, әлди, әлди-ай.

Ғайып ерен қырық шілтен,

Тоқсан тоғыз мың машайық.

Сексен сегіз серулер,

Әлдилетіп қосайық.

Әлди, әлди, әлди-ай.

Әлди, бөпем, құт бөпем,

Бұл сөзімді ұқ, бөпем.

Лә иләһә иллала

Көкейіңе тұт, бөпем.

Әлди, әлди, әлди-ай.

Құлыншағым, құлыным,

Ұзақ болсын ғұмырың.

Құлағыңа құй бәрін

Әжеңнің айтқан жырының.

Әлди, әлди, әлди-ай.

Айналайын, бөбегім,

Аймалаймын, өбемін.

Азамат боп өссін деп,

Ақ бесікке бөледім.

Әлди, әлди, әлди-ай.

Періштең сені тербетер,

Ботам менің ер жетер,

Еркек тоқты - құрмалдық,

Игілік, қайыр елге етер.

Әлди, әлди, әлди-ай.

Әлдилетіп, тербетіп,

Бір Құданы жыр етіп.

Әжең тыным таппайды,

Өссін деп сен ер жетіп.

Әлди, әлди, әлди-ай.

Бесік жырының құдіреті жайлы ел ішінде мынадай ғибратты аңыз сақталған. Ертеде бір зұлым патша болыпты. Ол қанша жерден шаттанып өмір сүргісі келсе де, ылғи көңілін езіп тұратын түсініксіз дерттен айыға алмапты. Бәлкім, ән-күй тыңдасам дертімнен айығармын деген дәмемен аймақтағы атақты әнші-күйшінің бәрін сарайға жинайды. Көмейіне бұлбұл ұя салған неше түрлі жез таңдай әншілер жарыса ән шырқайды. Бірақ бірде-бір әуен патшаның шер қатқан қатал жүрегін жібіте алмайды. Көңіліндегі мерезінен айға алмаған әмір бәрін зынданға тастайды. Сол кезде бір әншінің анасы келіп, патшадан ұлын босатуын сұрайды. Патшаның қабағына мұз қатып, ашуланып отыр екен.

Ол:

- Ұлың менің жүрегімді жібіткенде, мен оны зынданға тастамас едім. Бойыма шаттық сыйлап, көңілімді жібіте алмады. Жүрегіме қатқан шер қашан тарқайды, сол кезде босатамын, - депті. Сонда анасы ыңылдап, бесік жырын айтып бастайды. Әлди әуенін тыңдап отырып, әміршінің жүрегі жұмсара береді. Ақырында анадан алғаш

туған кездегі періште халі есіне түсіп, еңіреп жылайды. Көңіліне қатқан шер мен дерттен айыққан соң барлық әншіні босатып:

- Мен бесікте жатқанда әлди жырын тыңдамаған едім. Содан құлағымның құрышы қанбай қалған.

Үнемі көңілімді зіл басып, айналамды жек көріп тұрушы едім. Жанымдағы жараны жазып, сіз мені жібіттіңіз,

- деп анаға алғыс айтып, тарту-таралғы сыйлаған екен.

"Бесік жыры қара тасты да ерітер" деген сөз осыдан қалыпты деседі.

Бесік жырын айту дәстүрі

қазір көмескі тартқан.

Бұл туралы Бауыржан Момышұлы "Ұшқан ұя" кітабында:

"...Ертексіз өскен бала - рухани мүгедек адам.

Біздің қазіргі балаларымызға әжелері, не шешелері ертек айта бермейді. Содан қорқам. Менің қазіргі келіндерім немерелеріме бесік жырын айта білмейді. Бесікте жатқанда құлағына анасының әлди әні сіңбеген баланың көкірегі кейін керең болып қалмаса деп қорқамын.

Ал менің кәрі апам Қызтұмас маған ертекті көп айтатын, әлди әнді көп айтатын.

Арада неше заман өтті!

Қызтұмас апамның сүйегі әлдеқашан қурап кетті, ал әлди ән айтқан үні әлі тұр құлағымда..." - деп жазады.

Әлди әуенімен тербету - қазақта ғана емес, өркениетті елдердің бәрінде кең тараған үрдіс. Тіпті оның маңыздылығын байқаған ғалымдар ұзақ жылдарға созылған зерттеулер жасап жатыр.

Бесік жырының мазмұнында әр халықтың өз менталитеті, әлемнің жаралуы, пайғамбарлар мен әулие-әнбиелер туралы түсінік пен ізгі қасиеттері туралы сакральді ақпараттар сақталған. Бесік жыры бөбектің құлағына сіңген сайын оның бойындағы ата-бабасының генетикалық жадысы қайта жаңғырады.

 

Пікірлер Кіру