БАЙЛЫҚТЫ БЕРЕТІН АЛЛА ТАҒАЛА

18 наурыз 2024 1388 0
Оқу режимі

Аббаси халифатының халифасы Харун Рашид (рах.) халыққа сый-сыяпат жасауды жақсы көрген кісі болғандықтан халық тарапынан мадақ-мақтау естіп, былай дейтін: «Мен сияқты ел-жұртына жақсылық жасаған падишах бар мекен?» деген сияқты сөздер айтады екен.

Ол заманда шөл-шөлейт жерде өмір сүрген көшпелі араб халқы анда-санда Бағдат қаласының айналасына шатыр құрып, азын-аулақ мұқтаждықтарын өтеу үшін сауда-саттық жасайтын еді.

Халықтың мұң-мұқтажын жақсы білетін бір уәзір Харун Рашидке істің шынайы мән-жайын білдіру үшін оған қарапайым киім кигізіп, көшпелілердің шатырларына апарып көрсеткісі келді. Харун Рашид де бұған келісті. Екеуі бірге барып өте кедей бір адамның шатырына кіріп, сәлем берді.

Шатырдың егесі қалаға кетіп, шатырда әйелі мен он жастағы баласы қалыпты. Бұл отбасының бір саумалы ешкіден басқа еш нәрсесі жоқ екен. Әйел қонақтарға шатырдың бір бұрышына жайғастырып, баласы үшін алып қалған бір жапырақ наны мен бір кесе сүтін пісіріп, қонақтарға ұсынды. «Құдайы қонағымыз болғадарыңыз үшін қуаныштымыз, жақсылап күте алмадым, айыпқа бұйырмауларыңызды өтінемін. Шатырымыздан көрініп тұрғандай жолдасым осы жердегі ең кедей адам» деді.

Харун Рашид әйелдің көңілінің байлығына таң қалып, қатты таңданыс ішінде сүтке араластырып берілген нанды сүйсіне жеді. Содан соң қайту үшін жиналды. Бірақ әйел: «Мен сіздерді лайықты түрде күте алмадым, ең болмаса бір күн қонып қонағым болыңыздар, кешке қожайын келгенде ет алғызып, ас берейін» деді.

«Біз қалада тұрамыз, жұмысымызды тастап, шатырларыңызды аралау үшін арнайы келдік. Осы күткеніңізге де ризамыз, енді рұқсат етсеңіз біз жүрейік» деді. Әйел сонда да «Мен сіздерге етті тамақ бермей жібергім келмейді» деді. Солайша қонақтарды тыңдамай, сүтін сауып күн көріп отырған ешкілерін сойды. Етінің бір бөлігін пісіріп, ас берді.

 Харун Рашид әйелдің қонақжайлығы мен жомарттығына қатты таң қалып, бір қағаз ескертпе жазды және «Мен сізге қарағанда өте баймын. Мына қағазды балаңызға беріп, қалаға жіберіңіз. Мені іздесін. Әрі мен бақытты боламын әрі сіздерге қызмет жасағым келеді» деп шығып кетті.

Әйел қағазды алып, оған қатты мән бермей бір бұрышқа қоя салды. Арада 5-10 күн өтті. Бір күні ойына әлгі қағаз келіп, «Балам, мына хатты алып қалаға бар, біреуге оқытып, хатты өалдырған кісінің атын біліп, оны тап. Сәлемімізді жеткіз, тағы келетін болса қуана қарсы алатынымызды айт» деді. Баласы қағазды алып, қалаға кетті.

Бала Бағдатқа барған соң хатты жазған падишах екенін біліп, сарайға барды. Арнайы рұқсат арқылы падишахтың бөлмесіне кірді. Харун Рашид намазын оқып, дұға жасап отыр екен. Бала падишахтың дұғасын зейін қойып тыңдады. Патшаның Алла Тағаладан дүние және ақыреттік мұқтаждықтарын тілегенін естіді. Бала шынайы ықыласпен жүрегінен «Мына адам біз сияқты Алла Тағаланың қайыршысы екен. Одан қайыр күткенше өзі алақан жайып сұрап отқан Алла Тағалаға қол жайып сұраған лайықтырақ» деп падишахқа хабар бермей қайтып шатырына келді. Қағазды анасына беріп, мән-жайды баяндаған соң, әйел де ұлының жасағанын мақұлдап, разы болды. 

Баланың шын жүректен Алла Тағалаға деген сенімділігі оның және отбасының Харун Рашидтің мал-мүлкіне мұқтаж болмай-ақ, үлкен байлыққа қол жеткізуіне себеп болды. Бала түнгі ұйқысында түс көріп, түсінде бір зат көмілген жер көрсетіледі. Оянып, әлгі жерге барып, қазса жқмсап тауыса алмайтындай үлкен қазына табады.

Харун Рашид рахимахуллаһ әйелдің баласын жібермегенін, жалғыз ешкісін сойып, аш қалды деп ойлап, уәзірін ертіп қайтадан шатырларды аралауға шықты. Алайды олардың шатырын таба алмады. Ол жердегі адамдардан пәлен отбасы қайда деп сұрағанда байлықтары артып, бүкіл ру-тайпаның алды болғанын естиді. Содан соң олардың шатырын тауып, істің мән-жайынан хабардар болады. Тәубе-истиғфар айтып, екінші рет аузынан тәкәппарлық пен мақтаншақтық сөз шықпады.

 

 

Пікірлер Кіру