Бәрі арақтың кесірі...
Бір мемлекеттік қызметте істейтін досым айтып берді. Бір жолдас балам бар еді деп бастады ол әңгімесін. Әскери поликлиникада жүргізуші болып қызмет атқарады екен. Содан бір күні әлгі жігіттің ағасы үйінде қонақ күтеді. Оған жаңағы жігіт те барады. Отырыста ішімдік ішіледі. Әлгі жігіт те аздап ұрттайды. Отырыс аяқталып, қайтатыны қайтып, қалатыны қалады. Ол үйде қонуға ниеттенген қонақтардың көп екендігін түсінген әлгі жігіт басқа үйге барып, қонбақ болады. Ол үйі бар болғаны екі-ақ аялдамалық жерде екен. Соған жаяу жүруге ерініп, ағасының көлігінің кілтін сұрап алады. Ішкенімен қоймай, сыртқа шығып көлікке отырады. Көлікті оталдырып, сәл жүргеннен кейін алдынан ЖПП қызметкері шыға келген. Тоқтатқан. Тексеру барысында әлгі жігіттің ішімдік ішкені анықталады. 40-50 мың берем дейді. ЖПП қызметкері көнбей, протокол толтырып, көлік жүргізу куәлігін алып тынады. Сан соғып қалған әлгі жігіт жүргізу куәлігінен айырылғаннан кейін қайтсін? Жұмыстан шығады да. Осыдан артық өкініш болар ма? Бас аман болса, екі қолға бір күрек табылар-ау. Дегенмен, әлгі жігіт жұмыстан шыққаннан кейін бір аптадан соң әріптестеріне әскери атақ (бұрын олар жай жүргізуші болған) беріп, қосымша сыйақы тағайындапты. Айлықтарын да көтерген (бұрын да айлықтары жаман болмаған). Осыны әлгі жігіт әлі күнге өкінішпен еске алады, - дейді жолдасым. Бәрі арақтың кесірі...
Тағы бір бастығымның басынан мынадай оқиға өткен деп жалғастырды ол әңгімесін. Жұмысымызда бір бөлім бастығы болатын. Ол да бір күні отырысқа барады. Ол жерде арақ қойылады. Әлгі бастығым ішкеннен кейін көлік жүргізуден сескеніп, сол досының үйіне қонуды жөн көреді. Содан таңертең: "Мас емеспін ғой", - деп көлігімен үйіне жетіп алуды ойлайды. Сөйтіп, көлікке отырып, жолға шығады. Жолда тыныш бармай, шылым шекпесі бар ма? Оның күлін күлсалғышқа емес, терезеден сыртқа тастағанын қайтеміз? Дәл сол кезде оның көлігінің артынан ЖПП көлігі келе жатыр екен. Көшені ластаған әлгінің әдепсіздігін байқап қалып, бірден тоқтатады. Оның көлігіне жақындаған ЖПП қызметкері құжаттарын талап етеді. Кенет жағымсыз иіс сезіледі. Арақтың түрленген иісі мүңкіп тұрғандай. Сәл уақыт өткен соң бастығымның ішімдік ішкеніне толық көзі жеткен ЖПП қызметкері айыппұл жазып, көлік жүргізу куәлігінен айырады. Көп уақыт өтпей-ақ бастығымды жұмыстан шығарды. Себебі, мемлекеттік қызметкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылса, оларға кешірім жоқ. Бірден жылы орнын босатып, кете барады, - деді жолдасым. Бұл да арақтың кесірі...
Өткенде күзет полициясында да бір жігіт жұмыстан шығарылыпты. Ол да арақтың себебінен... Мас емес. Бірақ, кешегі ішкен арағының иісі бар. Оны байқаған командирлер әлгі қызметкерді жұмыстан шығаруды ұйғарады. Жай шығара салмаған. Арнайы қатаң бұйрықпен шығарған. Бұл дегеніміз енді ол жігіт ешбір мемлекеттік қызметке тұра алмайды. Тағы да арақтың кесірінен...
Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің белігілі хадисінде: «Арақ – барлық жамандықтың кілті» деген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) осы айтқаны қай жағынан алсақ та дәлелденіп келеді.
Нұрқанат Байзақ
Дереккөз: muslim.kz