Бақытты отбасы болу үшін...

14 қазан 2020 13603 0
Оқу режимі

Алла Тағала жаратылыстардың ішінде ең ардақтысы да қадірлісі адам баласын ер және әйел етіп дүниеге жіберді. Ер мен әйелді бір-біріне жар етіп, араларына махаббат пен сүйіспеншілік орнатты. Олай болса, ерлі-зайыптылар үнемі жақсылықта жарысып, бір-біріне деген сенімін бекем қылуы керек.

Алла Тағала өзінің кітабы Құран Кәрімде «Рум» сүресінің 21-аятында: «Сендерге, оған тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда қылғандығы да Оның белгілерінен. Сөз жоқ, осыларда ойланған елге белгілер бар», – делінеді. Аяттан байқағанымыздай ер мен әйел бір-бірі үшін жаратылғандықтан, теңін тауып, отбасын құрғанда жандары жай тауып, көңілдері сабасына түсіп, бақытты ғұмырдың алғы шарттарына қол жеткізеді.

Отбасын құру – адамзат жаратылысының негізгі мақсаттарының бірі. Адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үйленіңдер көбейіңдер, қиямет күні мен сендердің көптіктеіңмен мақтанамын», – деп, үйлену ісіне айырықша маңыз берген. Шын мәнінде, ерлі-зайыптылар бір шаңырақтың астында өмір сүруімен бақыттың дәмін татып, бір-біріне деген сенімнің қалыптасуы – Алла Тағала нәсіп еткен үлкен нығмет.

Жанұяның негізін мықты қылып қалаған ерлі-зайыптылар бұл дүниеде бақытқа қол жеткізумен қатар, ақыретте де мәңгілік бақытқа жетіп, бірін-бірі жаннатқа жетелейді. Бұл жайлы Алла Тағала қасиетті Құранда былай деп баяндайды: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды отыны адамдар мен тастар болатын оттан (тозақтан) қорғаңдар! (Тозақтың) үстінде Алланың бұйырғанын екі етпейтін, әмір етілгенді (бұлжытпай) орындайтын сұсты да күшті періштелер болады»,[1] – дейді.  Олай болса, бақытты отбасы бір шаңырақтың астында жай ғана өмір сүрмейді. Олардың пікірлері, сана-сезімдері, тіптен қалаулары да бір-біріне үйлесімді келеді. Оны ғалымдарымыз өзінің кітаптарында «мақсаты бір адамдар, адамның екі қолы сияқты. Себебі оң қол мен сол қол ешқашан бір-біріне қарсы келмейді керісінше жәрдемдеседі» деп түсіндіреді. Ендеше жанұя мүшелерінің мақсаты бір болса бақытты отбасы болып бір-біріне дүниелік және ақыреттік істе көмек қолын созып, екі дүниеде де бақытқа қол жеткізеді.

Отбасын құрудағы негізгі мақсат – Алла Тағаланың разылығына бөлену және жақсылық пен жамандықты, қайғы мен қуанышты, тоқшылық пен жоқшылықты бөлісіп өмірлерін бірге өткізіп қунышқа кенелу. Сондықтан да,  өмірдің сан алуан сынақтарында ерлі-зайыптылар бір-біріне сүйеу болуы бақтты болудың маңызды бір қадамы деуге болады.

Құран Кәрім ерлі-зайыптыларды «Әйелдерің сендердің киімдерің, сендер әйедеріңнің киімісіңдер» деп сипаттайды. Баршамызға белгілі, киім  адамды сырт көзден, суық пен ыстықтан қорғап, денесінің айыбын жасырып тұрады. Демек, мұндағы теңгеудің хикметі сондай, осы бір ауыз сөз ерлі-зайыптылар қандай жағдай болмасын бір-бірінің жақсылығын асырып, жаманшылығын жасыра білуімен, ыстық-суықты бірге көріп, өзара (киім сияқты жылу беретін) мейірбан болу бақытты болмақтың алғы шарттары екенін меңзейді.

Отбасы мықты бекем болуы үшін оның ыдырауына себеп болатын қате кемшіліктерге кешіріммен қарау. Кешірімшіл болу – мұсылманның сипаты. Атам қазақ «Кең болсаң кем болмайсың» дейді. Алла Елшісі (с.ғ.с.) отбасы туралы маңызды бір хадисінде: «Мүмін ер адам мүмін әйелін жек көрмесін. Өйткені, оның кейбір мінезін ұнатпаса да, міндетті түрде ұнамды мінезі болады», – деді. Бұл да мұсылманның ескеруі тиіс жайттарының бірі екен.

Қорыта айтқанда, жанұя бақыты отбасы мүшелерінің әрқайсысы өз міндеттерін орындай отырып, қандай жағдай болмасын әркім өз пайдасын емес, отбасының пайдасын ойлауы, ынтымақтық аясында үйлесімді өмір сүруі деген сөз дер едік.

Айгүл Көксегенқызы
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің ұстазы

 


[1] «Тахрим» сүресі, 6-аят.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру