БАЛА ТӘРБИЕСІНІҢ ОТБАСЫНДАҒЫ РӨЛІ

30 қазан 2024 479 0
Оқу режимі

Жаратқан Алланың біздерге берген нығметтерінің есебіне жете алмасымыз анық. Осындай үлкен нығметінің бірі – перзент нығметі. Ата-ана балалы болғаны үшін Жаратушысына шексіз шүкірлігін білдіріп, оның ізгі, тәрбиелі ұрпақ болуына аса мән беруі қажет. «Уа, Алла! Бала бер, бала берсең сана бер», – деп тілейтін қазақ халқы әрқашан да ұрпағының саналы да салиқалы болуын қалаған. Адамзаттың арасынан таңдалған, Алла Тағаланың ең сүйікті құлдары болған пайғамбарлар да ұрпағының ізгі болуын тілеп, дұға жасайтын болған. Қасиетті Құранда Зәкәрия пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын):

«Раббым! Маған игі ұрпақ бер. Шәксіз Сен тілекті естушісің!» – деп дұға еткені айтылған.

Ізгі ұрпақ бұл дүниеде ата-анасының мәртебесін өсіріп, көз қуанышы болуымен қатар, ақыретте де шексіз сауапқа кенелуіне себепші болмақ. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Адам дүниеден өткенде, оның үш амалынан басқасының бәрі тоқтайды. Олар: үзілмейтін садақа, басқаларға пайдасы тиетін білім және салиқалы ұрпақтың оған арнап жасайтын дұғасы», – деген (имам Мүслим).

Абай Хакім: «Баланың жақсысы – қызық,  жаманы – күйік», – дейді. Халқымыздың даналық сөзінде:

Атың жақсы болса,

Ер жігіттің пырағы,

Балаң жақсы болса,

Жан мен тәннің шырағы, – деп жақсы бала жан мен тәннің шырағына теңелген.

Баласының ізгі де салиқалы болғанын қалаған жан оның тәрбиесіне ерте жастан қамдануы қажет. Жүсіпбек Аймауытов: «Бала әдетті жасынан тамызықтап жинайды» дейді. Жас шыбықты түзету оңай, алайда, өсіп кеткеннен қисық ағашты жөндеуге келмейтіні сияқты, ұрпағына дұрыс тәрбие беруді ниет еткен адам оған туғанынан, тіпті одан да ерте қамдануы керек.

Бүгінгі жұма уағызымызда перзент тәрбиесіне қатысты негізгі амалдарға тоқталатын боламыз:

Бірінші: ізгі жар таңдау

Саналы ұрпақ тәрбиелеу баланың дүниеге келгенінен бастап емес, ізгі жар таңдаудан басталады. «Әйел іздеме, ана ізде» демекші, ер азамат өзіне жар таңдағанда ертең балаларының анасы болатынын, қыз бала да болашақ күйеуін таңдағанда ертең балаларының әкесі болатынын ұмытпауы қажет. Егер таңдаған жарыңыз иманды, ізгі адам болса, ұрпағына да жақсы тәрбие беріп, оларды ізгілікке баулитын болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Әйелге төрт нәрсесі үшін үйленеді: байлығы, тегі, сұлулығы және діні үшін. Сен иманына қарап, діндарды таңда, сонда Алла қолыңды кеңітеді», – деп айтқан (имам Бұхари).

Асыл сөздің бастауын аят пен хадистен алған Абай атамыз:

Жасаулы деп, малды деп байдан алма, 

Кедей қызы арзан деп құмарланба. 

Ары бар, ақылы бар, ұяты бар 

Ата-ананың қызынан ғапыл қалма, – деп айтуы осыдан болса керек.

Омар ибн Хаттабқа  (Алла оған разы болсын) бір кісі келіп: «Ата-ананың баласы алдындағы міндеттері қандай?» – деп сұрақ қойғанда, ол кісі:  «Ізгі ана таңдауы, жақсы есім қоюы және оған Құран үйретуі», – деп жауап берген екен.

Екінші: Алла Тағаладан ұрпағының салиқалы, берекелі болуын тілеу

Бала – Алла Тағаланың адам баласына беретін үлкен сыйы. Оның жақсы адам болып қалыптасуы үшін тек тәрбие беру жеткіліксіз. Әрбір іс Алла Тағаланың қалауымен болатындықтан, әрдайым Алла Тағаладан бала үшін жақсылық тілеп, дұға етуі тиіс. Қасиетті Құранда Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) өз ұрпағы үшін Алла Тағаладан:

«Раббым! Мені және ұрпағымды намазды толық орындаушы ет. Раббымыз! Тілегімді қабыл ал!» – деп дұға еткендігі баяндалған («Ибраһим» сүресі, 40-аят).

Ата-анасынан бөлек, өзге де жақын, таныс адамдардың нәресте үшін дұға тілеуінің маңызы зор. Мысалы, сәбилі болған отбасына дініміздің әдебі бойынша:

«Алла сізге берген сыйын берекелі етсін!» – деп дұға жасалады. Ғалымдарымыз «береке» сөзінің мағынасын «қайыр-жақсылықтың артып, одан әрі молаюы» деп түсіндірген. Хадисте:

«Үш түрлі дұғаның қабыл болатындығында шәк жоқ: «Зұлымдық шеккеннің дұғасы, жолаушының дұғасы және ата-ананың баласына айтқан дұғасы», – деу арқылы ата-ананың баласы үшін көптеп дұға тілеу керектігін меңзеген.

Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі де балаларды жүректің жемісіне (сәмәрәтүл-құлуб), көздің нұрына (құрратул-айн) теңеп, оларды көрсе ізгі болуын тілеп, дұға ететін. Мысалы, Абдулла ибн Аббасқа бала кезінде: «Уа, Алла Тағалам! Бұған даналық бере гөр!» деп дұға жасаған. Ал, Әнәсқа байлығы мен бала-шағасының көп болуын, ұзақ өмір сүруін, берген садақаларының қайырлы болуын тілеген.

Қазақ халқында да «Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» деп, баласы ер жетіп қалған уақытта батагөй ақсақалдарға, ел арасындағы батырлығымен, шешендігімен танылған адамдарға барып, арнайы бата сұрап, ұрпағы үшін дұға етуді өтінетін болған. Мысалы, атақты Сегіз сері кезінде ғалым Қаныш Сәтбаевтың әкесі Имантайға: 

Қазыбектей халқыңның данасы бол,

Қарабастай жұртыңның бабасы бол.

Елін қорғап, дұшпанға соққы берген,

Үш жүздің Бөгенбайдай панасы бол! – деп ақ батасын берген екен.

Үшінші: имандылықты үйрету

Имандылық – адам бойындағы ең басты рухани құндылық. «Дін – тәрбие діңгегі» демекші, имандылық арқылы баланың бойында жақсы тәрбие қалыптасып қана қоймай, оның күнәлі істерден аулақ болуына, екі дүние бақытына қол жеткізуіне себепші болады. Ислам үмметінің үлкен ғалымы Ибн Аббасқа (Алла әкесі екеуіне разы болсын) балалық шағында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп өсиет айтқан: «Иә, балақай! Мен саған бірнеше сөздер үйретемін «Алланы әрдайым есіңде сақта, сонда Ол сені әрдайым қорғайды. «Алланы әрдайым есіңде сақта, сонда әрдайым Оны алдыңнан көресің. Егер бір нәрсе сұрағың келсе, Алладан сұра, егер көмек сұрағың келсе, көмекті Алладан сұра және біл, егер бүкіл адамзат жиналып саған бір жақсылық істегісі келсе, олар саған Алланың пешенеңе жазған жақсылығынан артық жақсылық істей алмайды. Ал бүкілі жиналып саған бір жамандық істегісі келсе, олар Алланың сенің пешенеңе жазған жамандағынан артық ешнәрсе істей алмайды. Өйткені Алланың жазғанының сиясы әлдеқашан кеуіп үлгерген» (имам Термизи).

Хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) балаға әрдайым Алланы есінде ұстауға, ғибадатты тек жалғыз Аллаға арнауға, тағдырға иман келтіру сияқты бірқатар маңызды мәселелерді айтқан. Ал бұл мәселелер баланың есейген шағында өзінің жақсы нәтижесін бермек. Себебі Жаратушысын таныған адам бұл дүниеде бір жақсылық істесе, ертең қияметте оны Алла жарылқайтынын, ал жамандық істесе, жазалайтынын біліп, бұл пәни тіршілікті тек жақсылықпен өткізуге тырысатыны анық.

Хакім Абайдың:

Адамның бір қызығы – бала деген,

Баланы оқытуды жек көрмедім.

Баламды медресеге біл деп бердім,

Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім, – деп айтуының астарында үлкен даналық жатыр.

Балаға имандылық пен қатар дүнияуи білімдерді меңгеруіне мән беру ата-ананың маңызды борышы. Қазіргі кезде түрлі гаджетке (ұялы телефонға) байлаулы болып қалған ұрпағымызды одан ажырату, пайдалы іспен айналыстырып, білімге деген махаббатын аша білуіміз қажет. Себебі баланың болашағы, ертең халқына жасайтын қызметі оның білімді болуымен тікелей байланысты. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек», – дейді.

Төртінші: балаларға мейірімді болу

Баланы тәрбиелеу әркез қатал болу дегенді білдірмейді. Балаға оны жақсы көретінімізді білдіріп, мейірімділіктің аясында тәрбиелеу аса маңызды. Бұлайша мейірім көріп өскен бала өзгелерге де мейірімді, жанашыр болып жетіледі. Сондықтан да «Мейірім – жүректен, қайырым – білектен», – дейтін халқымыз, ұрпағына мейірімді болу арқылы, оның жүрегіне кішкентайынан мейірімділіктің дәнін еккен. Мейірімге қанып өскен бала қай ортада болмасын өзіне сенімді, бойын еркін ұстап, ойын ашық айта алады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Кім кішімізге мейірімділік танытпаса, үлкеніміздің қадірін білмесе, онда ол бізден емес», – деген (имам Бұхари).

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) балаларды жақсы көріп, әрдайым олардың көңілін көтеріп, ойнатып, қуандыруға тырысатын. Бірде ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хасан мен Хүсейінді арқасына отырғызып алып, көтеріп ойнатып жүргенін көрген хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) бұған қатты сүйсініп: «Әй, балақайлар, мініп алған сәйгүліктерің қандай тамаша!» – дейді. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған: «Олар да осал шабандоз емес», – деп жауап береді.

Балаларға дөрекелік таныту, қарым-қатынаста тым қатты болу – Алла Тағаланың мейірімділігінен ұзақтататын амалдар. Бір күні Алла Елшісі немересі Хасанды сүйген кезде, оны көрген Ақрағ ибн Хабис деген кісі: «Уа, Аланың Елшісі! Менің он балам бар. Бірақ мен ешбірін Сіз секілді сүймеймін», – дейді. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Мейірімділік етпеген, мейірімділік көре алмайды», – деп жауап береді (имам Бұхари).

Намаз оқып тұрғанда да Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кішкентай баланың жылаған дауысын еститін болса, намазын қысқа қайырып оқитын. Ол турасында хадисте: «Мен намазға тұрып, оны ұзақ уақыт оқығым келеді. Сосын бір баланың жылаған даусын естимін. Анасының ол үшін жаны сыздайтынын біліп, намазды тез оқып бітіремін» деп айтқан болатын (имам Бұхари).

Бесінші: еңбексүйгіштікке баулу

Қазақта «Әкенің дәулеті балаға мал болмайды» деген сөз бар. Бұл сөздің астарында баласы әкесінің мал-дүниесіне сеніп қалмасын, есер болмай есті болсын, кәсіп үйреніп, еңбек етсін деген ұғым жатыр. Осы ретте ата-анаға баласын еңбекке баулып, кәсіп жасау жолын үйретудің маңызы үлкен. Заманға сай қаржылық сауаттылығын да дамыту қажет. Әзілхан Нұршайықов: «Бала тәрбиесінің ең үлкені – оны еңбекке баулу. Еңбекшіл жас қана ең үздік азамат болып қалыптасады», – дейді.

Адам пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) Қабыл мен Әбілдің біреуі мал шаруашылығымен айналысса, енді бірі егін шаруашылығымен айналысқан. Ибраһим пайғамбарға (оған Алланың сәлемі болсын) ұлы Исмаил Қағбаны тұрғызуға көмектескен. Бұл істерде де біздер үшін үлкен ғибрат бар.

Қазақта бала дүниеге келсе «Қойшы ма, жылқыша ма?» – деп тұспалдап сұрап жатады. Жылқышы деп қыз балаға айтылады. Өйткені қалың малға баяғыда жылқы берген. Ал қойшы деп ұл балаға айтылады. Өйткені өскен кезде қой бағатын ата-анасына жәрдемші болатыны меңзелген. Бесік жырында да:

Құрығыңды майырып,

Түнде жылқы қайырып,

Жаудан жылқы айырып,

Жігіт болар ма екенсің, – делінген жолдар бар. Бұл сөздерден де қазақ халқында ата-ана баласының өскенде өзіне жәрдемші, елдің қорғаны болуын тілегені көрінуде.

«Біреуге балық берсең бір мәрте тойғызасың, ал балық ұстауды үйретсең өмір бақи тойдырасың» дейтін сөз бар. Баламызды тәрбиелеу тек елден кем қылмай киіндіріп, тойдырып, ұялы телефон алып берумен болмайды. Шынайы тәрбие баланы жауапкершілік алуға, уәдесінде тұруға, еңбексүйгіштікке, үлкен өмірге барғанда өз-күнін өзі көріп, көпшілікке пайда келтіретін етіп үйретуде болмақ.

Балаларымыздың тәрбиесі – біздер үшін аманат. Әрбір ата-ана осы аманатты терең сезініп, өз балаларын иманды да инабатты, саналы да салиқалы етіп тәрбиелеуі үшін бар күш-жігерін салуы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз  (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің бір өсиетінде:

«Біліп қойыңдар! Сендердің барлығың бақташысыңдар, бәрің де өз отарларыңа жауапкерсіңдер. Әмірші (басшы) – адамдарға бақташы, ол – сол отарына жауапкер, ер кісі – өз отбасына бақташы, сол отарына жауапкер, ал әйел күйеуінің үйіне және баласына бақташы әрі солардан сұралады», – деген (Әбу Дәуід).

Алла Тағала ұрпағымыздың ізгі де тәрбиелі болуын нәсіп етіп, халқымызға амандық, елімізге тыныштық бергей!

 

Пікірлер Кіру