БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕГІ 9 ҚАҒИДА

19 ақпан 2024 2784 0
Оқу режимі

Жаратушы Алланың жердегі ұлы туындыларының бірі – адам. Адам сырттай бір-біріне ұқсамағаны секілді ішкі дүниелері де ұқсамайды. Бір күннің астында бір ауаны жұтып, бір қара жерден нәр алса да, адамдар әртүрлі болады. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Әрбір жан өмірге мұсылман болып келеді», – делінген.

Иә, бала дүниеге келгенде періштедей күнәсіз, аппақ парақтай таза, пәк болады. Уақыт өте келе оған берілген тәрбиенің нәтижесінде бірі ізгілік жемісін терсе, енді бірі қапасқа апаратын бұралаң жолға түседі. Бұл – сәбиге өсе келе әсер етуші сыртқы факторлардың нәтижесі. Ол ата-анасы, жақындары, жолдастары т.б. Біреуді алдап арбамаса, физикалық тұрғыда басқаға әлеуетін көрсетпесе, баласы адам болмайтындай көретін ата-аналар бар. Олардың ойынша сыпайылық, әдептілік – әлсіздердің ісі. Бұл заманда әлсіздерді күштілер билейді деп санайды. Әрине, бұл – қате ұғым. Бұл заман – физикалық күштің емес, интеллект күшінің заманы. Олай болса балаға не керек? Асыл дінімізде бала тәрбиесі жайында не айтқан? Ендеше, бала тәрбиесіндегі тоғыз қағидаға тоқталып өтсек.

Бірінші қағида – имани тәрбие. Яғни бір Аллаға сену, иман негіздерін үйрету, Аллаға серік қоспау секілді дұрыс сенімде болу адамның өмірлік ұстанымын бекемдейді. Өмірдің кез-келген дауылына, қиындықтарына төтеп бере алатын рухы биік тұлға болып өсіп шығады. Аллаға деген сенім дұрыс болса, пенденің жүрегінде тыныштық орнап, жүрегі жай табады. Өмірінде болуы мүмкін қиындықтар, сынақтар ол үшін кезекті жаттығу секілді. Түннен кейін күннің келетіні секілді қиындықтан кейін жеңілдіктің келетініне иман келтіреді.

Екінші қағида – жақсы үлгі бола білу. Көзін ашып, бұл өмірде алғашқы қадам жасаған сәби үшін ең ұлы тұлға – әкесі, анасы. Бұл өмірде сіз әке, ана атанған болсаңыз біліп қойыңыз, өміріңізде жаңа белеске қадам бастыңыз. Сіз перзентіңіз үшін ең жақын, бейкүнә адамсыз, сіздің әрбір әрекетіңіз, сөзіңіз балаңыздың бақылауында. Бала үшін мың сөзден бір жақсы іс әлдеқайда өтімді. Сондықтан жақсы әдеттерді бала бойына сіңіруде перзентімізге айна болуға тырысуымыз керек. Өміріңізді өзгерту керек болса перзентіңіз үшін өзгертуге тиіссіз. Мәселен, әлі тілі шықпаған сәби, намаз оқып тұрған әкесін көріп өссе, оның намазға деген көзқарасы қандай болатынын пайымдай беріңіз.

Үшінші қағида – жауапкершілікке үйрету. Қазақта «он үште отау иесі» деген қанатты сөз бар. Он жастан асқан баланы атам қазақ үлкен топқа қосып, ерте кезден қоғамшыл қылып өсірген. Баланың жастайынан әртүрлі отырыстарға қатысуы, үлкеннің батасын алуы, қалың топтың алдында өз ойын айта алуының тұлға ретінде қалыптасуына әсері мол. Қазақ даласында талай тұлғалар жас кезінен-ақ өздерінің кемеңгерлігін
көрсеткен. Әке-шешенің баламен ақылдасуы, бір істі оларға тапсыруы да маңызды. Істің нәтижесіне емес, оған бел буып кіріскендігіне баға берсеңіз, қателессе кінәләмай, тығырықтан шығар жол көрсетсеңіз, нағыз жанашыр әке болғаныңыз.

Төртінші қағида – жігітке жеті өнер де аз. Кез келген пайдалы істі игеруге деген талпыныс болу керек. «Жігітке жеті өнер аз» демекші, қазіргі заман мұсылмандары тек діни біліммен шектелмей, заманауи технологияны меңгеріп, жан-жақты білімді болуы тиіс. Әнастан сахабадан жеткен хабарда Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Сендердің жақсыларың – дүниесін ақыретке, ақыретін дүниеге қалдырғандарың емес. Бәлкім екі дүниенің арбасын бірдей ұстағандарың. Шын мәнінде дүние ақыретке жетелейді». Қазіргі бәсеке заманында адам жан-жақты болуы тиіс, игерген негізгі біліміне қосымша басқа да ілімдерді, қабілеттерді қатар алып жүруі – заман талабы. Сол кезде ғана сіз нарықта сұранысқа ие өз ісіңіздің маманы бола аласыз.

Бесінші қағида – отансүйгіштік қасиетті сіңіру. Туған елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілік − әрбір жан үшін аса киелі ұғым, ыстық сезім. Отан дегеніміз – туып-өскен отбасымыз, ата-анамыз, ауасын жұтып, суын ішіп жүрген, кең-байтақ атамекеніміз. Міне, осы туған ел мен жерге ие болу, амандығын тілеу – әрбір мұсылманның діни әрі азаматтық борышы. Отанды сүю – сөзбен ғана жүзеге аспайды, іспен дәлелдеуің керек. «Отанның өркендеуіне, гүлденуіне мен қандай үлес қостым?» деген сауал әр адамның көкейінде болуы керек. Отанды сүю өз ісіңе деген махабатың, айдың соңында алатын жалақың үшін емес, ортақ іске деген үлес үшін қызмет жасайтын болса, ел гүлденеді. Дәрігер ықыласпен, жанашырлықпен емдесе, саудагер адамды алдамаса, мұғалім балаға дұрыс тәлім берсе, қазылар қара қылды қақ жарып әділ үкім шығарса, дипломат сырт елде Отанының абыройын асқақтатса, полиция шын қылмыскерді абақтыға жапса, Отанын сүйген перзент болар еді.

Алтыншы қағида – сөйлеу мәдениетін қалыптастыру. Адамның қоғамда өз орнын табуы, көпшілік құрметі мен сеніміне ие болуы, кемел ғұмыр кешуі, орнымен, дәмді, дәйекті сөйлей білуі, тауып айтатын тапқырлығы үлкен рөл атқарады. Өйткені ақылы кемел, кісілігі зор, білімі мол, адам ғана солай сөйлей алады. Ондай дәмді, қисынды, қысқа қайыратын қызықты, айшықты да әділ сөзді халық ұйып тыңдап, тура сөз құдайы сөз деп тоқтаған. Адам тіл арқылы иманға келіп, мұсылман болса, тіл арқылы діннен шығуы да оп-оңай. Тіл – адамның ойын, сезімін басқаға жеткізуші құрал. Қуантатын да – тіл, жылататын да – тіл. Тілді еркіне жіберсе, арты орны толмас өкінішке де апарады. Сол себепті адам қай жерде қалай сөйлеу керек екенін біліп, үлкенмен үлкендей, кішімен кішідей тіл табысқанда ғана көптеген келеңсіздіктен құтылар еді. 

Жетінші қағида – денсаулыққа мән беру, спортпен шұғылдану. Ислам діні қоғамы қуатты да айбынды болуы үшін спортқа ерекше көңіл аударып, онымен айналысуға шақырады. Қасиетті Құранның 42 жерінде «қуат» сөзі кездеседі. Әбу Һұрайра жеткізген хадис-шәріпте Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы мәселеге байланысты: «Екеуінде де өз қайыры болса да, қуатты мүмин Аллаға, әлсіз мүминнен жақынырақ және сүйіктірек», – деген. Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Адамдардың көбі қадіріне жете бермейтін екі нығмет бар, ол – денсаулық және бос уақыт», – деген. Адам баласына Алладан берілген баға жетпес нығмет денсаулықты бағалаудың және оны сақтаудың бір жолы – қоршаған ортамыз бен дене мүшеміздің тазалығын сақтау және ішкен-жеген тамағымыздың да тазалығын қадағалау.

Сегізінші қағида – білімге деген махаббатын ояту. Жас баланың ерте кезден әртүрлі үйірмелерге, курстарға қатысқаны құптарлық іс. Дегенмен ең алдымен сол ілімге деген махаббатын оятқан ләзім. Махаббатсыз алынған ілім жаттанды болып, адам жадында ұзақ сақталмайды. Әр баланың өзіне тән қызығушылығы, қабілеті болады. Алла адамды қабілетсіз жаратпайды. Біреу спортқа жақын болса, тағы бірі суретке жақын. Енді бірі әдебиетке жақын болса, бір бала есеп шығарғанды жақсы көреді. Біздің қателігіміз – баланың өзі ұнатпайтын, қабілеті жоқ бағыттарын дамытқымыз келеді. Ал өзі сүйіп ұнатқан білімді кейінге қалдырамыз. Баланы сіз ұнатқан білімге емес, бала өзі таңдаған білімді алуға ықпал жасап, қолдау білдіру керек.

Тоғызыншы қағида – еңбекке баулу. Дүниедегі һәм ақыреттегі мақсаттарға жетудің бірден бір жолы – адал еңбек ету. Қазақта «Баланы аясаң, аяма» деген сөз бар. Баланың ерте кезден еңбекке араласуы болашақта еңбек жолын дұрыс таңдауға жол ашады. Ертерек қоғамға сіңісіп, үлкен өмірге ерте бейімделуіне мүмкіндік туғызады. Әке-шешесімен бірге жұмысқа ерте араласқан бала ата-анасының қадірін біліп өседі.

 

Хамзат ҚАЖЫМҰРАТҰЛЫ,

Солтүстік Қазақстан облысының бас имамы

«Иман» журналы, №1, 2024 жыл

 

Пікірлер Кіру