Айша анамыздың (р.а) қанағатшылдығы

24 ақпан 2020 9587 0
Оқу режимі

Хазіреті Айша (р.а.) өте қанағатшыл еді. Дәулетті жанұяда туылса да Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шаңырағына келген соң, жұпыны ғана тұрмысқа ол тез бой үйретті. Дін жолында барлық ауыртпалықтарды көтеруге өз еркімен көніп, бұл өткінші дүниенің қызығынан гөрі бақилық өмірдің бақытын артық санады.

Бірде Құсай ибн Үбейд атты бір бала Айша анамызды зиярат етеді. Бала келгенде, хазірет Айшаның ескі киімді мұқият түрде бүтіндеп тігіп отырғанын көріп таңғалды. Айша анамыз балаға: «Сен кішкене тоса тұр, мен мына ісімді бітірейін», - деді. Бала ол кісіге қатты таңғалып тұрғанын айтты. Айша анамыз: «Неге?»- деп сұрағанда, бала: «Мынадай ескі киімді алып тігіп отырғаныңызды көргендер сізді сараң екен деп қалады ғой», - деді көңіліндегісін жасырмай. Сонда хазірет Айша анамыз оған: «Балам, ақылды болғайсың, ескісін кимегенге жаңа киім жоқ», - деп мағыналы жауап қайтарған екен.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өмірден озғаннан кейінгі жылдарда әйелдері жоқшылықты көп көрді. Бірақ алғашқы халифа хазірет Әбу Бәкір (р.а.) оларға арнайы жәрдемақы тағайындамады. Хазірет Омар халифа болғанда, ол әуелі Пайғамбарымыздың әйелдерінің жағдайын дұрыстауға көңіл бөлгісі келді.

Осы себепті әйелдерінің барлығына бірдей мемлекет қазынасынан жәрдемақы тағайындады. Хазірет Омар (р.а.) Айшаның басқаларға қарағанда артықшылығын ескеріп, оған көбірек жәрдемақы тағайындаған болатын. Алайда Мүминдердің анасы өзіне жәрдемақының көбірек бөлінгеніне келіспеді.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру