ӘЙЕЛ ӘДЕБІМЕН СҰЛУ

13 маусым 2024 1632 0
Оқу режимі

Күллі әлемнің Раббысы Алла Тағала бар жаратылысты асқан сұлулықпен жаратты. Соның ішінде ерекше әдемілікке бөленгені – әйел заты. Әрине көпшілік нәзік жандыларды ерекше ажары мен келбетіне, дене бітіміне қарап «әдемі» деп саралайды. Бірақ шынайы сұлулық әйелдің түрінің бергі бетінде емес, кеудесінің арғы түпкірінде екенін, көп адам байқай бермейді.

Қазақта «Әдемі әйел – көзге ұнайды, Жақсы әйел – жүрекке ұнайды» деген жақсы сөз бар. Жүрек жақсы көрген әйелдің жаны сұлу болады. Ал жан сұлулығы иманнан, көркем мінезден, адамгершіліктен бастау алады. Сондай-ақ Алла Тағала әйел затын жаратқанда оған ешкімге ұқсамайтын ерекше міндет жүктеген. Әлбетте ең әуелі Құранда айтылғандай, Алла Тағала барша адамзат пен жынды Өзіне құлшылық ету үшін жаратты. Сонымен бірге әйелді өзіне ғана тән тағы бір ізгі мақсатпен жаратқан екен. Адам ата ұйқыда жатқан кезде Алла Тағала оның сол жақ қабырғасының бірін алып, сүйекті етпен қаптап, одан Хауа анамызды жаратқан. Құранның «Ниса» сүресінде бұл жайлы былай делінген: «Ей, адамдар! Сендерді бір кісіден (Адам атадан) жаратқан және одан жұбайын (Хауа ананы) жаратып, ол екеуінен көптеген ерлер мен әйелдер таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар».

Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Әуелі Алла Тағала Адам атаны жаратты. Жәннатта Адам ата жалғызсырай бастады. Сөйтіп ол ұйқыға кеткенде қабырғасынан Хауа ананы жаратты. Ұйқысынан оянғанда алдында тұрған сұлу мүсінді көрген Адам ата таңырқап: «Не үшін жаратылдың?» деп сұрады. Сонда Хауа анамыз: «Сенің маған тұрақтауың үшін», – деп жауап берді». Мұны ғалымдар былайша тәпсірлейді: «Алла Тағала Адам атаға серік болып, көңілінің тыныштық табуы үшін Хауа анамызды жаратқан». Осыған дәлел ретінде Құранның «Рум» сүресінің 21-аятында Алла Тағала: «Әрі сендердің тыныштық, тыным тауып орнығуларың үшін өздеріңнен жұбайлар жаратуы және араларыңда сүйіспеншілік пен мейірім-жанашырлық пайда етуі де – Оның белгілерінен. Ақиқатында мұнда ойланып, ақылға салатын адамдар үшін дәлел-ғибраттар бар».

Яғни әйелдің мақсұты – ер азаматынының көңіліне жай сыйлау, бабын табу. Ал қазіргі қоғамда әйелдер сол қабілетін қалай қолданып жүр? Әйелдер жамағатымен жұмыс істеген 13 жыл ішінде азды-көпті түйгенім, күйеуін тыныштандырмақ түгілі көп әйелдің өз көңілі тыныш емес. Бір әйелдер мансап қуып шапқылап, жан-жағына қарамай, отбасына жеткілікті көңіл бөлмей жатады. Енді бірі басқа түскен сынақтарға сабырсыздық танытады, асығып «бәрі тез бола қалса» деп шыдамсызданады. Өзіне не керек екенін түсінбейтін, үнемі бірдеңе жетіспей тұрғандай ештеңеге көңілі толмайтын, депрессияға жиі түсетін әйелдер де баршылық. Әуелі Алла Тағаланы, сосын өзін-өзі танымаған әйелдер қалайша басқа біреуге тыныштық сыйлайды? Демек өзгеге жайлылық сездіру үшін алдымен әйелдің жаны Аллаға байлаулы болуы керек. Өйткені Құранның «Рағыд» сүресінің 28-аятында: «Жүректер Алланы еске алу арқылы тыныштық табады», – делінген. Демек әйелдер Алланы еске алу, иман деңгейін көтеру, көркем мінезге жету арқылы өзінің әуелгі міндетін атқарып, сұлу болады.

Имам Мүслим риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл дүние – өткінші бір ләззат қана. Дүниедегі өткінші ләззаттың қайырлысы – салиқалы, жақсы әйел», – деген.  Алла Тағала Құранның «Ниса» сүресінің 34-аятында былай дейді: «...Ізгі әйелдер – Аллаға толық мойынсұнатын және ері алдындағы міндетін бұлжытпай орындайтын, сондай-ақ Алла олардың құқығын қалай қорғаған болса, олар да дәл солай ері қасында болмаған кезде де ерінің құқығын аяқасты етпей (ар-ұятын, отбасылық сырды, отбасына тән абырой мен ерлері тапқан мал-дүниені) лайықты түрде сақтай білетін жандар». Осы жерден әйелдердің тағы бір әдемілігін байқауға болады. Шариғат шеңберінде, Алла Тағала рұқсат еткен барлық мәселеде күйеуіне бойұсыну – нағыз ізгі әйелдердің сипаты. Алланың әмірлерін орындаса, күйеуіне бағынса, жәннатқа лайық сұлу әйел болады. Өйткені Әбу Хурайра (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Егер әйел бес уақыт намаз оқыса, Рамазан айында ораза ұстаса және ар-намысын қорғап, күйеуіне бойұсынса, оған: «Жәннаттың қалаған қақпасынан кір», – деп айтылады» (Имам Ахмад риуаят еткен).

Әдемі, салиқалы, ізгі әйел қандай болады? Ол үшін Ислам тарихына көз жүгіртіп, Алла алдындағы дәрежесі жоғары асыл аналарымызды үлгі тұтуымыз қажет. Мәселен, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүйікті жары, алғашқы жұбы Хадиша анамыз (Алла оған разы болсын) алғаш болып иман келтіріп, Исламды қабылдады. Яғни күйеуіне сенді, оны ерекше құрметтеді. Пайғамбарымыздың жеткізген Хақ діні жолында өзінің мал-дүниесін, дәулетін сарп етті. Ол жайлы Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамдар маған қарсы келгенде (күпірлік танытқанда), (Хадиша) маған иман келтірді. Адамдар мені өтірікші деген кезде, ол маған сенді. Адамдар мені (мал-дүниеден) айырғанда, ол мені өз дәулетімен демеді және Алла маған ол арқылы әйелдердің басқасына нәсіп етпеген перзент берді» деген болатын.

Фатима (Алла оған разы болсын) анамыз – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көркем қасиеттерді бойына сіңіріп өскен кенже қызы. Ол Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қызы болса да, тәкаппарлықтан ада болды, басына түскен жоқшылыққа сабыр етті. Осындай мысалдар жетерлік. Жақсылыққа ұмтылған әрбір әйел Хадиша, Айша, Фатима, Әсия, Мәриям, Билқис тағы басқа Ислам тарихындағы асыл аналарымыздың өмірбаянын оқып, үлгі тұтуы тиіс.

Сондай әйелге тән сұлулыққа оның көркем мінезін жатқызуға болады. Аллаға тәуекел ету, шүкірлік, қанағат, сабырлық, күйеуінің алдында кішірейе білу, жарына сенім білдіріп, қолдау көрсету, жолдасының тапқанын үнемдеп, ақылмен үйлестіру – әйелдерге тән ізгі қасиеттер. Бұл жайында біздің қазақ «Асыл болса алған жар – ханым емей немене, Жайлы болса мінезі – жаның емей немене?», «Қызда қылық болмаса, құр шырайдан не пайда?», «Әйел қылығымен сүйдіре де біледі, күйдіре де біледі» дейді. Расында әйелдің жаратылысындағы ерекшелігі – қылығы, еркелігі, нәзіктігі. Осы қыры арқылы әйелдер ер адамдардан өзгеленіп тұрады. 

Әйелдің күйеуін әрдайым көтермелеп, мерейін асырып жүру – нағыз сұлулықтың белгісі. Күйеуінің тапқан табысын азсынбай, «Алла берекесін берсін» деп шүкірлік ету, оның күшіне таңдана сеніп, қолдау көрсете білу – нағыз даналықтың нышаны. Даналыққа жету – өмір бойы шыңдалатын күрделі жұмыс. Сондықтан тәжіміз – иман, әшекейіміз көркем мінез болсын деп тілейміз!

 

 

 

Динара ҚҰТҚОЖАҚЫЗЫ,

ҚМДБ Әйел-қыздар секторының меңгерушісі

«Мұнара» газеті, №7, 2022 жыл

 

Пікірлер Кіру