АТА-БАБАМЫЗ АРУАҚҚА СЫЙЫНҒАН БА?

10 мамыр 2024 717 0
Оқу режимі

Бүгінгі таңда «Ата-баба дініміз – тәңіршілдік. Ислам – арабтардың идеологиясы. Құран – ертегі, Мұхаммед – арабтың көсемі» дейтін қасаң пікірлер қайтадан бас көтеріп келеді. Аталмыш таным иелерінің ауыз толтырып айтар уәждері – «бұрынғы бабаларымыз аруаққа сыйынған, батырларымыз соғыста «аруақ!» деп ұран салған» деген сияқты жетесіне жетпеген, шала-шарпы түсініктер. Демек, тәңіршілдердің сөзімен айтқанда, ата-бабаларымыз өздерінен бұрынғы ата-бабаларының аруақтарына сыйынып келген.

Қош, солай-ақ болсын делік. Ендеше, тәңіршілдердің танымына арқау болып отырған «аруақ» сөзіне тоқталайық.

«Аруақ» араб тіліндегі «рух» (қазақша «жан») деген жекеше сөздің көпше түрі, яғни «жандар» деген мағынаны береді. Бұл турасында қасиетті Құранда: «Олар сенен рух (жан) туралы сұрайды. Оларға: «Ол – Раббымның әміріндегі іс. Сендерге өте аз мәлімет берілді» де», – делінген («Исра» сүресі, 85-аят).

Бұл аяти кәрим, өз дәуірінде Мұхаммедтен (с.ғ.с.) рух (жан) туралы сұралғанда, Алла Тағаланың уахи арқылы берген жауабы еді. Көріп отырғанымыздай, «аруақ» деген көпше түрдегі сөздің жекешесі осы аятта, яғни араб тілінде «рух» деген сөзбен келген.

Ал енді, тәңіршілдердің «аруақ» деген мағынаны дөп басып білдіретін төл атаулары бар ма екен? Жоқ. Егер болса қолданар еді ғой. Демек Тұран даласына арабтар ислам дінін таратып келмес бұрын ата-бабаларымыз «аруақ» сөзін қолданбаған. Ал неліктен арабтың «рух, аруақ» сөздері өз сөзімізге айналып кетті деген орынды сұрақ туындайды. Міне гәп осында. Сондықтан да көтерген тақырыбымыздың төркінін тереңнен толғауға тура келеді.

Адам баласы – Алла Тағаланың кемел ақыл-сана беріп, өзге жаратылыстан бөлекше етіп жаратқан таңдаулы құлы. Жаралмышынан құлдық қасиеті болған адам баласының Жаратушы иесін іздеуі табиғи заңдылық. Дегенмен де, адамзат өз бетінше құлдық міндеттерін толымды түрде атқара алмайтын болғандықтан, мейірімі шексіз Алла, адамдардың өз араларынан тура жолға шақыратын таңдаулы елшілер жіберіп, екі дүниенің бақытына бастаған. Бұл жөнінде қасиетті Құранда: «Расында әр үмметке: «Аллаға ғана құлшылық етіңдер, бұзақылықтан аулақ болыңдар» дейтін елші жібердік…», – дейді («Нахл» сүресі, 36-аят).

Міне, осындай таңдаулы елшілердің бірі болған Ибраһимның (ғ.с.)   Раббысын шынайы түрде тануы барысындағы бір үзік сырды келтіре кету айтар ойымызды айшықтай түспек. Құранда: «Міне, осылайша Ибраһимге иманда кемелдікке жету үшін күллі аспан әлемі мен жердегі ұлы ақиқатты көрсеттік. Түн болғанда Ибраһим (көп жұлдыздың ішінен ерекше) бір жұлдызды көріп: «Міне, (айтқандарыңа қарағанда) шамасы менің Раббым осы», – деді. Алайда, жұлдыз сөніп, көзден ғайып болғанда, ол: «Мен сөніп, ғайып болатындарды ұнатпаймын», – деп айтты. Басқа бір түні толған айды көргенде: «Міне, (айтқандарыңа қарағанда) менің Раббым осы болар», – деді. Ол да сөніп, көзден ғайып болғанда: «Егер мені Раббымның өзі тура жолға салмаса, шүбәсіз, адасқандардың бірі болар едім», – деп айтты. Басқа бір күні шығып келе жатқан күнді көріп бірден: «(Айтқандарыңа қарағанда) менің Раббым осы шығар, бұл бәрінен де зор екен», – деді. Кейін ол да батып, көзден ғайып болғанда «Уа, қауымым, мен сендердің Аллаға серік етіп қосқандарыңнан (яғни жұлдызға, айға, күнге, пұттарға және солар сияқты басқа да жаратылыс атаулыға табынудан) аулақпын», – деді» («Анғам» сүресі, 75-78 аяттар).

Мінеки, пайғамбарлардың таңдаулысы болған Ибраһимның өзі табиғаттың тылсым сырларына терең бойлап, ешқандай бір жаратылыс атаулының Жаратушыға тең келмейтіндігіне, яғни табынуға лайық емес деген дұрыс танымға тек Раббысының ғана жәрдемімен жеткендігіне куә болдық. Алла Тағала Ибраһимды (ғ.с.) осылайша тәрбиелеу арқылы саналы құлдарына Раббысын көрсоқырлықпен емес, көрегенділікпен іздесе сөзсіз туралықты табатындығын тағылым етеді.

Осы орайда, Ибраһимның (ғ.с.)  басынан өткен бұл жағдайды бейне өлеңмен өрнектеп жеткізгендей-ақ болған Базар жыраудың мына бір жыр жолдарын оқи кетуді жөн көрдік:

Айдан ару нәрсе жоқ,

Түнде бар да, күндіз жоқ.

Күннен ару нәрсе жоқ,

Күндіз бар да, түнде жоқ.

…Мұсылмандық кімде жоқ,

Тілде бар да, ділде жоқ.

Озық ойлы, орақ тілді жырауларымыздың бұлайша жырлауы – бұрынғы бабаларымыздың хақ исламды бұлжытпай ұстанғандығының бір дәлелі.

Ислам дінін таратушылар Тұран даласының табалдырығын аттамас бұрын, табиғатпен етене байланыста болған арғы ата-бабаларымыздың күнге, көкке, отқа, т.б сыры беймәлім болған таңғажайып жаратылыстарға табынғандығын тарих жоққа шығармайды. Алайда, олардың  Жаратушы жоқ деместен, сыйынуға, табынуға лайықты құдірет иесінің бар екенін сезініп, оны іздеуі, жоғарыдағы аятта баяндалған Ибраһимның (ғ.с.) ыждағаттылығымен сабақтасып жатыр десек, артық айтпаған болар едік.

Сол бабаларымыздың Жаратушы иесін зарыға іздегені соншалық, Ислам дінін жеткізуге келген арабтарды құшақ жая қарсы алып, көктен тілегені жерден табылғандай, жүректері жарыла қуанды. Ұстаз тұтып, қожа деп құрметтеп, төбесіне көтерді. Бір сөзбен айтқанда, еш екіленбестен хақ Исламды қабылдады.

Егер, олай болмағанда, ашығырақ айтсақ, іздеген тәңірін, сенім-нанымдырының  қажеттілігін Ислам діні қанағаттандыра алмағанда, оны қабылдамас еді. Өйткені, түркілермен тірескендердің, азуын айға білеген Кир патшаның басынан айырылғаны, жер әлемді билеймін деген жоңғарлардың жігері жасып, құмырсқадай қаптаған қытайдың қорыққанынан қорған соғып жан сауғалағаны дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Қысқасы, өліспей беріспейтін түркілер арабтардан қорққанынан Исламды қабылдады дейсіз бе? Жоқ, мүлде олай емес. Өздері қандай батыр болса, көкіректері соншалық пәк болған бабаларымыз Исламды жан-тәнімен қабылдап, тіпті, өмір сүру үрдісіне айналдыра отырып тұқым-тұяғына мирас етті.

Ал батырларымыз жауға шапқанда «аруақ» деп ұран салған деген дақпыртқа келер болсақ, бұның да түбі шикі әңгіме. Бұлай деуімізге себеп, хақ Исламды ұстанған бабаларымыздың: «Құдайға сенген құстай ұшады, адамға сенген мұрттай ұшады», «Құдайсыз қурай сынбайды», «Басыңа тоқсан түрлі жауса пәле, сонда да күдер үзбе бір Алладан» деген сияқты Алладан басқа сыйынуға лайқ ештеңенің жоқ екендігін дәріптеген мақал-мәтелдер мен өлең-жырларында қисап жоқ. Бәрін бірдей қамтымасақ та, ала шапқын шайқастан көз ашпаған қазақ халқының, басы бірігіп, билігі бекемделіп, іргесі кеңейген Абылай хан заманында, ханның ақылшысы болған атақты Бұқар жырау жырларынан үзінділер келтірейік. «Тілек» атты жыры:

«Бірінші тілек тілеңіз,

Бір Алладан жазбасқа», – деп, басталып,

«Бесінші тілек тілеңіз,

Бес уақытта бес намаз,

Біреуі қаза болмасқа», – деп жалғасын тапса, тағы бір жыр жолдарында:

«Ей айташы, Алланы айт,

Аты жақсы Құдайды айт.

…Алла деген ар болмас,

Ақтың жолы тар болмас», – деген сияқты Ислам құндылықтарын арқау еткен жыр шумақтары жетерлік. Міне осындай илаһи жырларымен Исламды насихаттаған. Керек болған жағдайда хан Абылайдың өзіне:

«Ханның сөзі түзік деп,

Орынсыз әмір жолдама.

Бұрынғы өткен бәрі өлді,

Қарсы болма Аллаға…

Риза болсаң Құдайға

Түзелер сонда ісіңіз, – деп, арнасынан асып бара жатқан ағаттықтарын тайсалмай бетіне айтып, тезге салып отырған Бұқар жырау, ел қорғаған батырлар мен сарбаздарға жауға шапқанда «Аллаға сыйынып немесе «Аллалап» ұрандаңдар!» – деп, айтпады дейсіз бе? Әлбәтте, солай тәлім берері күмәнсіз.

Олай болса, «аруаққа сыйынғамыз», «аруақ» деп, ұрандағамыз» деген таным әлі күнге дейін неге қалмай келеді деген сұрақ туындамай қоймайды. Бұл сұраққа бірнеше себептер келтіре отырып жауап беруге тура келеді.

Біріншіден, адамзатқа әр дәуірде жіберіліп отырған әрқандай бір пайғамбардың жеткізген хақ дінін қауымдары бірде-бірі қалмай түгелімен қабылдаған жоқ. Тіпті кейбір пайғамбарлардың қауымдарының көп бөлігі қарсы шығып, кері кеткен. Кейбір пайғамбарлар қауымының қолынан қаза тапқан. Осы тұрғыдан қарағанда түркілердің арасында да Исламнан бұрынғы танымынан танбағандар да жоқ емес. Яғни, шамандықтың шырмауында қалғандар.

Екіншіден, хәкім Абайдың мына сөзіне жүгінеміз: «Дүниеде не нәрсенің себебіне көзі жетпесе, сол нәрсені құдай қылып тұр деп, дін тұтынатұғын әдеттердің сарқынын біз де кей жерде көргеніміз бар: келін түскенде үлкен үйдің отына май құйып, «От ана, май ана жарылқа!» дегізіп, бас ұрғызған секілді, «өлген аруаққа арнадық» деп шырақ жаққан секілді, жазғытұрым әуел бұлт күркірегенде, қатындар шөмішімен үйдің сыртын ұрып, «Сүт көп, көмір аз» деген секілді. Бұған ұқсас ырымдар көп еді. Құдайға шүкір, бұл күнде жоғалып бара жатқанға ұқсайды» (біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы еңбегінен үзінді).

Міне, бүгінгі таңда да халық арасында Ислам дінінің құндылықтары мен тозығы жеткен танымдары мен қырын еткен ырымдардың ара-жігін ажырата білмейтін ағаттықтар әлі де жетерлік.

Үшіншіден, тарихи уақиғалар, шайқастар, батырлардың ерлігі баяндалып жазылған шығарма авторларының ислами танымының төмендігінен. Екінші бір сөзбен айтқанда, шығармаларындағы кейіпкерлерінің діни танымын авторлар өз танымдарының деңгейінде көрсеткен.

Қорыта айтар болсақ, байырғы бабаларымыздың Жаратушы иесін іздеген ниеттері кіршіксіз болғандықтан хақ Исламды бірден қабылдады. Яғни олардың «Тәңір» деп іздегендері Исламдағы «Алла», ал «аруақ, рух» деген атаулар айна-қатесіз өз сөзімізге айналып кеткенін жоғарыда баяндадық.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, халқымыз аруақты сыйлаған, құрметтеген. Құран бағыштау, ас беру сынды игі амалдармен еске алып, қадір тұтқан. Алайда, аруаққа сыйынбаған, табынбаған, Алламен қатар қоймаған. Ата-баба дініміз – Ислам.

Тоқтар ҚЫЗЫРҒАЗЫ

 

 

Пікірлер Кіру