ATA-АНАНЫҢ АҚЫСЫ

06 сәуір 2023 5788 0
Оқу режимі

«Барлық күнәлардың жазасы Алла Тағаланың қалауымен қиямет күніне дейін кешіктірілуі мүмкін, алайда ата-анасына құрметсіздік танытқан адамның жазасын осы өмірде өлім келмей тұрып береді» (Хадис)

Ислам дінінде адам баласын сансыз сауапқа кенелтіп, бақытқа жетелейтін амалдар жетерлік. Соның бірі ата-ананы сыйлау, оларды аялап, қадірлеу. Адам баласы Алла Тағала жаратқан жаратылыстың ішіндегі ең ұлығы. Хақ Тағала адамды ата-ана дәнекерлігімен өрбіткен. Кез келген адам үшін Дүниеде ең қымбат жан оның ата-анасы. Бұл қымбатты жандарды Алла Тағала Құранда дәріптеп, оларға құрметпен, жауапкершілікпен қарау міндетін перзентке жүктеген. Жаратқан Алла ата-анаға лайықты дәрежеде құрмет пен жақсылық жасауды Өзінен кейінгі кезекке қойған. Бұл туралы Құран Кәрімде: «Раббың тек қана өзіне құлшылық жасауды, әке-шешеге жақсы қарауды бұйырды. Ал егер олардың бірі немесе екеуі қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «түһ» деп те айтпа. Сондай-ақ, оларға сыпайы сөйле және оларға зекіме. Оларға мейіріммен құшақ жайып, былай деп дұға жаса: «Уа, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солайша мейіріміңе бөлей гөр» («Исра» сүресі, 23-аят).

Бір күні Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына: «Сендерге күнәлардың ең үлкені қайсы екенін айтайын ба?» - дейді. Сахабалар: «Иә, бізге қайсылары екенін айтыңыз», - дейді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаға серік қосу, ата-анаға қарсы шығу, нақақтан нақақ адам өлтіру, өтірік aйтy», деп, Аллаға серік қосудан кейінгі үлкен күнә ата-анаға қарсы шығу екенін айтқан.

Ислам - адам баласына тура жол мен ақиқатты үйреткен хақ дін. Шариғаттағы кез келген тыйымдар мен үкімдерге қарасақ, тек пенденің жақсылыққа жету жолындағы игілігін көздейді. Сол игілікті істердің ең ұлығы - ата-анаға құрмет көрсету. Касиетті Құранда: «Аллаға құлшылық етіңдер. Оған еш нәрсені ортақ етіп қоспандар. Және әке-шешеге жақсылық жасандар», - деп айтқан («Ниса» сүресі, 36-аят). Келесі аятта: «Олар сенен Алла жолында не беретіндіктері жайында сұрайды. «Нендей қайыр сарып қылсаңдар, әке-шеше, жақындар, жетімдер, міскіндер және жолда қалғандар үшін. Қайырдан не істесеңдер, күдіксіз Алла оны біледі» де» («Бақара сүресі», 215-аят).

Тағы бір аятта: «Адам баласына, әке-шешесіне жақсылық істеуді нұсқадық. Өйткені шешесі оны зорға көтеріп, әрең босанады. Сондай-ақ оған жүкті болу, (сүттен) айыру отыз ай. Ақыр ол, ержетіп, қырық жасқа ұласқан кезде: «Раббым! Өзіме әке-шешеме берген нығметтеріңе шүкірлік етуімді, өзің разы болатын түзу амал істеуімді маған нәсіп ете көр! Менің ұрпақтарымды да түзе. Шын мәнінде, мен тәубе еттім. Әрине мен бойұсынушы пенделерденмін», — деген («Ахқаф» сүресі, 15-аят).

Міне, жоғарыда айтылғандай Алла Тағала Құран Кәрімде ата-анаға жақсылық жасауды әмір етеді. Әсіресе бойларынан қуат кетіп қартайған шақтарында, яғни перзентіне қалай мейірімділік жасаса, енді әке-шешесіне солай мейірімділік танытуды міндеттеді. Мұқтаждықтары көбейген кәрілік шақтарында ата-анаға «түһ» деп айтуға тыйым салды. Егер «түһ» деп кейіс білдіруден де төмен нәрсе болғанда, Алла Тағала міндетті түрде одан да тыйған болар еді. Ата-анасына қарсы келген перзент кандай амал істесе де, жәннатқа кірмейді. Сол үшін ата-анаға қарайласу, олармен жақсы мәміледе болу Исламдағы ұлы амал болып саналады.

Адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ата-анаға құрмет көрсетуді, олардың қызметінде болуды, олардың алғысын алу жайында былай деп өсиет еткен: «Үш дұға ешқандай күмәнсыз міндетті түрде қабыл болады: зұлымдыққа ұшырағанның дұғасы, жолаушының дұғасы, ата-ананың баласына жасаған дұғасы» (имам Ахмад). Ал мына хадисте ата-анаға құрметсіздік танытудың харам екенін ескертеді: «Алла Тағала сендерге аналарыңа құрметсіздікпен қарауды, қыздарыңды тірідей көмуді, құқықтарды өтемеу мен орынсыз істі орындауды талап етуді, өсекті, көп сұрақ сұарағанды, дүниені шашуды харам етті» (имам Мүслим).

Хазреті Али (Алла оған разы болсын): «Мұсылманның ең көркем мінезінің бірі – ата-анаға жақсы қарау», - деген.

 Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманында өмір сүрген тақуа, діндар, әулие кісінің бірі Уайс ибн Амир әл- Карани болатын. Халық арасында оның есімі Уайсал-Карани деп аталып кетті. Ол Йемендегі Мурад тайпасының Қаран атты руынан шыққан. Қарн деген ауылда дүниеге келген. Қай жылы дүниеге келгені жайында нақты дерек жоқ. Ол ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жүзін көре алмағандықтан сахаба деген ардақты атқа ие бола алмай, алайда сахабаларды көргендіктен табиғиндер буынына жатады. Уайсал Йеменге барған мұсылмандардың насихатын естіп, иман келтірген. Мұсылман болған соң Мадинаға барып ардақты Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көргісі келеді. Бірақ қартайған анасын асырап бағып отырғандықтан, жалғыз тастап кете алмайды.

Иман келтірген күннен бастап өмірінің соңына дейін Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қатты жақсы көріп өтеді. Оған деген махаббаты шексіз, Аллаға деген сенімі мықты болып, құлшылығын өз дәрежесінде атқарады. Сол секілді анасын да қатты жақсы көрді. Анасына соңғы уақытына дейін қызмет етеді. Ардақты Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көруге қатты ынтық болып, тіпті бір рет көруге құмар болғандықтан Мадинаға барып, Пайғамбарымызды көріп келу үшін анасынан бірнеше рет рұқсат сұрайды. Өкінішке орай, анасына қарайтын ешкім болмағандықтан анасы рұқсатын бере алмай, арманына жете алмады.

Солай уақыт жылжып жатады. Бірде анасынан шектеулі бір күндер аралығында Мадинаға барып қайтуға рұқсат алады. Пайғамбарымызды (оған Алланын салауаты мен сәлемі болсын) көруге деген ыстық ықыласпен алып ұшып Мадинаға жетеді. Уақыты шектеулі. Тез барып қайтуды жоспарлайды. Мадинаға сағынышпен жеткенде ардақты Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сол күні үйінде жолықтыра алмайды. Анасына сөз бергендіктен, Пайғамбарды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) күтуге уақыты болмағандықтан, сол күні Йеменге кері қайтуға мәжбүр болады. Сол кеткеннен қайта Мадинаға барып, Пайғамбарды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көру бақытына ие бола алмайды.

Уһуд соғысы кезінде ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тісінің сынғанын естіп, оған деген махаббатының күштілігінен бір тісін (екінші бір деректе барлық тісін) сындырып тастайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ол жайында естіп білгендіктен: «Уайс әл-Карни ихсан мен ізгілік жолында табиғиндердің жақсыларынан», деген. Тіпті Пайғамбарымыз қайтыс болмастан бұрын үстіндегі шапанын шешіп, хазреті Омар мен Алиге (Алла оларға разы болсын) табыстап, оны Уайсал әл-Қараниге беруін бұйырады. Олар Пайғамбар өсиетін орындап, шапанды Уайсалға береді. Аталмыш шапан бүгінгі ғасырымызға дейін жеткен.

Бірде Уайсал әл-Қарани қажылық парызын өтеу үшін Меккеге барады. Қажылық сапарын жалғастырып, ол жерден Мадинаға ат басын тірейді. Мадинаға барғанда оған: «Міне, Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кабірі», деген кезде талып құлап түседі. Есін жиған кезде: «Мені бұл жерден алып кетіндер. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қайтыс болып, жерленген жерде тұру мен үшін өмірдің мәнісі болмайды», - деген. Ұлы тұлғаның Пайғамбарды көру қаншалықты маңызды болса да, артық күте алмай кері қайтуы анасына деген махаббаты мен құрметі, берген сөзінде тұрып, ананың рұқсатын алуы не деген жанқиярлық десеңізші?!

Перзент ата-анасына жасаған қиянаты мен құрметсіздігінің жазасын осы дүниеде міндетті түрде тартатын болады. Хадисте: «Барлық күнәлардың жазасы Алла Тағаланың қалауымен қиямет күніне дейін кешіктірілуі мүмкін, алайда ата-анасына құрметсіздік танытқан адамның жазасын осы өмірде өлім келмей тұрып береді», - деген (Ибн Хиббан). Бабаларымыз хадисті негізге ала отырып: «Атаңа не істесең, алдыңнан сол келеді», - деген ұлағатты сөз қалдырған.

Ата-ананың разылығын алу Алланың разылығын алумен бірдей

Ата-анаға құрмет көрсету — перзенттің мойнындағы міндеті. Ол құрметтің шегі мен мерзімі жоқ. Ата-ананың разылығы Алланың разылығы, ал ашуы Алланың ашуына себеп болатынын мына хадис баян етеді: «Алланың разылығы ата-ананың разылығында, Алланың ашуы ата-ананың ашуында» (имам Тирмизи).

Ата-ана ақысы жайында ғалымдарымыздың ұлағатты өсиеттері жетерлік. Абдулла ибн Аббас (Алла оған разы болсын) былай деген: «Кімде-кімнің ата- анасы болып олармен таң атырып, кеш батырып жақсылығын жасаса, Алла Тағала ол адам үшін екі бірдей жәннатын нәсіп етеді».

Хасан әл-Басриден (Алла оны рақымына алсын) ата-анаға жақсылық жасay жайында сұрағанда: «Әкеге жақсылық етуің ұлы амалға жатады, ал анаға жақсылық етуің одан да жоғары», - деп жауап берген екен.

Әбу Ләйс әс-Самарқанди: «Құранда ата-анаға жақсылық жасауды өсиет ет- песе де сау ақыл ол екеуіне қызмет етудің уәжіп екенін түсінер еді», — деген.

Алла Мұса пайғамбарға (оған Алланың сәлемі болсын) былай деп ескерткен: «Ей, Мұса! Менің қасымда «жаман сөз» сондай ауыр, оның ауырлығы жер жүзінің топырағының салмағындай», - деді. Мұса (оған Алланың сәлемі болсын): «Уа, Раббым, ол қандай сөз?» — деп сұрағанда, Хақ Тағала: «Ата-ана перзентін шақырғанда бармай, ешқандай құлақ аспай, жоқ бармаймын, сенің айтқаныңды тындамаймын», деп қасарысып, олардың көңілін қалдыратындай, жаман сөз айтуы», - деп жауап берген.

Ата-анаға құрмет жәннатқа жетелейтін амал

Ата-анаға құрмет пайғамбарлар өсиет еткен, жұмаққа жетелейтін ұлы амал. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Кімде-кім күнін Алла ризалығы үшін ата-анасына бойұсынған күйде бастаса, оған екі бірдей жәннаттың есігі ашық болады, егер біреуі тірі болса, бір есігі ашық болады. Егер кімде-кім ата-анасына бойұсынған күйде кешті батыратын болса, ол үшін екі бірдей тозақтың есігі ашық болады, егер біреуі тірі болса, бір есігі ашық болады». Сол кезде бір адам орнынан тұрып: «Ол екеуі оған зұлымдық жасаса да ма?» - деді. Пайғамбарымыз (оған Алланын салауаты мен сәлемі болсын): «Иә, зұлымдық жасаса да», - деп үш мәрте қайталады (имам Хакім).

Бірде Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) Алладан бұл дүниедегі жәннаттағы серігін көрсетуін сұрайды. Сол кезде Жебірейіл келіп: «Сенің жәннатағы серігің пәленше жерде тұратын пәленше деген қасапшы»,-деп жауап береді. Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) қасапшыны іздеп дүкеніне барған кезде ет сатумен айналысып жатқан жас жігіт екенін көреді. Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) жігіттің істерін жақыннан бақылап көріп еді, ешбір ерекшелікті байқамады. Түн болған кезде қасапшы аздап ет алып үйіне қайтты. Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) да оған ілесіп барып, құдайы конақ етуін өтініп, өзін таныстырмайды.

Әлгі қасапшы кең пейілмен қарсы алып, үйіне кіргізіп қонақ етеді. Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) әлгі жігіттің нендей артықшылығы барын бақылап отырады. Жігіт тамақ дайындап, төбеде ілулі тұрған себетті түсіріп, бір қарт әжені алып шығады. Жуындырып, киімін ауыстырып қолымен тамақ беріп болғаннан кейін бұрынғы жайына жайғастырады. Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) әлгі қарияның түсініксіз тілде бір нәрсе айтқанын естиді. Анасын тамақтандырғаннан кейін қонағын күтіп, тағам әкеліп, бірге тамақ іше бастайды. Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар ол қария жайында сұрағанда қасапшы жігіт: «Бұл Менін анам, мен оның қызметін жасаймын», - деп жауап береді. Содан кейін Мұса (оған Алланың сәлемі болсын): «Жаңа анаң аузын жыбырлатып не деп айтты», - дегенде жігіт: «Әр кез мен оған қызмет жасаған кезімде ол: «Алла сені кешірсін және сені қиямет күні Мұсаның серігі етсін дейді», - деп жауап береді. Сол кезде Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын): «Ей, жігіт мен сені сүйіншілеймін! Алла сенің анаңның дұғасын қабыл етті. Сені байқап едім, ананды ұлықтап, құрмет жасап, жақсылық істегеніңнен басқа амал көрмедім, сенің бұл деңгейің ата-анаңа деген құрметің және жақсылығың», — деп өзін Мұса пайғамбармын деп таныстырады.

Бірде Хазрет Абдулла ибн Омар (Алла оған разы болсын) анасын мойнына салып, Кағбаны тayaп eтiп жүрген бір кісіні көреді. Сонда әлгі кісі: «Уа, Омардың ұлы! Не айтасың? Мен осы қызметіммен анамның алдындағы борышымды өтедім бе?» - деп сұрайды. Сонда Абдулла ибн Омар (Алла оған разы болсын): «Жоқ. Сені босанардағы толғағының біреуін де өтемедің. Алайда үлкен ізгілік жасадың. Алла қаласа, аз ісіңе көп сауап жазылады», - деп жауап берген екен.

Бабаларымыз да ұрпағына тәрбие бергенде әрдайым ата-анаға құрмет көрсетуді өсиеттеп отырды. Даналар айтқан сол сөздер санамызға сіңген ұлағатты өсиет болмақ: «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің, ағайынның қадірін жалалы болғанда білерсің», «Ата-ананың қарызы, ұрпақтың өмірлік парызы», «Алты аға бірігіп әке болмас, жеті жеңге бірігіп ана болмас».

Жарық дүниеге келуімізге себеп болған ата-анамыз үшін әрдайым игі дұғада болу –  перзенттік борышымыз. Мына бір дұғамен ата-анамызға дұға етіп сөзімізді аяқтайық: «Екеуіне кеңпейілдікпен мейірім құшағыңды жай да: «О, Раббым! Бұл екеуін мені кішкентайымнан мәпелегеніндей, Сен де оларды мейіріміңе бөлей гөр!» деп айт» («Исра» сүресі, 24-аят).

«Ихсан» кітабынан

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру