АТ ҚОЮ ДӘСТҮРІМІЗ АСЫЛ ЕДІ…

15 наурыз 2024 2209 0
Оқу режимі

Осы күні нәрестенің азан шақырып атын қоярда көп жағдайда трендке қарайтын болды. Сол тұстағы қандай есімдер сәнде болса, жапатармағай солай атайды. Бұрын әулеттің жасы үлкендеріне қарайтын. Олар сәби дүниеге келмес бұрын ғайыптан аян алып, тоғыз ай сол перзенттің келуін күтетін. Одан қалды отбасындағы аталмай кеткен, ұмытылып бара жатқан өз бабаларының есімін еске алып, дүние есігін ашқан сәбиді солай атайтын. Балаға ауыр болмасын деп «бек», «жан», тағы басқа жұрнақ қосатын.

Ұлтымыздың арда туған тұлғаларының есімімен де атау әбес емес-ті. Ал қазіргі ата-аналардың талғамын түсінбедік. Балаларын «Билл-Клинтон», «Айтуған Астана Элизабет», «Ақмоншак Монтсеррат», «Аллаh-Берді», «Ясир-­Арафат», «Ұлбақыткелсін», «Тәтті-Ару» деп атауды айып көрмейді екен. «Тараз», «Сауран», «Сайран», «Орал», «Түркістан», «Отырар», «Сығанақ» есімдері де құлаққа оғаш естіледі. Мүмкін бұрын да кездесетін Сайран мен Орал сияқты, Түркістан мен Отырарға да құлағымыз үйренер. Тек бала өсе келе намыс­танбаса болды да. «Мәдениет», «Өнер», «Білім», «Достық», «Өркениет», «Тарих», «Шабыт» есімді балақандардың өсіп келе жатқанын көріп, осы атты таңдағандардың кісі есімін қоюдағы мәдениетінің аса жоғары емес екендей.

Мұны қойшы, қазір туған баланы адамзаттың асыл тәжінің және оның әулеті мен сахабаларының есімі көш бастап тұр. Бұл ретте мына оқиғаны еске салайық. Шын аты Кассиус Марселлус Клейдің «Мұхаммед Әли» атауы атақты боксшының ­ислам дінін қабылдауымен таңдалған дейді. Боксшы Лос-Анджелестегі «Жұлдыздар аллеясына» ­Мұхаммед Әли аты жазылған тастақтаны жерге төсеуге қарсы болып, оны жақтауына жапсырған екен. Барша мұсылман қадір тұтатын есімнің кісі аяғында тапталып жатпауын ойлаған есіл ер дейсің.

Мұндай дәстүр өз қазағымызда да бар. Өкінішке қарай, қасиетті есімнің де киесі кетіп барады. Бұрын баламызға ауырлық болмасын деп, алайда ислам құндылығынан да алыс кетпей, қазақша мәнермен Мұхамбет, Мұхамедияр, Махамбет, Мәмбет, Бекмұхаммед, Нұрмұхаммед, Оразмұхаммед, Қажымұхаммед, тағысын тағы есімдермен атап, жүрегінде Мұхаммед пайғамбарымызды (с.ғ.с.) еске алатын, осылайша ұлы тұлғаға сүйіспеншілігін білдіретін. Тіпті пайғамбарларымыздың аты қойылған күнде де оны қысқартып, Ибраһимді Абай, Ібіш деп тілге жеңілдететін. Мұхаммед Мұхан болатын. Тіпті атақты ақын Шортанбайдың шын аты «Әли Мұхаммед» болғанда да таңғалдық. Расында, пенде болған соң адам баласына қаратылып әртүрлі сөз айтылады. Біресе ашумен, біресе еркелетіп дегендей. Сондайда ұлық есімнің қадірін кетірмейік деген пиғылдан туындаса керек.

Қасиетті әулетке халықтың құрметі ерекше. Айман – қыздың есімі. Қазақтың аты-ақ. Оның Пайғамбардың тәрбиешісі болған Умм Айман деген аттасы болғанын көбі біле бермейді. Ұрқия да қазақтың әдемі есімі Пайғамбарымыздың қыз­дарының бірі Рукиямен үндес келетінін ескермейміз. Әсия, Әмина, Патыма, Үммігүлсім, Айша иісі мұсылмандарға осы әулет арқылы танымал болды. Енді осы есімдердің айтылуы мен жазылуын өзгертіп, шұбарландырып жіберді.

Қазақтың тағы бір дәстүрін айта кетейін. Егер таныс адамның есімімен өзінің баласын атағысы келсе, ат сұрайтын жолы бар. Ондағысы сол адамға ұқсасын деп ырымдаса керек. Рұқсатсыз алмаймын деген ибасы да. Мұның көбі ұмытылып жатыр. Халқымыздың ат қою дәстүрі, жолы, ұстанымдарын ұмытпай, соның жолымен есімін қойса, атына лайық азамат болып, адам атауын жоғары алып жүрмес пе еді… Өкінішке қарай, киесі кетіп бара жатқан қасиетіміздің бірі осы нәрестеге ат қою деп айта аламыз.

 

 Айгүл УАЙСОВА

 

Пікірлер Кіру