Ашура күні не істеу керек?

14 қыркүйек 2018 58659 0
Оқу режимі

Хижра жыл санауы бойынша Мұхаррам айы есігімізден еніп, мұсылманшылықтың 1440-жылына аяқ басып отырмыз. Бұл ай мұсылмандардың Меккеден Мәдина шаһарына қоныс аударғанымен тарихта қалды. Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде: «...Рамазан айынан кейін ораза тұтқың келсе, Мұхаррам айын оразамен өткіз. Шынында, бұл ай – Алланың айы. Бұл айда бір күн бар. Осы күні Алла Тағала кей қауымның тәубесін қабыл етіп қойған болса, кейбір қауымның таубесін осы айда қабыл етеді», – деген екен. Осы ретте Ашура күнінің тарихы жайлы белгілі исламтанушы Абдусамат Қасым мырзамен сұхбаттасқан едік.

Алғашқы сұрағымызды Ашура күніне тарихынан бастасақ

– «Ашура» сөзі араб тілінде «ъашара» он санынан шыққан. Бұл күн мұхаррам айының оныншы күніне сай келгендіктен «Ашура», яғни, оныншы күн деген атау берілген. Ашура күнін қасиет тұту сонау жәһили (надандық) дәуірінен бастау алады.

Ислам келмей тұрғанда да арабтар осы күні ораза ұстайтын, осы күні Кағбаның жабуын ауыстыратын болған. Бұған Айша анамыздың (р.а.) мына сөзі дәлел: «Исламнан бұрын Құрайыш арабтары Ашура күні ораза ұстайтын. Пайғамбарымыз да сол кездері ораза ұстайтын еді. Ол (с.ғ.с.) Мәдина қаласына қоныс аударғанда өзгелерге де осы күні ораза ұстауды әмір етті. Кейінірек Рамазан оразасы парыз етілгеннен кейін, Ашура күні ораза ұстамайтын болды. Бұдан соң осы күні қалағаны ораза ұстады, қаламағаны ұстамады». 

Айша анамыз (р.а.) тағы бір сөзінде былай дейді: «Рамазан парыз болмай тұрып, олар Ашура күні ораза ұстайтын әрі осы күні Қағбаның жабуын ауыстыратын».

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдина қаласына хижрет еткеннен кейін, қаланың байырғы тұрғындары болып табылатын Яхуди дінін ұстанатындардың да Ашура күні ораза ұстайтынын көреді. Мұның себебін сұрағанда: «Бұл күні Мұса пайғамбар және Исраил қауымы Перғауынның құлдығынан құтылып, Перғауын және оның ізбасарлары суға тұншықты. Осылайша перғауынның құлдығынан құтқарған Аллаға шүкір етіп, Мұса пайғамбар ораза ұстаған», – деген жауап алады. Сонда Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Біз Мұса пайғамбарға сендерден де жақынырақпыз», – деп, сол күні ораза ұстауды мұсылмандарға кеңес етеді.

Бұл күнді Яһудилер «мейрам» ретінде көргенімен, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ол күні тек ораза ұстауды бұйырды. Сондықтан мұсылмандар ашураны мейрам ретінде санамайды, керісінше ауыз бекіткенді жөн көреді. Сахих Бұхари мен Сахих Муслимде келген хадисте Әбу Муса Ашғари былай дейді: «Ашураны Яһудилер қасиет тұтып, бұл күнді мейрам санайтын. Пайғамбарымыз болса бізге: «Сендер ауыздарыңды бекітіңдер!» деді».

– Ендеше, сол Ашура күнінің қадір-қасиетіне тоқталып өтсеңіз?

– Әзіреті Алиден (р.а.) келген бір хадисте, бір кісі Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Уа Расулалла! Рамазан айынан кейін, қай айда ораза ұстауыма кеңес етесіз», – деп сұрағанда, Ол (с.ғ.с.): «Рамазан айынан кейін ораза тұтқың келсе, Мұхаррам айында ораза ұста! Шынында, бұл ай – Алланың айы. Бұл айда бір күн бар, сол күні Алла Тағала кей қауымның тәубесін қабыл еткен. Қалғандардың да тәубесін қабыл етеді»,– деді. Сахаба Акрама (р.а.) мен Әзірет Алидің (р.а.) айтуларына қарағанда, Адам атамыздың да, Юнус пайғамбардың да тәубесі қабыл етілген, кешірім етілген күн – осы Ашура күні.

Ендеше, осы күні «тәубе» намазын оқып, өткен-кеткен, пендешілікпен біліп істеген, білмей істеген күнәларымыз үшін арнайы кешірім тілегеніміз жөн болады. Әрине, бұл дегеніміз басқа күндері кешірім тілемеу керек, тәубе жасалынбайды деген сөз емес. Дегенмен, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтып кеткендей, осы күнде, күнәнің кешірілу ерекшелігі бар. Сол себептен істеген күнәсіне іштей өкініп, енді қайталамауға бекініп, тәубе етсе тәубесі қабыл болады. 

Сондай-ақ, жоғарыда хадисте айтылып өткендей, Осы күні Мұса пайғамбар (ғ.с.) мен оған ерген Исраил қауымын перғауынның зұлымдығынан құтқарған күні. Міне, осынысымен де бұл күн ерекше.

– Ал, енді Ашура күнінде қандай амалдар жасаған дұрыс?

– Ашура күні ең бастысы ораза ұстаған дұрыс болады. Бұл күні ораза ұстаудың сауабы мол. Муслимнен жеткен сахих хадисте Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) Ашура күнгі ораза жайында сұрағанда, Ол (с.ғ.с.): «Өткен жылдағы жасаған (кіші) күнәлары кешіріледі», – деп жауап берген. 

Сондай-ақ, Сахаба Абдулла ибн Аббастан (р.а.) осы күні ұсталатын ораза жайында сұрағанда: «Пайғамбарымыз осы күнгі нәпіл оразаның қадірін өзге күндердегі нәпіл оразалардан артық санайтын...», – деп жауап берген.

Ашура күні ораза ұстау – сүннет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осы күні ораза ұстайтын. Тіпті, Рамазан оразасы парыз болмай тұрғанда, Ашура күні ораза ұстау уәжіп болған деседі ғалымдарымыз. Рамазан оразасы парыз етілгеннен кейін Ашура күнгі ораза сүннет боп қалады. Яғни, сауап үшін істелетін амал. Бұхариде келген бір хадисте сахаба Муғауияның (р.а.) риуаят етуі бойынша, Пайғамбарымыздың былай дегенін естіген (с.ғ.с.): «Бұл күн – Ашура күні. Ол күні Ораза ұстауды Алла Тағала сендерге парыз етпеді. Бірақ менің аузым берік. Ораза ұстағысы келген ұстасын, ұстағысы келмеген ұстамасын». Сахабалар да осы күні ораза ұстаған. Олар тек өздері ауыз бекітіп қоймай, жас балаларын да осынау сауапты іске баулитын. Сонымен қатар, осы күні садақа беріп намаз оқығанда сауапты іс болады. Сахаба Әбу Муса Ашғариден (р.а.) келген бір риуаятта: «Бұл күні Алла Тағала бір қауымның күнәсін кешкен күн. Ендеше, сендерде осы күні ораза ұстап, нәпіл намаз оқыңдар», – делінген. Және де Амр ибн Ас (р.а.) бір сөзінде: «Ашура күні ораза ұстаған бір жыл бойы ораза ұстағанмен тең, осы күні садақа берген кісі бір жыл садақа бергенмен тең болады», – дегендігі риуаят етіледі. Алайда, «осы күні ораза ұстасам бір жылға жеткілікті, садақа берсе бір жыл бойы садақа бермесем болады» деген ой қалыптаспау керек. Мұндағы мақсат, осы күні ұсталған ораза, оқылған намаз, берілген садақаның сауабының үлкендігін білдіру мақсатында салыстырмалы түрде айтылған.

– Ашура оразасына қосып қанша күн ораза ұсталады?

– Мүмкіндік болып жатса, Ашура күнімен қосып бір күн алдын және бір күн кейін ораза ұстау – ұнамды (мұстахаб) іс. Мұхаррам айының тоғызы, оны және он бірі күндерін оразамен өткізу сауапты (бұл күндер биыл 2018 жылы қыркүйек айының 19, 20 және 21 күніне сай келеді. Ашура күні 20-қыркүйекке сай келеді). Өйткені, Имам Ахмет риуаят еткен бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ашура күні ораза ұстаңдар. Яхудилерге ұқсамау үшін алдында бір күн және кейін тағы бір күн тұтыңдар», – деген. Муслим келтірген сахих хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Егер келесі Ашура күніне дейін аман болсам, Ашура күнінен өзге оның алдында бір күн, яғни, Мұхаррамның тоғызыншы күні де ораза ұстаймын», – деу арқылы Ашура күніне, тым болмағанда бір күн қосып ораза ұстаудың ұнамды іс екенін айтып кеткен. Сондықтан мүмкіндігі бар кісілер Тек Ашура күні ғана емес, бір күн алдын не бір күн кейін қосып ораза ұстағандары дұрыс болады.

– Сұрақтарымызға жауап бергеніңізге рахмет! Отбасыңызға амандық, деніңізге саулық, жұмысыңызға береке тілейміз!

ЕСКЕРТУ: Ашура күні биылғы жылы (2018 ж.) қыркүйек айының 20-на сәйкес келеді.

Сұхбаттасқан
Ерболат Айтбайұлы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру