АҚЫЛ ЖӘНЕ ДІН

20 қыркүйек 2023 2588 0
Оқу режимі

Шәкәрім: «Шын ақылмен таппаған дін, Шын дін емес жындылық» дейді. Қазіргі кезде неге кейбір дін ұстанушылар ақылдан жырақ кетті. Бұл догмалық дін исламның абыройына үлкен нұқсан келтіруде. Себебі неде? Кейбірі Құранды оқу сауап, бірақ ғылым қуу дұрыс емес деп санайды. Ал шын мәнісінде ғылым да ғалам да құдайдың құдіреті емес пе?! Орта ғасырлардағы құдайды іздеу жайлы шығармаларды қарасақ, құдайды іздеудің өзі тек діни мәтіндермен емес саналы хикаялармен берілгендігі бізге ой салуы тиіс. Мысалы, Мұсылмандарда аллегориялық хикая дәстүрі Ибн Сина шығармаларынан бастау алады. Оған да Хунайн бин Ысқақтың (9 ғасыр) грек тілінен аударған Саламан бин Абсал шығармасы әсер етсе керек. Кейіннен Ибн Туфайл, Сухрауарди, Ибнул-Нафс, Молла Жами сынды тұлғалар бұл саланы дамытқаны белгілі. Хай бин Яқзан шығармасы Ибн Синада бар. Алайда Ибн Туфайлдың Хай бин Яқзан шығармасының онымен байланысы жоқ. Бір ғана байланысы екеуінің де аллегориялық сипатқа ие болуы ғана.

Зерттеушілер Ибн Туфайлдың (12-ғасыр) бұл шығармасына көптеген сипаттамалар жазып, түсіндіруге тырысқан. Батыс ғалымдары да өз бағыттарынша танымдауға басымдық берген. Негізінен қорытындылап айтқанда Ибн Туфайлдың Хай бин Яқзан романында үш мәселеге жауап берген десек болады:

1. Адам баласы ешқандай білім алмай-ақ, табиғатты зерделеу арқылы «кәміл адам» деңгейіне жете алады. Басқаша айтқанда адами нәпсі актив ақылмен бірлесе алады.

2. Бақылау, тәжірибе және ойлау арқылы қол жеткізген мәліметтер, уахи арқылы келген мәліметтермен қайшылыққа түспейді, яғни пәлсапа мен дін арасында сәйкестік бар.

3. Нақты білімге қол жеткізуге барлық адамдардың қол жете бермейді. Ақиқатқа жекелеген адамдарға ғана жете алады.

Демек, Ибн Туфайл аралда жалғыз өскен Хай бин Яқзанның басынан кешкендер арқылы адам баласын ой жүгіртуге, Жаратушыны тануға шақырады. Тіпті хикая барысында қолданылған тәсілдер мен тарихтар Құраннан алынған деуге болады. Мәселен, Хай бин Яқзанның аралға тап болуы Мусаның сандыққа салынып суға тасталуы қиссасымен қабысса, жаратушы туралы алған мәліметіне көңілі толмай ары қарай зерделеуі Ыбырайым пайғамбардың айға, күнге жаратушым шығар деп зерделеп, кейін «Батып кететін нәрселер сүйікті (Жаратқан) бола алмайды» деген тәмсіліне сай өрбиді. Ең басты мақсаты мұндай шығармалар адам баласын ойлануға, жаратылыс хикметін түсінуге итермелейді. Ал хикметін ұғына отырып жаратқанды тану, басқа танулардан салмақты болмақ! Хикметсіз наным да, түсінік те, ғылым да адам баласын ұшпаққа шығармайды!

 

Пікірлер Кіру