АҚАУСЫЗ АҚИДА, СЕЛКЕУСІЗ СЕНІМ

16 қаңтар 2024 1822 0
Оқу режимі

Атамыз Адам ғ.с-нан бастап елшілердің кенжесі[1], адамзаттың ардақтысы, әлемдерге рахмет[2], әз елші Мұхаммед Мұстафа с.ғ.с -ғе дейін, келіп кеткен түгел елшілердің айтып шақырған сенім негіздері айна-қатесіз, еш өзгеріссіз біп-бірдей болып табылады. Бәрі де Аллаһты танытып, жақсыларды ескерту, жамандарды қорқытумен қатар[3], әмірлерін қалтқысыз жеткізіп үмбеттерінің екі дүние бақытына бөленулерін қалап, аңсап сол жолда бар ғұмырларын сарп етті. Аллаһтың сәлемі мен игілігі Ол кісілерге болсын!

Ал, сол елшілердің үмбеттерінің бұралаңға салып бұра тартқан, пенделік тезімен тура тартқан, аз ақылымен іргелі негіздерді өзгеріске ұшыратқан, Сәмәуи кітаптардың түпнұсқадан әбден ауытқып кеткен, Жаратушы Халиқті жаратылған махлуққа ұқсатып жебірейлер Ғұзәйр Аллаһтың ұлы десе, христиандар Иса  Аллаһтың баласы[ 4] деді. Ал мүшриктер болса періштелер Аллаһтың қыздары [5] деді.

Жебірейлер Аллаһты сараң болды [6] деп сөксе, христиандар өте алыс бір Құдай сеніміне жол тартты.

Жаратушы иеміз жер бетіндегісі мен астындағысын алты күнде жаратып, «жетінші күні» көкке истәуә етті [7] дегенді жебірейлер алты күн жұмыс жасап, жетінші күні шаршап демалды деп айды аспаннан бірақ шығарды.

Ибрани тілдегі истәуә сөзін олар солай түсінген, сол бойынша Жаратушыны жаратылысқа ұқсатып адаса бастаған.

Жебірейлер өздеріне келген елшілерді өлтірген [8].

Жебірейлер мен христиандар «Біз Аллаһтың ұлдары жәңе ең сүйіктілеріміз» [9] депте бөсті.

Жебірейлер, хритсиандардың ешбір сүйенер негізі жоқ десе, христиандарда жебірейлердің де сүйенер негізі жоқ  [10] деп салғыласты.

Христиандар, жебірейлер Исаны өлтірмек болды десе, жебірейлер біз өлтірдік деп бөсіп дау-дамай бөліну одан әрі өршіді [11].

Жебірейлер Исаны дарға астық десті.

Жебірейлер хахандарын6 христиандар поптарын тәңір тұта бастады[12].

Христиандар Иса дарға асылғаннан соң қайта тіріліп кетті деген сенім ұстанды.

Бұл айтып отырған қауымдар Аллаһтан өздеріне елші, нәби келгендер болатын. Яғни кітап түсірілген қауымдардың сиқы.

Бұл жерде біз елші, нәби кітап түспеген қауымдарды тілге тиек етпедік.

Сенім осыншалықты шайқалып кеткенде шариғат пен адамгершіліктің қай деңгейге барғаны айтпай-ақ белгілі ғой.

Қылдай-қысқасы ақида шеңберінен шығып адасу етек алып, кең тараған сәтте соңғы елші, пайғамбарлардың мөрі Мұхаммәдул-әминнің рисәләті басталды. Яғни нәби һәм елші болып елшілік міндеті 40 жасында Хира үңгірінде Жәбірейл ғс арқылы жүктелді.

Меккеде 13 жыл, Мединада 10 жыл Ислам негіздерін толық қалап 63 жасында Хаққа қауышты.

Қоштасу қажылығнда соңғы «құтпасын» оқып, сол жердегі саңлақ сахабалардың куәлік сөздерін естіп «Куә бол, Раббым!» - деп Әлемдердің Раббысына жалбарды.

Артына әділ халифаларын тастады. Оларға Аллаһ разы болсын, Исламды қызғыштай қорғап кейінгілерге жеткізді. Тәбиғун мен әтбә-тәбиғиндер дін негіздерін Құран мен Сүннет және сахабалардың көзқарасына негіздей отырып жүйеге салды. Оны біз «мәзһаб» деп атаймыз. Демек «мәзһаб» дегеніміз бәзбіреулердің көкіп жүргеніндей бидғат емес, керісінше Құран, сүннеттің қаймағы болып саналады.

Кімде-кім «Мәзһаб» ұстанбаймын десе немесе өзім Құран аяттары және сахих хадистермен құлшылығымды жүзеге асыра беремін десе, оңбай адасқаны. Нағыз бүлікшінің өзі болады.

Ақаусыз ақида, селкеусіз сенім дегеніміз – іс-әрекетте 4 мәзһабтың бірін ұстанумен болады. Ал сенім мәселесінде Матуруди мен Әшғаридің негіздерінің бірінде болуы қажет.

Құран мен Сүннет және сахабалардың сара жолының толық жиынтығы – ол даусыз 4 мәзһаб болып табылады. Сондықтан төрт мәзһабтың біреуін ұстанған жан нағыз Құран мен Сүннетке сай амал етуші болып саналады. Ал мен сүннетпен амал етушімін деп құр кеуде соққандар, сүннеттің біреуіне амал еткенімен екіншісін қалдырып қана қоймай, елеусіз ескерусіз қалдырып қояды. Осы олқылыққа ұрынбау үшін мәзһабтың біреуін мұсылман баласы ұстанғаны жөн.

Раббым, елшілерге сансыз салауат, сахаларға өз разылығыңды һәм мәзһаб имамдарына рақымыңды, барша мұсылманға мейіріміңді төге гөр!

 

СІЛТЕМЕЛЕР:

[1] Ахзаб сүресі 40 – аят.

[2] Әнбия сүресі 105 – аят.

[3] Мәйдә сүресі 19 – аят. Т.б көптеген аятта келеді.

[4] Тәубе сүресі 30 – аят.

[5] Ниса сүресі

[6] Мәйдә сүресі 64 – аят.

[7] Мәйдә сүресі 38 – аят.

[8] Бақара сүресі 61 – аят тб.лар

[9] Мәйдә сүресі 18 – аят.

[10] Бақара сүресі 113 – аят.

[11] Ниса сүресі 157 – аят.

[12] Тәубе сүресі 31 – аят.

 

Берікбай ГЕРМАНҰЛЫ

Пікірлер Кіру