АМАЛДЫҢ ЕҢ ҚАЙЫРЛЫСЫ ҰДАЙЫ ЖАСАЛҒАНЫ

10 қараша 2023 3006 0
Оқу режимі

Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Ақылды адам, нәпсін есепке тартқан және өлімнен кейінгі (өмір) үшін тырысқан кісі». («Сүнән Термизи»)

Айша анамыз (р.анһа) айтады:

«Пайғамбарымыз (с.а.у.) кейбір айларда көп ораза тұтатын. Тіпті біз оны (с.а.у.) осы айда үзбей ораза тұтты деп ойлайтынбыз. Кей айларда аз ораза тұтатын. Ол кезде біз осы айда еш ораза тұтпады деп ойлайтынбыз. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Рамазан айынан басқа айларда оразаны отыз күнге толтырғанын көрмедім». 

Бір хадис шәріпте былай дейді: «Бұл (Шағбан айы), Режеп пен Рамазан айының арасындағы ай. Адамдар мұны ұмытып жатады. Алайда бұл айдағы амалдар әлемдердің Раббына жеткізіледі. Ал мен амалымның оразалы күйде баруын қалаймын».

Пайғамбарымыз (с.а.у.): «(Нәпіл) ғибадаттардан шамаларың келетінін таңдаңдар. Сендер құлшылықтан жалықпағанша Алла Тағала да сендерге сауап беруді үзбейді» деген.

Хадис шәріпте «Шамаларың келетін амалды таңдаңдар» делінген. Яғни нәпілдерден өздеріңе жеңіл болғанын, нәпсілерің жалықпай, шынайы жасайтын амалды таңдаңдар. Өйткені жалығу, зерігу құлшылықтың сауабын азайтады.

Сендер амал жасауды тоқтатпасаңдар Алла Тағала да сендерге сауап беруді, сыяпатын еселеп жазуды тоқтатпайды. Сендер азғантай болса да ұдайы ізгі амал жасасаңдар үздіксіз сауап жазады. Бірақ жалығып, зерігіп амалды кем жасасасаңдар сауаптарың да кеми бастайды. Аз болса да ұдайы жасалған амал көп болып, жалғасын таппаған амалдан абзал. Әрі амалды үзбей жасау Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннетіне ұю болып табылады. 

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көзінде ең сүйікті намаз аз болса да ұдайы, әдетке айналдырылған намаз еді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) қандайда бір (нәпіл) намаз оқуға бастағанда оны әдетке айналдыратын.

 

Пікірлер Кіру