Амал иманның бір бөлігі ме?

17 сәуір 2021 6473 0
Оқу режимі

«Амал иманның бір бөлігі ме?» деген сұраққа иманның анықтамасын айту арқылы жауап беруге болады.  Иманның анықтамасына қатысты Ислам дінінің сенім негіздеріне қатысты қалыптасқан мектептер мен ағымдар әртүрлі пікір білдірген.

Мысалы, Муржия мен Кәррамия секілді ағымдар «Иман дегеніміз – сенім негіздерін тілмен айту» деген анықтама айтқан, яғни жүрекпен растауды шарт қылмастан, тек тілмен айтуды иман үшін жеткілікті деп есептеген. Ал, кейбір ағымдар тілмен айтудың да қажеті жоқ, тек білу жеткілікті дейді.

Әһлу сүннет мектебінің негізгі өкілдері – Матуридилер мен Әшғарилар иман үшін жүрекпен растауды жеткілікті санаған. Әбу Ханифа (р.х.) болса, бұған тілмен айтуды қосқан. Себебі, адамның мұсылман екенін білу үшін жүрегімен сеніп, растаған нәрселерін тілімен айтуы қажет деп санайды.

Ал, Харижилер мен Муғтзаила иманды – жүрекпен растау, тілмен айту және Исламның негізгі амалдарын орындау деп таниды, яғни амалды иманның бір бөлігі деп санап, амал жоқ болса, иман да жоғалатындығын айтқан. Дегенмен, Харижилер парызды тәрк етіп немесе харам нәрсені істеу арқылы үлкен күнә жасаған адам дереу иманнан шығып кететіндігін айтса, Муғтазиланың пікірінше үлкен күнә істеген, яғни Құран аяттары немесе мутәуәтир хадистер арқылы бекітілген діннің әмірлерін орындамаған және тыйым салған нәрселерін істеген адам иманнан шығады. Алайда, күпірге де кіріп кетпейді. Екеуінің ортасында тұрады. Оған «фасық» деп айтылады. Тәубе етпестен өліп кететін болса, тозаққа кіріп, онда мәңгілікке қалады[1]

Имам Мәлик, Шафиғи, Ахмед ибн Ханбал сынды ғалымдар кәміл иманның анықтамасын: «Тілмен мойындау, жүрекпен растау және денесімен амал ету», – деп берген. Алайда, бұл кісілердің пікірі бойынша, амал етпеген адам кәпір болмайды. Өйткені, амал – иманның негізгі бөлшегі емес. Оны қуаттап, толықтыратын нәрсе.

Қорыта айтқанда, Әһлу сүннет ғалымдары амалды иманның бір бөлшегі деп есептемейді, амалды тәрк еткен адам иманнан шықпайтындығын, үлкен күнә жасау күпірлік боп саналмайтынын айтады. Дегенмен, денемен жасалған амал жүректегі иманның белгісі болып табылатындығын, жүректе сенім бар екенін көрсететін нәрсе екенін де ескертеді[2].

Имам Әбу Ханифа «Әл-Уасия» атты кітабында иман мен амалдың ара жігін айырып, екеуінің екі бөлек нәрсе екендігін түсіндіреді. Иман адамның мойнынан ешқашан түспейтіндігін, ал, амалдардың кей кезде түсетіндігін айтады. Мысал ретінде, кедей адамға зекет парыз емес екендігін, алайда, иман оған әрдайым парыз екендігін, әдеті келген әйел кісінің мойнынан ораза-намаз түскенімен, иман ешқашан түспейтіндігін айтады. Сондай-ақ, ораза секілді ғибадаттардың қазасы өтелгенімен, иманның қазасын өтеу деген нәрсенің жоқ екендігін шегелейді. Осындай дәлелдерді келтіре отырып, амал иманның бір бөлшегі емес, өз алдына бөлек ұғым екенін жеткізеді.

         Иман мен амалдың бөлек нәрселер екенін Құран аяттары да қуаттайды. Құран Кәрімде көптеген аяттарда[3] иман еткендер мен ізгі амал істегендердің «және» деген шылау арқылы бөлініп келуі де – иман мен амалдың бір-бірінен бөлек нәрселер екенін білдіреді.

         Иман келтірген кісілер үшін иманы аз немесе көп деген сөз қолданылмайды. Ал, амалдар үшін аз-көп деген сипат қолданылады. Мысалы, Алла Тағала Құранда «Ол күні амалдардың таразыға тартылары анық. Кімнің сауабы ауыр басса, сол құтылады», - деген (Ағраф сүресі, 8 аят).

         Алла Тағала Хужурат сүресінің 9-аятында «Егер, мүміндерден екі топ бір-бірімен соғысса, дереу араларын жарастырыңдар», - дейді. Мұсылмандардың бір-біріне қару көтеруі харам іс екені белгілін. Егер, амал иманның бөлшегі болса, мұндай үлкен күнә істеген адамдар «мүміндер» деп аталмас еді.

         Құранда «Уа, иман келтіргендер! Сендерге ораза парыз қылынды», - делінсе (Бақара сүресі, 183 аят), басқа бір аятта «Намаз – мүміндерге белгілі бір уақыттарда парыз етілді», - деп келеді (Ниса сүресі, 103 аят). Бұл иман – амалдың міндет болуының шарты екенін көрсетеді, яғни, адамға амал міндет болу үшін – иман қажет. Ендеше, тағы да екеуінің екі түрлі ұғым екенін байқаймыз.

         Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Маған Жебірейіл періште «Үмметіңнен Аллаға ортақ қоспастан дүниеден өткендер жұмаққа кіретіндігін айтып сүйіншіле!», - деді. Мен ««Зина жаса да, ұрлық қылса да жұмаққа кіре ме?», - деп сұрап едім. Ол «Иә», - деп жауап берді», - дейді. Сонда Әбу Зәрр (р.а.) «Зина жаса да, ұрлық қылса да жұмаққа кіре ме?» - деп сұрайды. Алла елшісі (с.ғ.с.) «Иә, тіпті, арақ ішсе де», - деп жауап береді[4].

         Бұл хадистен де үлкен күнә жасау адамды иманнан айырмайтындығын, демек, амал мен иман екі бөлек нәрсе екенін түсінуге болады.

         Дегенмен, Әһлу сүннет ғалымдарының пікірі бойынша «Амал мен иманның екі бөлек нәрсе болуы – олардың арасында ешқандай байланыс жоқ» дегенді білдірмейді. Адам иман негіздерін шын жүрекпен қабылдағаннан кейін, діннің міндеттерінің ешбірін орындамауы немесе тыйым салынған нәрселерді оп-оңай істеуі мүмкін емес. Бұлай істеу – Ислам дінін тек қана танымдық жүйе ретінде шектеп қояр еді. Сондай-ақ, ешқандай амалы жоқ иманның уақыт өте келе жоғалып кету қаупі де бар. Сондықтан, амалды иманнан толықтай бөлек нәрсе деуге келмейді. Амал – иманның жемісі болып саналады.

Қорыта айтқанда, иман – амалдың қабыл болуының шарты. Ал, амал – иманның қуаттылығы үшін қажетті нәрсе.  

Саят Хасенов
Нұр-Сұлтан қаласы,
«Төлебай» мешітінің ұстазы


[1] Шәһристани, Ниһәятул иқдам, 470.
[2] Бәқиллани, Тәмһид, 85, 390; Ғазали, Қауағидул ақаид, 260 бет.
[3] Бақара сүресі, 277 аят; Иунус сүресі, 9 аят; Худ сүресі, 23 аят.
[4] Бұхари, Сахих, №6443.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру