АЛЛАНЫҢ НАЗАРЫ -  ЖҮРЕКТЕ

27 наурыз 2023 4677 0
Оқу режимі

Жүрек – иманның, махаббаттың, ниеттің, үміт пен үрейдің орыны болғандықтан Ихсан ілімі осы жүрек амалдарын зерттеуге аса мән береді. Жунейд әл-Бағдади: «Шынайы ихсан жолындағы адам деп – жүрегін Алла Тағаладан өзгеден тазартқан адамды айтамыз», - дейді.

Шейх Ахмад Заруқ (Алла оны рақымына алсын): «Сопылық жүректерді тазартып, оны тек Алланың өзіне ғана арнауды мақсат тұтады. Фиқһ ғылымы амалды түзету жолдарын білуді, жүйені сақтауды, үкімдер арқылы даналықты көрсетуді мақсат етеді. Таухид ғылымы ең басты мәселелерді дәлелдер арқылы жүзеге асыруды және иманды сенімділікке толтыруды мақсат етеді. Медицина адам баласының тәнін емдесе, грамматика дұрыс сөйлеу ережелерін үйретеді»,-деген.

Ибн Закуан: «Сопылық ілімі – өмірде адамның алдынан шығуы мүмкін барлық жағдайларға қатысты жүрек дерттерімен айналысады», - дейді.

Ендеше, рухани кемелдену жолындағы адам жүрек мәселесіне аса мән беріп, ондағы дерттерді барынша емдеуге тырысуы қажет. Себебі, жүректің дұрыс болуы адамның бүкіл іс-әрекетінің дұрыс болуына, бұрыс болуы – адамның бүкіл іс-әрекетінің бұрыс болуына ыкпал етеді. Кейбір даналар жүректі кеменің басшысына теңеген. Өйткені кеменің қай тарапқа бағыт алуы, басшының бұйрығына байланысты.

Хакім Абай он жетінші қара сөзінде: «Кайрат, ақыл, журек ушеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгініпті» деп бастап, соңында осы ушеуінің таласына ғылымның былай дегендігін айтады: «Үшеің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Қудайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, Құдай Тағала әрдайым
қалпыңа қарайды деп кітаптың айтқаны осы», - депті.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағаланың
назары жүректе болатындығын айтып:

«Расында Алла Тағала сендердің бейнелерің мен дүниелеріңе назар аудармайды, алайда жүректерің мен амалдарыңа назар аударады», - деген (имам Мүслим).

Пәни дүниеде адамдар өзге адамның сыртқы келбетіне, киім киісіне қарап бағаласа, кияметте адамның ішкі жан-дүниесіне назар аударылатын болады.

Бұрынғы өткен даналар: «Жалған дүниеде қалып кететін тәніңді әсемдегенше, ақыретте өзіңмен бірге мәңгі қалатын жүрегіңе көңіл бөл», – дейді екен.

Али ибн Әбу Талиб (Алла оған разы болсын): «Сәнді бұйымдар мен әдемі киім уақытша ғана көрік береді. Адамның шынайы көркі оның мінезінде. Себебі мінезі көркем кісі адамдарға да, Алла Тағалаға да сүйікті болмақ», деген. Құранда қиямет күні адам баласы жүрек амалдары үшін сұралатындығы баяндалып: «Өзің білмеген нәрсенің соңына түспе. Расында, құлақ, көз және жүрек олардың барлығы сұралады»,-деп айтылған(«Исра» сүресі, 36-аят).  

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына ең  алдымен жүректі түзетіп, оны түрлі дерттерден тазартуға мән беруге шақыратын. Сондай хадистердің бірінде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі
болсын):

(Қолымен) жүрек тұсын нұсқап: «Тақуалық мына жерде», - деп үш рет қайталаған екен. Тақуалық жүректе болғандықтан, ол адамның сөзіне, іс-қимылына қарап өлшенбейді.

Бірде Омар әл-Хаттаб (Алла оған разы болсын) мойнын еңкейтіп, басын төмен салбыратып тұрған адамды көргенде: «Әй, мойны иілген адам! Басыңды көтер. Расында Алладан қорқу адамның мойнында емес, жүрегінде», - деп айтқан екен.

Ендеше, ізгі амалдар, көркем мінез, тақуалық сынды өзге де асыл қасиеттердің бойымыздан табылуы ең алдымен жүрегіміздің дұрыс болуымен тікелей байланысты. Лұқман Хакім ұлына: «Әй, балам! Дүние — түбі көрінбейтін дария іспетті. Парасаттылыққа жетпеген көптеген ғалымдар мен өзге де адамдар сол дарияға батып кетті. Сенің бұл дариядағы жүзуші кемең қанағат етуші жүрек пен Алла Тағалаға деген иманың болсын. Кемеңнің керек-жарағы етіп тақуалық пен құлшылықты ал. Желкені – тәуекел болсын. (Түпсіз дарияға батудан) осылай ғана аман қалуың мүмкін», -  деп өсиет еткен екен (имам Бәйһақи).

Алла Тағала біздің де жүрегімізді өзінің дініне бекем етіп, ізгілікке толған, тәнімізді жақсылыққа бағыттайтын жүректерден болуын нәсіп етсін!

«Ихсан» кітабынан

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру