АЛЛА МЕН ПЕНДЕНІҢ АРАСЫНДАҒЫ МАХАББАТ

03 тамыз 2022 10838 0
Оқу режимі

Ислам дінінде махаббаттың, сүйіспеншіліктің алар орны ерекше. Алла мен пенденің арасындағы махаббаттан басталып, ата-анаға махаббат, Отанға деген махаббат, өз перзенттеріңе деген махаббат, ерлі-зайыптылар арасындағы махаббат, достардың арасындағы махаббат, ізгілік, жақсылыққа деген махаббат деп кете береді. Бұл айтылғандар Құраннан бастау алып, Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерімен қуатталады.  Махаббаттың төресі – Аллаға деген махаббат. Себебі, адамдар өзгеруі мүмкін. Бүгін жақсы көріп тұрғанымызға ертең бірнәрсе үшін ренжуіміз мүмкін. Дәл солай, бүгін бізді жақсы көріп тұрған біреу ертең жек көруі де мүмкін. Ал, «Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер», - деп Абай атамыз айтқандай, Алла еш өзгермек емес.

Алланың пенделеріне деген махаббаты да еш өзгермейді. Әуел баста Алла Тағала Адам атаны жаратқанда, оны мақтап, ерекше құрмет көрсетіп, бүкіл періште атаулыны оған бас игізген. Ендеше, Аллаға деген махаббат, Алланың сүйіспеншіліне ие болуға деген талпыныс та еш өзгермеуі керек. Енді, Құранда осы Алла мен пенденің арасындағы махаббат жайлы не айтылған екен, соған тоқталсақ.

Аллаға махаббат. Кім Алланы жақсы көреді, Алла кімдерді жақсы көреді?! Алланы жақсы көретіндер – Оған шынайы иман келтірген мүмін пенделері. Бұл жайында «Адамдардың арасында (бар әлемнің иесі) Аллаға ортақ қосып, оларды Алланы жақсы көргендей жақсы көретіндер бар. Алайда, Аллаға иман келтірген мүміндердің Аллаға деген махаббаты олардікінен әлдеқайда күшті», - деп, мұсылман адамның Аллаға деген махаббатының бәрінен жоғары екендігін айтады (Бақара сүресі, 165 аят).

Ал, Алла кімдерді жақсы көреді десек, ол жайында көптеген аяттар келген. Соларға кезек берейік:

«Алла жолында дүние мүліктеріңді жұмсаңдар! Дайындықсыз, әзірліксіз болып, өздеріңді қауіпке тікпеңдер! Жақсылық жасаңдар, міндеттеріңді тяинақты орындаңдар! Алла жақсылық жасаушыларды, міндеттерін толық орындайтындарды жақсы көреді» (Бақара сүресі, 195 аят).

«Алла (күнә жасап қойса, өкініп) тәубе етіп, Аллаға қайтушыларды, күнәлардан бойын таза ұстайтындарды (екінші бір мағынасы дәрет алып тазаланушыларды) жақсы көреді» (Бақара сүресі, 222 аят).

«Кімде-кім сөзінде тұрып, аманатқа адал болса, Алланың дегенімен жүрсе, Алла осындай тақуаларды жақсы көреді» (Әли Имран сүресі, 76 аят).

«Алла сабырлы, қиындыққа төзімді, мойымайтын шыдамды жандарды жақсы көреді» (Әли Имран сүресі, 146 аят).

«Бір іске нақты бел бусаң, Аллаға тәуекел ет! Алла тәуекел етушілерді жақсы көреді» (Әли Имран сүресі, 159 аят).

«Оларға кешір, теріс қылықтарын көңіліңе алма! Алла кешірімділерді жақсы көреді» (Мәидә сүресі, 13 аят).

«Алла әділдерді жақсы көреді» (Мәидә сүресі, 42 аят; Хужурат сүресі, 9 аят; Мумтахана сүресі, 8 аят).

«Алла сөзінде тұратындарды жақсы көреді» (Тәубе сүресі 4 аят, 7 аят).

«Алла тазаланушыларды жақсы көреді» (Тәубе сүресі 108 аят).

Құранда, сондай-ақ, Алланың кімдерді, не нәрселерді сүймейтіндігі жайлы да көптеген аяттарда айтылған:

«Алла шектен шығушыларды (яғни, кез келген нәрсенің шегінен шығушыларды) жақсы көрмейді» (Бақара сүресі, 190 аят; Мәидә сүресі, 87 аят).

«Алла бұзғыншылықты, бүлдіргіні, бұзғыншылық жасап, бүлдірушілерді жақсы көрмейді» (Бақара сүресі, 205 аят; Мәидә сүресі 64 аят; Қасас сүресі 77 аят).

«Алла өсімді (процентті) сауда-саттық секілді адал дүние», - деп қасарысқан күнәһар кәпірді жақсы көрмейді (Бақара сүресі, 276 аят).

«Алла (әділетсіз) залымдарды жақсы көрмейді» (Әли Имран 57 аят, 140 аят; Шура сүресі 40 аят).

«Алла мақтаншақ, тәкаппарларды сүймейді» (Ниса сүресі 36 аят; Лұқман сүресі 18 аят; Хадид сүресі 23 аят).

«Алла қиянатшыл, опасыз, күнә жасауда шектен шыққандарды жақсы көрмейді» (Ниса сүресі 107 аят; Әнфәл сүресі, 58 аят).

«Алла жаман сөздің жарияланып ашық сөйленуін жақсы көрмейді. Бірақ, жазықсыз жапа шегіп, зұлымдыққа ұшыраған жанның ашынғаннан айтқан сөзінің жөні бөлек» (Ниса сүресі 148 аят).

«Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» (Әнғам сүресі 141 аят; Ағраф сүресі 31 аят).

Алла Тағала қасиетті Құранында осындай Өзі сүйетін және сүймейтін нәрселерді баяндай келе, пенделеріне Өзінің махаббатына жеткізетін төте жолды былай көрсетеді: «Уа, Мұхаммед! Оларға былай айт: «Егер Алланы шын жақсы көретін болсаңдар, менің (Мұхаммед пайғамбардың) соңымнан еріңдер, мені үлгі тұтыңдар! Сонда, Алла да сендерді жақсы көріп, жасаған қателіктеріңді кешіреді. Алла аса мейірімді, өте кешірімді» (Әли Имран сүресі, 31 аят).

Жоғарыда баяндалған аяттарға зер салып, жақсыларын үйреніп, жаман дегенінен жирене білсек, рухани кемелдікке жетудің бірден бір жолы осы екені айдан анық.

 Ниязов Ержан Исаханұлы
Нұр-Сұлтан қаласы діндерді зерттеу орталығының теолог маманы

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру