АЛЛА БІЗГЕ ЖЕТКІЛІКТІ!

23 қазан 2023 3078 0
Оқу режимі

 Істі Аллаға тапсыру, Оған тәуекел ету, уәдесіне сену, бергеніне ризашылық таныту, Ол туралы жақсы ойда болып, көмегін күту – иманның жемістерінің бірі және нағыз мұсылмандық сипат. Істің соңы жақсы болатынына сенген мұсылман әр ісінде Раббына арқа сүйеп, әрдайым көмегіне, қамқорлығына, қолдауына ие болып отырады.

Ибраһим пайғамбар отқа тасталған кезінде періште келіп: «Көмектесуге рұқсат ет» дейді.

Сонда Ибраһим пайғамбар Жаратушы Иесіне арқа сүйеп:

 «Алла бізге жетеді, Ол неткен жақсы қамқоршы» деген еді.

 Оның осы тәуекеліне дән риза болған Алла Тағала тәнді жандырар отты оған жанына жайлы етіп салқындатқан жоқ па еді? Ибраһим да дүниедегі ең жақсы күндері сол отта өткізген қырық күнім деп, Алла ол жерді жаннаттай жайнатып қойғанын айтқан.

Адам баласы жалғыз өзі айналасында орын алып жатқан жайттарға төтеп бере алмайды, өйткені ол әлсіз болып жаратылған. Тек Раббысына тәуекел етіп, сенім артса және ісін Оған тапсырса ғана күш-қуаты артпақ.

Кері жағдайда бейшара, дәрменсіз пенде басына қайғы түссе, одан құтыла алмай әбігерге салынады. Құранда да: «Егер мүмін болсаңдар, Аллаға ғана тәуекел етіңдер» («Мәидә» сүресі, 23-аят),- деп айтылған.

Пайғамбарымыз да (с.ғ.с.) осы тұрғыда әрдайым былай деп дұға ететін:

«Уа, Алла Тағалам! Саған ғана бойсұндым. Бір Өзіңе иман келтірдім. Саған ғана тәуекел еттім және күнәларым үшін тәубе етіп, бір Өзіңе қарай бет бұрдым. Сенің қолдауыңмен (дұшпандарға қарсы) күрестім.

Уа, Алла Тағалам! Сенен басқа Тәңір жоқ. Тура жолдан тайдырып жіберуіңнен қорқып, Ұлылығыңа сиынамын. Сен өлмейтін мәңгі Тірісің. Ал жындар мен адамдар өлім құрығынан құтыла алмайды».

 Қайғыдан құтылудың бір жолы − «Аса құдіретті Аллаға тәуекел еттім! Алла бізге жеткілікті, Ол неткен жақсы қамқоршы» деп дұға етуі керек.

 Тіпті малың азайып, қарызың басыңнан асып кетсе де:

«Алла бізге жеткілікті, Ол неткен жақсы қамқоршы» деп дұға қыл.

Егер дұшпаннан қорқып, бойыңды үрей билесе:

 «Алла бізге жеткілікті, Ол неткен жақсы қамқоршы» деп өз-өзіңе басу айт. Себебі Жаратқан Жаппар ие былай деп сүйіншілейді: «Раббың сен үшін жетекшілік пен көмекшілікте жетіп асады!» («Фұрқан» сүресі, 31-аят).

Егер тірілтуші де, жан алушы да, ризық беруші де бір Алла болса, онда неліктен адамдардан үрейленесің? Адамдарға сенім артып сүйеніп, ризалықтарын іздегендердің, соларға жақындаушылардың, оларды көп мақтаушылардың және зияндықтарынан қорқатындардың қайғы мен уайымға салынғанын талай көреміз. Міне, бұл иманның әлсіздігінен.

 

Пікірлер Кіру