ӘКЕНІҢ ҮШ МІНДЕТІ

30 қыркүйек 2024 821 0
Оқу режимі

Әкенің баласының алдындағы үш міндеті бар.

Біріншісі дүниеге ізгі ұрпақ әкелетін иманды жар таңдау. (Болашақ балаларыңның алдымен анасын таңдау.)

Құнарлы топыраққа түскен дәннен ғана дәмді жемістер шығады. Жаны сұлу болмаса, сыртқы сұлулықтың маңызы аз. Бойына халқының салт-дәстүрін сіңірген иманды әйелден ғана ибалы ұрпақ өрбиді.

Иманды бір деп алыңыз, сұлу болса тағы бір нөл қосыңыз. Бағасы он есе артты ма? Егер ол қыз текті әулеттен болса тағы бір нөл қоссаңыз бағасы жүз есеге өседі. Егер бай болса тағы бір нөл қосыңыз, құны мың еседен асып түседі.

Ал егер ол қыз ата-анасының тәрбиесін көрмеген, имансыз болса алдындағы бірді алып тастаңыз. Бір кетсе, қалған артықшылығы нөлге айналады. “Әйелді ері ұстамайды, ары ұстайды”. Арлы әйелден абыройын сақтайтын қыз, арына дақ түсірмейтін, топқа түсетін ұл туады.

Әкенің екінші міндеті баласына көркем есім қою. Адамның есімінде көп нәрсе тұр. Баламның бағы жансын деп қазақ ұлына “Бақдәулет”, “Бақашар”, “Бақытбек”-деген есімдер таңдаған. Қызым қылықты болсын-деп “Қырмызы”, “Қызғалдақ”, “Құралай” сынды есімдер берген. Жақсы есім баламның бағын ашады, жолын ашады деген ниетпен әрине.

Үшінші міндеті ұлына текті жерден қыз таңдап үйлендіру, қызын иманды, өсіп-өнген әулеттің ұлына ұзату екен. Біз балаларымыздың балабақшадан бастап өміріне араласамыз. Бойжеткен қызымызбен ержеткен ұлымыз отау құрарда өзің біл деп жүкті өздеріне артамыз. Мұның дұрыс емес екенін өмірдің өзі дәлелдеді.

Жастықтың жалынымен үйленіп, оты сөнгенде отбасынан ажырап жатқан жанұялардың саны қанша ма? Бесіктен белі шықпаған баласына “Бесікқұда” атанған қазақ, “Анасын көріп қызын алған, аяғын көріп асын ішкен” емес пе еді?

Құтты жеріне қонған қызы да, текті әулеттен, тәрбиелі қыз алған ұлы да ұлағатты ұрпақтың бастауы екенін қазақ халқы жақсы білген. “Ұлым арам болса, арам болсын, келінім адал болсын”-деген қазақ.

Ұлағаты ұрпақ тек адал келіннен өрбитінін жақсы білген. Балам бақытты болсын десең балаңның алдындағы үш міндетіңді ұмытпа бауырым….

Мақсат СҚАҚОВ

Пікірлер Кіру