АДАМДАРДЫ РЕНЖІТУДЕН САҚ БОЛУ КЕРЕК

03 қараша 2023 2462 0
Оқу режимі

 Ислам діні бойынша адамдардың жаратылысында ешқандай айырмашылық жоқ. Адамдардың бір-бірінен жоғары болуы тек тақуалығы, ілімі және ізгілігі арқылы болады. Басқаша мүмкін емес. Сондықтан ешкім өзін құқылы санап, жоғары санап басқаларының намысына, қадіріне тисе алмайды. Сол себепті исламда ғайбат айту, мазақ қылу, жала жабу, жамандау сияқты ұсқұнсыз нәрселерге барынша тыйым салынған. Алла Тағала Хужурат сүресінің 11-аятында былай дейді (мағынасы): «Әй мүміндер! Бір ел, бір елді тәлкек қылмасын. Бәлкім олар өздерінен жақсы шығар. Сондай-ақ әйелдер, әйелдерді келемеждемесін. Бәлкім олар өздерінен жақсы шығар. Бір-біріңді міндемеңдер; жаман ат тағыспаңдар». 

Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір күні сахабаларына: «Тақырға отырған (банкрот) кім білесіңдер ме?» - деп сұрады. Олар: «Біздің ойымызша тақырға отырған адам ақшасыз қалған кісі» - деп жауап берді. Пайғамбарымыз былай деді: «Менің үмметімнің тақырға отырғаны қиямет күні намаз, ораза, зекетпен (тағы көп ғибадатпен) келеді. Бірақ ол пәленшеге ұрысқан, пәленшеге жала жапқан, пәленшенің мүлігіне қол сұққан, пәленшенің қанын төккен, пәленшені атқан. Сосын оның сауаптары (дүниеде ақысы өткен) осы кісілерге бөліп беріледі. Ақысын төлеп бітпей жатып сауабы бітсе, олардың күнәсінен алынып, мұның мойнына жүктеледі. Сосын тозаққа тасталады». 

Омар ибн Хаттаб (р.а.) зекет жинаушыларға айтқан көркем сөзінде былай деген: «Сендерді салтанатты өмір сүріп, үкім беріп, менменсу үшін тағайындамадым. Сендер тура жол шырағы боласыңдар, бәрі сендердің іздеріңнен жүреді. Сондықтан мұсылмандардың құқығын қорғаңдар. Мұсылмандарды ұрып, қиындыққа ұшыратпаңдар. Лайық болмағандарды мақтап, еркелетпеңдер. Есіктеріңді беттеріне жауып күштілер әлсіздерге әлімжеттік жасатпаңдар. Өздеріңді мұсылмандардан жоғары санап, оларға зұлымдық жасамаңдар»

 

 

Пікірлер Кіру