Абдурахман ибн Ауфтың тақуалығы

06 маусым 2023 3331 0
Оқу режимі

Бірде Мәдина қаласына бір кісі келіп, Абдуррахман ибн Ауфтың үйін сұрастырады. Адамдар оның үйі Мәдина қаласынан бес шақырым қашықтықта орналасқан Жараф елді-мекенінде екенін айтты. Сол аймақтағы жердің барлығы да Абдуррахманның меншігінде болатын. Әлгі адам Абдуррахманның үйін қиналмай тауып алды. Ол үстіндегі шапанын шешіп тастап, қолындағы күрекпен жерден су шығарып, құдық қазып жатыр екен. Жанына келіп сәлем берді. Абдуррахман оның сәлеміне жауап берді. Содан соң ол бірнеше сұрақ қойды.

- Осы бізге келген Ислам діні сендерге де келіп, бізге түскен Құран сендерге де түскен бе? Біздің білетін нәрсемізді сендер де білесіңдер мe?

- Иә. Саған келген нәрсе бізге де келген. Сен білетін нәрсені біз де білеміз, - деді Абдуррахман.

- Онда неге біз дүниеден бас тартамыз да, ал сендер дүниеге белшеден батып өмір сүресіңдер? Біз неге Алла жолындағы жихад десе, орнымыздан ұшып тұрамыз да, ал сендер жер бауырлап жатып аласыңдар? Сендер бұл үмметтің ең алғашқы буыны және Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көзін көрген сахабалар емессіңдер ме?

- Расында да солай. Сендерге келген нәрсе бізге де келген. Сендер білетін нәрсені біз де білеміз. Бірақ біз басымызға қиын заман туғанда сабырлық танытқанымызбен, заман түзеліп қуанышқа толы күндеріміз көбейіп, молшылық уақыты келгенде сабырлық таныта алмай қалдық, - деді Абдуррахман ибн Ауф.

Ал, шын мәнінде оның осыған дейінгі бар өмірі Алла жолында мал мен жанды құрбан етумен өткен еді. Абдуррахман ибн Ауф адал дос, керемет сұхбаттас еді. Бірде ол бір топ мұсылмандармен дастарқандас болды. Олардың алдына түрлі тағамдар қойылып, ет пен нан толтыра салынған табақтар тартылып жатты. Сонда Абдуррахман алдындағы дастарқанға қарап жылап жіберген екен. Жанында отырғандар себебін сұрағанда ол: «Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі де, оның отбасы да арпадан жасалған нанды тойып жей алмай бұл өмірден өтіп кетті. Мен кейде бізге ақыретте берілетін жақсылықтардың бәрін осы дүниеде жеп тауысып қойдық па деп қорқамын», – деп жауап беріпті.

"Жәннатпен сүйіншіленген он сахаба" кітабынан

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру